Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жолды сапасыз салуға жол берілмейді

Жолды сапасыз салуға жол берілмейді
А.Рысмахан
Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Онда жол құрылысы жұмыстарының барысы және қысқы кезеңге дайындық жайы қаралды. Жиында облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов баяндама жасады.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, биыл жол саласына 28 миллиард теңге бөлініпті. Соның есебінен 184 жобаны іске асыру аясында 17,7 шақырым көше жолдары мен 6 көпір құрылысы, ұзындығы 8 шақырым болатын жолдар қайта жаңғыртудан өтуде. 440,5 шақырым жолдар орташа жөндеумен қамтылуда. Осы жобаның 23-і 2024 жылдан өтпелі болса, қалған 161-і жаңа жоба, оның 23-і келесі жылға өтпелі. Аталған жобалардың бүгінде 136-сы аяқталып, 48-інде тиісті жұмыстар жалғасып жатыр екен.

– Облыстық маңызы бар жолдар бойынша 7 жоба жоспарланған. Оның екеуі келесі жылға өтпелі. Бүгінде 7 жобаның алтауы аяқталды, 1 өтпелі жобада бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жұмыстар әлі де жалғасуда. Десе де 15 қазанға толық аяқталады. Аудандық маңызы бар жолдар бойынша 17 жоба іске асырылуда. Оның екеуі келесі жылға өтпелі. 3 жоба бойынша жұмыстар жалғасуда, қалған жобалар аяқталды. Қайта жаңғырту, құрылыс нысандары бойынша 15 жобаның 14-і келесі жылға өтпелі. Бүгінде 10 нысанда осы жылға жоспарланған жұмыстар бітті. 5 жобада жұмыстар жүргізілуде. Елді мекен көшелерін орташа жөндеу бойынша барлығы 145 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның төртеуі келесі жылға өтпелі. 40 жоба аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аудандар мен қала әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес іске асырылып жатқан жобалар осы жылдың 1 қарашасына дейін аяқталады. Пайдалануға берілмей қалу қаупі бар нысандар жоқ. Дегенмен біздің жүргізген мониторингтік жұмыстар бірқатар нысанның өндірістік кестеден кешігіп жатқанын көрсетіп берді, – деді Мұрат Құттыбайұлы.

Өз кезегінде облыс әкімі жол жөндеу барысында сапасыз орындалған жұмыстар мен мерзімінен кешіккен нысандар бойынша кемшіліктер бар екенін еске салды. Осыған қатысты аймақ басшысы тиісті мердігерлерге, жалпы жолдың сапасы мен жауапкершілігіне қатысты қандай шаралар қолданылып жатқанын аталған басқарма басшысынан сұрады. Одан бөлек, қысқы мезгілде жолды күтіп ұстауда арнайы техникалардың жетіспейтінін айта келе, бұл бағытта жұмысты тиімді ұйымдастыру, қыстыгүні жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанына назар аударды.

М.Саурықовтың айтуынша, есепті мерзімде тиісті міндеттемелерді орындамаған мердігерлерге 3,2 миллион теңге айыппұл салыныпты. Бір мердігерді жосықсыз деп тану үшін сотқа арыз жолданыпты. Автожолдарды қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына дайындық барысында өткен айдың ортасына дейін мердігерлерді анықтау рәсімдері аяқталып, қазіргі уақытта инертті материалдар қорын толық дайындау, жол техникаларының жағдайын тексеріп, қыс мерзіміне әзірлеу, өндірістік базалар мен бокстарды жұмыс деңгейіне келтіруді аяқтау, 1 қарашаға дейін қысқы уақытша жол белгілерін орнату шараларын жүргізіліп жатыр екен.

Жиында белгілі болғандай, Жуалы ауданында қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына мердігерді анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері әлі аяқталмапты. Сол секілді Жамбыл ауданында мемлекеттік сатып алу конкурсы «Баға ұсынысын сұрату» тәсілімен жарияланған көрінеді. Талас, Т.Рысқұлов аудандары бойынша қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына мемлекеттік сатып алу рәсімдері мүлдем ұйымдастырылмапты. Осы секілді тиісті кемшіліктер бойынша облыс әкімі Тараз қаласы мен бірқатар аудан әкімдерінен жауап алды. Сондай-ақ «Қазавтожол» акционерлік қоғамы облыстық филиалы мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы басшыларының жауаптарын да тыңдады.

– Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары, сондай-ақ жолдарды қысқы кезеңге дайындау тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан бұл жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуына ерекше назар аударылуы тиіс. Барлық жауапты тұлғаларға қойылған міндеттерді нақты мерзімде және белгіленген талаптарға сай орындау жүктеледі. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Тараз қаласы мен аудан әкімдері заңнама талаптарына сәйкес, жол жөндеу жұмыстары аяқталмай отырған жобалар бойынша жұмыс қарқынын жеделдетіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін толық аяқтауды қамтамасыз етуі қажет. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» жүргізген сараптама нәтижелері бойынша анықталған барлық сәйкессіздіктер тиісті зертханалық мәліметтер базасында толық ретке келтірілуі тиіс. Жуалы, Жамбыл, Талас және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдері заңнама талаптарына сәйкес, қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына арналған мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жедел аяқтап, мердігер ұйымдар тарапынан дайындық жұмыстарын 25 қазанға дейін толық қамтамасыз етуі қажет. «Қазавтожол» акционерлік қоғамы облыстық филиалы республикалық маңызы бар жолдарды қысқы күтіп-ұстау мәселелерін тұрақты бақылауда ұстап, тиісті дайындық шараларын күшейтсін. Қысқы кезеңге дайындық аясында инертті материалдар мен арнайы техникалардың дайындығы 25 қазанға дейін толық қамтамасыз етілуі тиіс, – деді.

Бұдан кейін азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайы қаралды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар