
Жалпы Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қор 1992 жылы құрылып, 33 жылдан бері ұлы тұлғаның еңбегін халыққа кеңінен танытып, таныстыру, өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Ал қордың облыстық филиалы 1996 жылдың қараша айында құрылған. Облыстық филиалды әр жылдары Баттал Жаңабайұлы, Болат Қасенов, Сағи Жабасов, Самбет Айтқұлов, Аманкелді Сланов, Даниярбек Айтбекұлы, Мәмбет Күшікбаев, Ақынбек Бектаев, Марс Үркімбаев, Күләш Назарбекова, Алтынбек Садырбаев, Амангелді Карентаев, Әлімбек Жұмабаев сынды тұлғалар басқарған. 2023 жылдан бері Қибат Асқарбеков облыстық филиалдың төрағасы ретінде жемісті еңбек етуде.
Амангелді Смағұлұлы облыстық филиал ғимаратындағы Дінмұхамед Ахметұлының еңбек, өмір жолдарынан сыр шертетін шығармалармен, естеліктермен танысып, қор жұмысына оң бағасын берді.
– Біріңіз білсеңіздер, біріңіз білмессіздер, Тараз қаласында волейболдан республикалық жарыс өтіп жатыр. Өзім жетекшілік ететін «Буревестник» командасы да осы турнирге қатысуда.
Таразға келіп тұрып, Дінмұхамед Ахметұлының орталығына бас сұқпай кеткенім жарамас. Жарыс аяқталған соң командамызбен да арнайы келіп, Димаш атамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым ететін боламыз.
Әрине қазақтың кемеңгер ұлы Дінмұхамед Ахметұлы туралы таңды таңға ұрып айтуға болады. Мен негізі өзімді тарихи адаммын десем де болады. Димекеңнің Қазақстанды 25 жыл басқарғанын жақсы білесіздер. Сол жылдары ол кісінің көптеген комиссары, көмекшісі, басқарушысы болды. Ең соңғы комиссары мен болдым. Бұл қызметті үш жылдай атқардым. Кейін ол кісі зейнетке шықты. Бірақ қайтыс болғанша қасында болдым.
Шынымды айтсам, Димекеңнің қасында жүрген 10 жылда бірде-бір оғаш қылығын, кемшілігін көрмеппін. Біреуге дауыс көтергенін де естімеппін. Нағыз бекзат болмысты тұлға еді. Сондықтан мұндай ғасырда бір туатын тау тұлғаның өмір жолын, елге сіңірген еңбегін бүгінгі ұрпаққа барынша насихаттау керек. Бүгін облыстық филиалдың жұмысымен танысып, осы бағытта жемісті жұмыс атқарып жатқанын көріп отырмын. Бірақ бір мәселені ескерте кеткім келеді. Сіздерде де жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, осындағы тарихтан сыр шертетін ескі суреттерді, қолжазбаларды жаңартып қойғандарыңыз дұрыс. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Амангелді Смағұлұлы.
Басқосуда Қибат Тілеуқұлыұлы филиалдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен, атқарылған жұмыстармен, алдағы жоспарлармен таныстырды. Дастарқан басындағы емен-жарқын әңгіме барысында зиялы қауым өкілдері де сөз алып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Ал «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бас директорының орынбасары Азамат Есалы облыстық басылымдарда Дінмұхамед Ахметұлының елге сіңірген өлшеусіз еңбегін халыққа насихаттау мақсатында тұрақты түрде мақалалар жарияланып тұратынын айтты. Сондай-ақ А.Есалы құрметті қонаққа серіктестікке қарасты «Aq jol», «AR-AI» газеттерін және «Tekturmas» журналын сыйға берді.
Талғат НҰРХАНОВ