
немесе газеттің ең алғашқы бас редакторы қалай тағайындалды?
Бірде Масат «Жастар газетін шығарайық деп жатырмыз, соған кімді бас редактор тағайындаймыз? Ұсынысың бар ма?» деп сұрады. Табан астында не дерімді білмей, «Оны ойлану керек қой» дедім.
Көп ұзамай кабинетіме Болат досым келді. Тегін жүрмегенін ішім сезді. Ойым алдамапты. Шаруасы жастар газетіне бас редактор болып, қиын шаруаның жауапкершілігін өз мойнына алу екен. Масатқа барса, «Досыңмен ақылдасшы» депті. Досы – мен. Өйткені екеуміз ұрысссақ та, талассақ та бірге жүретінбіз.
Бөкең сөйдеген соң, «Дұрыс, жақсылап шығар онда жастар газетін» дедім. Болатым қанат бітіп, ұшатын қырандай қомданып қалды. Сол бетте Масатқа барып, «Досым қолдап отыр» депті. Бірақ Масат «мақұл» деп, мен «дұрыс» дегенмен іс бітпейді. Болат енді облыс әкімі Бөрібай Жексембинге кіріп, әңгімелесуі керек. Осы сыннан сүрінбей өтсе, бас редактор «креслосына» қонжияды.
Бөрібай да еркін ойлайтын басшылардың бірі. Салған жерден:
– Газетіңді қандай ғып шығарайын деп жатырсың? – деп сұрапты.
Мұны маған кейін Болаттың өзі айтып берді.
– Мен шығаратын газет облыстық «Aq jol»-ға ұқсамайтын болады, – депті Бөкең салған жерден.
Болаттың әңгімені ай-шай жоқ облыстық газеттен бастағанына Бөрібай Жексембин күліп жіберіп:
– Дұрыс айтасың, тура «Aq jol»-ға ұқсаса, бірін бірі қайталап отырған газетке жұрт қалай жазылады? Оның қажеті қанша? – дейді.
Сөйтіп Масатқа «Ұсынған кадрың дұрыс ойлай біледі екен» деп, Болаттың кандидатурасын бекітіп жібереді.
Бірақ бұл әңгіменің бірінші жағы. Екінші жағы «Облыс әкіміне мақтауын асырған Болатымыздың газеті қандай болар екен?» деген ой мазалай бастады. Бұрыннан шығып келе жатқан газет болса, сол таптаурын ізбен «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» ілдалдалап жүре беруге болады. Ал бұл әлі шықпаған газет. Оның үстіне «Aq jol»-ға ұқсатпаймын, одан мүлде бөлек болады» деп облыс әкіміне уәде беріп қойды. Көңілдің алаң болатыны да содантұғын.
***
Бір күні «Aq jol» газетінің редакциясындағы жігіттерден «AR-AI» газетінің алғашқы саны жарыққа шығыпты» деген хабар естідім. Газет шықпай тұрған кезде Болаттың «атын «AR-AI» деп қоямын» дегенін естіп «Ондай ат көп қой» дегем, журналист, жазушы Әшірбек Көпішев ең алғаш бас редактор болған баяғы «Арай» журналы есіме түсіп. «Жоқ, біздікі одан басқаша. Бұл – «Арай» емес, «Ар-Ай» болады деп, Ар сөзіне салмақ түсірген Бөкең. «Түсіндім» дедім.
Сол «AR-AI» шығыпты деген соң, жаппар құлда жан бар ма, «Aq jol» газетінің редакциясына жеттім. Өйткені Болат «алдымен «Aq jol»-дағы әріптестерім таныссын» деп бір құшақ газетті сонда әкеліп тастапты. Біреуін алдым да қарай бастадым. Газеттің қағазы «Aq jol»-дыкіне» ұқсамайды. Жіңішке, ұзын. Баспахана тілінде мұндай форматты D2 дейді.
Бірақ баспаханада сол тұста ондай қағаз жоқ болған соң жалпақ қағаздың екі шетін арнайы станокпен кесуге тура келген. Ең бастысы, бұрын бұл өңірде жоқ пішінмен шығыпты. Мақалаларды орналастыруы да еркін, қатып қалған ескі қалыптан ада. Тақырыптары да жастарға лайық. Түрлі-түсті бояулары да көздің жауын алып тұр.
Айналдыра шоли қарап кеп газеттің аты «айқайлап» тұрған бірінші бетіне қайта оралдым. Нөмірін қарап едім, жақша ішіне тұратын нөмір жоқ болып шықты. Ақылжан Мамыттың кабинетінде тұрғам, «Бәрі дұрыс, бәрі жақсы екен, бірақ жақшаның ішінде тұратын нөмірді ұмытыпты. Жақша ішіндегі нөмір келесі жылы да, одан арғы жылы да, тіпті, жүз, мың жылға дейін жалғаса береді. Ал жақшаның алдындағы нөмір газет шыққан күннен бастап жылдың аяғына дейін ғана көрсетеді» дедім.
