
Иммуногистохимиялық зерттеу диагнозды нақтылау қажет болғанда, гистологиялық талдау біржақты нәтиже бермеген жағдайда, жаңа өскін түрі мен метастаздың алғашқы ошағын анықтау үшін қолданылады. Сонымен қатар, бұл әдіс ісіктің қаншалықты қатерлі екенін, өсу қарқыны мен таралу ықтималдығын бағалауға, сондай-ақ гормондық, химиялық немесе сәулелік терапияға сезімталдығын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ең тиімді емдеу тәсілін таңдауға жол ашады.
Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры Жандос Сейдахметовтың айтуынша, зерттеу үдерісінің толық автоматтандырылуы материал дайындаудан бастап бояуға дейін – адам факторынан туындайтын қателіктерді азайтып, нәтижелерді алу уақытын едәуір қысқартуға сеп болды. Бұрын гистологиялық талдау үшін үлгілерді Алматыға немесе «Олимп» зертханасына жіберуге тура келетін. Нәтижелер кейде бір айға дейін күттіретін. Енді қажет ақпаратты 3-5 күн ішінде алуға болады. Бұл емдеуді дер кезінде бастап, науқастың сауығу мүмкіндігін арттырады.
Иммуногистохимия нақты жағдайда қай дәрі-дәрмек тиімді болатынын анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда орталықта бұл аппараттың көмегімен сүт безі мен асқазан ісіктері зерттелуде. Бұл үшін төрт негізгі маркер – эстроген және прогестерон рецепторлары, HER2/neu және Ki-67 қолданылады. Осы көрсеткіштер дәрігерге ісіктің гормонға сезімталдығын, агрессивтілігін және нақты емге реакция беру мүмкіндігін бағалауға жағдай жасайды. Нәтижесінде әр науқасқа жеке, барынша тиімді және ағзаға жеңіл емдеу тактикасын таңдауға жол ашылады.
Орталықтың патоморфолог-дәрігері, үлкен тәжірибесі бар зертхана меңгерушісі Марина Катышева бұл аппараттың сатып алынуын онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудегі үлкен серпіліс деп бағалады. Бұған дейін мұндай зерттеулер өңірде қолжетімсіз еді, ал енді олар тікелей орталық қабырғасында жүзеге асырылады.
Жаңа технологияның енгізілуі – орталық қолға алған пилоттық жобаның бастамасы. Алдағы уақытта зерттеу аясын кеңейтіп, лимфома және өзге де ісік түрлерін диагностикалау жоспарланып отыр. Бұл жаңашылдықтар дер кезінде әрі дәл диагноз қоюға, емдеу болжамдарын жақсартуға және науқастардың өмір сапасын арттыруға мол мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аталмыш орталықта Қытайдың KFBIO компаниясы шығарған KF PRO 120 цифрлық сканері орнатылып, толық іске қосылды. Жоғары технологиялы бұл аппарат тін үлгілерін (микропрепараттарды) микроскопиялық зерттеуге арналған цифрлық кескіндерге өте жоғары дәлдікпен және айқындықпен айналдырады.
Енді онкоорталықтың дәрігерлері ісік тіндерінің цифрлық бейнесін жылдам әрі ыңғайлы түрде зерттеп, өзара пікір алмаса алады немесе нақты диагноз қою үшін қашықтан кеңес алуға жолдайды. Жүйенің басты жаңалығы – Санкт-Петербургтегі Клиникалық морфологиялық диагностика жөніндегі ұлттық орталықпен тікелей байланыс орнауы. Осы серіктестіктің арқасында күрделі жағдайлар бойынша сараптамалық қорытынды бар болғаны үш күн ішінде дайын болады.
Бұған дейін күрделі диагноз қою қажет болғанда, тін үлгілері Алматыға жіберіліп, нәтижені күтуге алты айға дейін уақыт кететін. Мұндай кешігулер диагнозды уақытылы қою мен емдеуді бастауда елеулі қиындықтар туғызатын.
Қазір телепатологияның көмегімен мамандар қысқа мерзім ішінде жоғары деңгейлі сараптамалық қорытынды алып, дәл әрі тиімді емдеу тактикасын таңдай алады. Сонымен қатар, зерттеулердің цифрлық форматта жүргізілуі мәліметтерді ұзақ уақыт сақтап, бұрынғы нәтижелермен салыстырып отыруға мүмкіндік береді. Бұл – дерттің даму динамикасын бақылау мен емдеу тәсілін дер кезінде түзетуде аса маңызды.
Жандос Сейдахметов телепатология жүйесінің іске қосылуы аймақтағы онкологиялық көмек сапасын арттыру жолындағы үлкен қадам екенін айтады.
– Бұл – пациенттердің уақытын үнемдеумен қатар, отандық және шетелдік жетекші орталықтардың мүмкіндіктерін біріктіре отырып, нақты диагноз қою мен тиімді ем жүргізуге жол ашатын инновациялық технология, – деді ол.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі