
Айтыскер ақын ағаларымыз – Серік Қалиев бастап, Шорабек Айдаров, Әзімбек Жанқұлиев, тағы да басқа қаламгерлер қоштап сол жылдары Жамбылда «Дүние-дастан» деген жастар газетінің де жарыққа шыққаны есімізде. Алайда әлеуметтен әлеуетті қолдау болмаған соң бұл басылымның ғұмыры жарқ етіп жанып, жалп етіп өшкен оттай қысқа болды, жылға жетпеді. Сонда ғой «Дүние-дастан» не болды?» деген сұрағымызға Әзімбек ағамыздың: «Дүние астаң-кестең болды» деп әзілмен жауап беретіні.
Жақсы істің басы-қасында жақсы адамдардың жүретіні бар ғой, кейіннен бұл миссияны баспасөздің өз адамы Болат Бекжанов ағамыз қолға алып, Масат Берік секілді ағаларымыз қолдау беріп «Ар-Ай» деген атпен облыстық жастар газеті жарыққа шықты. Баспасөзде бай тәжірибе жинаған, облыс руханиятында орны бар азамат Болат ағамыз жас журналистерді жанына жиып, «Ар-Ай» газетін ашып ғана қойған жоқ, даңғыл жолға дайындады, кең арнаға салды.
Сол жылдары мен Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аспирантурасында оқушы едім. Болат ағамыз қолқа салып, қолымызға «Ар-Ай» газетінің штаттан тыс тілшісі деген куәлік беріп, газет жұмысына тартты. Тараз топырағынан шыққан – Өмірбек Байгелді, Жандар Кәрібаев, Такир Балықбаев, Сейітқасым Байбеков секілді тұғырлы тұлғалармен салиқалы сұқбат жасап, редакцияға жолдап тұратынмын. Кейіннен кандидаттық жұмысымды қорғауға шығатын болып, соның қарбаласымен «Ар-Ай» газетімен арамды алшақтатып алдым.
Сол «Ар-Ай» жастар газетінің жарыққа шыққанына бүгінде 20 жыл толып отыр екен. 2000 жылдары Әулиеата руханиятына арайлап атқан ақ таңдай әсер қалдырған, небір жас журналистердің ұстаханасына айналған, бүгінде өзіндік бет-бейнесі қалыптасқан, Жамбыл облысы баспасөзінде өз төрі бар «Ар-Ай» басылымының мерейтойы құтты болсын, ата басылым – «Ақ жолдың» жасын да, жолын да берсін деген тілек айтамын.
Шырынбек ҚОЙЛЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты, ақын