Ақылжан:
– Газетті әкеп беріп кеткен кезінде «Егер газетімнен қате табатын бір адам болса, ол Көсемәлі досым» деп кеткен еді, – деп күледі.
«AR-AI»-дың алғашқы бас редакторының қалай тағайындалып, алғашқы нөмірімен қалай танысқаным туралы өз басымнан өткізген дерегім мен дәйегім осы.
***
Содан кейін біраз уақыт өткен. Жастар газеті жұрттың асыға күтетін, рахаттана оқитын газеті болып шықты. Тараз мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірген, бірақ жұмыссыз жүрген көптеген жастар осы газетке тілші болып орналасты. Болаттың бір біліктілігі, жастарды редакцияға көптеп тартты. Сонымен бірге зейнет демалысында жүрген белгілі балалар жазушысы Әлдихан ағаға (Қалдыбаев) қызмет ұсынып, газет ісіне араластырды. Әлдеш аға абыз ақсақалдай жастарға жазудың қыр-сырын үйретті. Тәжірибелерін айтты. Бірде осы жастар газетіне мен де бір мақала бердім. Соны алайын деп барып едім, Әлдекең жұмыстан қайтып бара жатыр екен, бұрылып барып сәлем бердім. «Мақалаңды оқыдым. Жастарға осылай жазу керектігін айттым» деп көңілімді бір көтеріп тастады. Мұндай әңгімені Нұрболат Әлдибектің де айтқаны есте.
Тағы бірде, ол беріректе енді, облыстық «Aq jol» газетіне бас редактор болып тағайындалған кезім. Келе сала газеттің макетін, дизайнын, рубрикаларын (айдарларын), мақалалардың тақырыптарын өзгертіп, түн жарымына дейін кабинеттен шықпай жұмыс істедім. Сол кезде ғой Қаржау Сағынтаев ағаның:
– Бас редакторларды әртістерден қою керек екен ғой, – деп әлденеге риза болған кезіндегі өзіне тән жұмсақ мінезімен, әдемі күлкісімен тіл қатқаны.
– Қайдағы әртіс? Кімді айтып тұрсыз? – дедім таңғалып.
– Болат екеуіңді айтамын? Ол да, сен де газетті құлпыртып жібердіңдер ғой.
Бақсам Болат екеуміз ылғи «тойда» да, «бойда» да бірге «айқасып» жүргенге Қаржау ағамыз мені де «сахна серісі» деп ойлайды екен. Өз ойына сеніп қалғаны сонша, анық-қанығын ешкімнен сұрамаған ғой.
– Жоқ, Қареке, мен әртіс емеспін. Мен таза журналист, жазушымын. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргенмін. Ал Болат ініңіз ә дегенде Жамбыл облыстық мәдени-ағарту училищесін тәмамдаған. Облыстық қазақ драма театрында әртіс болып, Әлдихан ағаның «Шаншар атай» атты пьесасындағы Санатбай деген баланың рөлін керемет ойнап шыққан. Ол спектакль кезінде Лениннің бәленбай жылыншы мерейтойына орай кеңес одақтарының бірінде өткен үлкен конкурста бас жүлдеге ие болған. Режиссері Тұрар Дүйсебаев еді. Болат кейін Ойық ауылындағы Мәдениет үйінің директоры болып, сонда ұжымының «Халық театры» атағын алуына режиссер ретінде үлкен үлес қосқан, – деп досымның еңбектерін тізбелеп жатырмын.
Қаржау аға болса:
– Мен қайдан білейін, әртістер құсап той-томалақтарда көп жүруші едіңдер ғой екеуің. Содан кейін да «бұл әртістерден мықты бас редактор шығады екен» деп ел-жұртқа айтып жүргенім, –деп жымиып тұр.
***
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембин (2004-2009 жж.) мен облыстық ішкі саясат департаментінің басшысы Масат Берік тұсауын кескен газетке де, міне, жиырма жыл да болып қалыпты. Жиырма деген нағыз жалындаған жас қой. Ал сол кезде Болат екеуміз 46-47 деген жаста екенбіз.
«AR-AI»-дың бүгінгі бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек кешегі өз шәкіртім. «Aq jol»-да» жүргенде жазған мақаласына дән риза болатынмын. Қалам тигізбей жіберетінмін нөмірге. Бір жолы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен республикалық айтыстан жазған мақаласына шын көңіліммен тәнті болып, алғыс айтқаным есімде. «AR-AI» газетіндегі аяқ алысына да риза болып, тілектес болып жүрмін. Құдай қаласа, әлі де қолдап, әлі де ақыл-кеңесімді беріп жүрем.
Жиырма жылдықтарың құтты болсын, «AR-AI»-дың» айналайындары!
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, журналист,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері