Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жасанды интеллект қызметін реттейтін заң қабылданды

Жасанды интеллект қызметін реттейтін заң қабылданды
Автор
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында комитеттер бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Парламенттің төменгі палатасы жалпы отырыста «Жасанды интеллект туралы» және онымен байланысты ілеспе тағы заңды екінші оқылымда қабылдады. Заң жобаларын негізгі баяндамада таныстырған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева заң жобаларын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мәжіліс депутаттары әзірлегеніне тоқталды. Заң арқылы алғаш рет жасанды интеллект, модель, жүйе, деректер кітапханасы, синтетикалық нәтиже сынды жаңа құқықтық ұғымдар орнықтырылып отыр.

Бұл заң жобалары Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға құқықтық негіз қалайды. Жобалар азаматтардың қауіпсіздігіне, деректерді қорғауға және инновацияларды қолдауға бағытталған.

– Заң жобасында жасанды интеллектіні пайдаланудың негізгі этикалық қағидаттары бекітілген. Олардың ішінде адам құқықтарының басымдығы, жұмыстың қауіпсіздігі мен ашықтығы бар. Жасанды интеллект құқықтық қатынастардың субъектісі ретінде танылмайды. Адам барлық шешімге жауапты болып қала береді. Жасанды интеллектіні әзірлеу және енгізу үшін Ұлттық платформа құрылады. Ол деректер кітапханаларына, жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу және пайдалану ортасына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Заң жобасы әзірлеушілердің есептеу инфрақұрылымына, оның ішінде суперкомпьютерлерге қол жеткізу тәртібін анықтайды, – деді Е.Смышляева.

Депутаттар заң жобаларын қабылдаған соң Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов сөз сөйлеп, еліміз әлемде алғашқылардың бірі болып ЖИ-ді дамытуға дем беретін заңды қабылдағанын атап өтті. Осы заңды әзірлеу барысында цифрландыру саласындағы озық әлемдік тәжірибелер мен тәуекелдердің бәрі ескерілгенін айтты.

– Біз еліміз үшін өте маңызды заңды қабылдадық. Мемлекет басшысы таяудағы Жолдауында алдымызға үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру жөнінде ауқымды міндет қойды. Бұл прогрессивті идеяны Президент бүгін әлемнің ең басты мінбері – Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінен де жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан жасанды интеллектіні технологиялық жетістік деп қана емес, адамзат прогресіне қозғау салатын зор табыс ретінде қарастырады», деп атап өтті. Бұл жаһандық үрдіс екенін көріп отырмыз. Президент атап өткендей, жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің ұлттық басымдығына айналды, – деді Мәжіліс төрағасы.

Е.Қошановтың айтуынша, қабылданған «Жасанды интеллект туралы» Заң – осы бастаманы іске асыру жолындағы іргелі қадам. Ол еліміздің цифрлық дамуын жаңа деңгейге шығаруға жол ашпақ.

Сондай-ақ Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады.

Заң бойынша халықаралық ғылыми жоба байқауларында жүлделі орындарға ие болған оқушыларға бірреттік төлемақы беріледі. Оларды дайындаған педагогтерге де қаржылай өтемақы қарастырылған. Сондай-ақ мүгедек баланы тәрбиелеп отырған немесе І топтағы мүгедек адамды бағып отырған жоғары оқу орындарының түлектерін оқуға арналған мемлекеттік грантты міндетті түрде өтеуден босату ұсынылады. Шетелдік жоғары оқу орындарында резидентура, магистратура, аспирантура және докторантурада оқығандарға өтелім мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. Мемлекет мектептер мен балабақшаларда санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтеді.

Жалпы отырыс барысында депутаттар тиісті мемлекеттік органдарға бағыттаған депутаттық сауалдарын жолдады.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар