
Газет-журналдарды есепке алу қиын шаруа емес. Сөз бостандығы салтанат құрған қоғамда бұл жұмысқа шектеу қойылмайды. Мәселе басылымды қалыптастыруда. Міне, Жамбыл облыстық «AR-AI» жастар газетінің осы үдеден табылып, 20 жылдан бері тұрақты жарық көріп келе жатқандығы қуантады.
Республика көлемінде тарайтын жастар басылымдары бұрыннан бар. Дегенмен, аймақтар арасында осындай бастаманың алғаш болып қолға алынғандығы көпке үлгі екендігі сөзсіз. Бұл ел ағаларының жастарға деген қолдауының жарқын көрінісі. Есесіне «AR-AI» газеті қаламгер болғысы келетін қаншама жасқа серпіліс берді, сенімділік сыйлады. Осы ортада еңбек жолын бастаған өрімдей жастар қазір айтулы азаматтарға айналды. Редакция қабырғасында небір тың дүниелер өмірге келді.
Өзім қарашаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет атқаратындықтан жастардың жайын жақсы білемін. Бүгінгі жастардың талғамы да, талабы да, талпынысы да бөлек. Сондықтан да басылым заманауи трендтерден қалмай, өскелең ұрпақтың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қоса береді деп сенемін.
Жастар басылымының жиырма жылдық белесі құтты болсын!
Қанат ӘУЕСБАЙ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
«Журналистика» факультетінің деканы