
2000 жылдардың басында өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін мемлекеттік жастар саясатына ерекше мән беріле бастағаны белгілі. Сол кезеңде Әулиеата өңірі жастар орталықтарын құрып қана қоймай, республика бойынша теңдесі жоқ бастаманы қолға алды – жастардың өз газетін шығарды. «Басылым жас ұрпақтың АРын асқақтатып, әппақ АЙдай таза болуына ықпал етсін» деген ізгі ниетпен қойылған атауы да оқырман жүрегіне бірден жол тапты.
Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт ішінде «AR-AI» өз тиімділігін толықтай дәлелдеді. Газет редакциясында талай жас тілшілердің шоғыры қалыптасып, шығармашылық шыңын бағындырды. Бұл мектептен түлеп ұшқан мамандар бүгінде еліміздің беделді басылымдарында, маңызды мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарда жемісті еңбек етуде.
Жастардың шеберханасына айналған «AR-AI» жаңа есімдердің жарқырап көрінуіне жол ашты. Газеттің әр жылдардағы тігінділерін парақтай отырып, асқақ арман мен асыл мұраттың, шалқар шабыт пен шаттықтың, жастық жігер мен жасампаз рухтың үйлесімін сезінеміз. Басылым беттерінде жарық көрген ойлы мақалалар мен салмақты сараптамалар, сүбелі сұхбаттар мен әсерлі әңгімелер, өткір өлеңдер мен орамды ойлар оқырманға әрдайым рухани олжа сыйлап келеді.
Ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан жалынды жастардың жаршысына айналған «AR-AI» газетінің ғұмыры ұзақ, оқырманы көп болғай!
Құрметпен, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев