
Мектеп бітірген соң «Алматы, құшағыңды аш» деп ҚазМУ-ге құжат тапсырдым. Алайда, журналистика мамандығына грантқа жинаған ұпайым жетпей, ата-анама салмақ салмайын деп қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына тегін оқуға түстім. Осылайша, әдебиетте оқып жүріп, қосымша «Болашақ», «Спорт» газеттеріне мақалалар жазып, факультеттің «Кәусар» газетін ұстазымыз Самал Дәрібаевтың жетекшілігімен шығардық.
Диплом қолға тиіп, ауылға келгенімде бір ағалар ТарМУ-ға жұмысқа шақырды. Құжаттарымды жинап, Таразға алып-ұшып барғанымда ол жұмыстың реті келмеді. «Әр істің бір қайыры бар» демекші, есесіне облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің тілшісі болып шыға келдім.
«Ар-Ай» газетін алғаш рет ауылға келген кезде атамның үйінен көрдім. Жарықтық Смағұл атам «Егеменнен» бастап, «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ақ жол», «Құлан таңы», сондай-ақ «Правдаға» дейін жаздырып оқитынын бала күнімнен білетінмін. Сол кезде үлкендер «Кімнің баласысың?» деп сұрағанда атамның атын айтқанда, «Правданың» баласы екенсің ғой» деп арқамнан қағып жататынын кейін түсіндік ғой. Сол басылымдардың қатарына жаңа газет қосылыпты. Өзі түрлі-түсті, іші де сан түрлі тақырыптарды қамтыған «Ар-Ай» газетін ақтарып отырғанда, атам «Жамбылдың жастары жаңадан газет шығарып жатыр дегенді естіп, поштадан бір-екі санын алып оқыдым. Сөйтіп, сол жерде 1 жылға жаздырып кеттім» деген сөзі әлі күнге есімде.
ТарМУ-дағы жұмыстың реті келмеген соң, атам мақтаған, өзіме де қатты ұнаған «Ар-Ай» газетіне жұмысқа тұруға бардым. «Ар-Ай» газеті бас редакторының сол кездегі орынбасары Гүлнұр мен жауапты хатшы Шолпан әпкелер не себеппен келіп тұрғанымды білген соң бас редактор Болат Бекжановқа кіргізді.
Болат аға қай оқу орнын бітіргенім, не үшін «Ар-Ай»-ға келгенімді сұрап, қолымдағы бір бума құжат, газеттердегі мақалаларды қарап, жарты сағаттай әңгімелескеннен кейін:
«Біз түрлі басылымдарда жақсы жазып жүрген журналистерді өзіміз шақырамыз немесе аға-әпке, ата-анасы баламыздың жазуға икемі бар еді, байқап көрсеңіз деп жібереді. Солардың ішінен таңдап аламыз. Сені мұнда Құдай айдап келіп қалған екен, 1 штат бос еді, сені алайын сол орынға. Спорт газетіне жазып тұрған екенсің, спорт бетін саған береміз. Ертеңнен бастап жұмысқа кіріс. Қалғанын сосын өзіміз үйретеміз»,- деді.
Бас редактордың кабинетінен шығуға ыңғайланғанда «Жанғара Дәдебаев ағайларың сабақ берді ме?» деп сұрады Болат аға. «Иә, бір семестр дәрісін тыңдадық» деп сөзімді бастап келе жатыр едім, «Бір қызық айтайын» деп күліп алды бас редактор. «Жанғара менің жерлес ағам. Ол кісіден алған жарты жыл дәрісіңде өміріңе жетерлік тағылым алды деп ойлаймын. Қайбір күні Жанғара ағай Таразға келген. Ағаммен әңгімелесейін деп бильярдқа шақырдым. Негізі екеуміздің тастаяқ ойынымыз өте тартысты болады. Дәдебаев Таразға күнде келіп жатқан жоқ, әрі газетке сұхбат алып қалайық деп осындағы Есет деген ағаңды алып алдық. Есет-өте елгезек жан. Енді бірге жұмыс істейсің, өзің де көресің ғой. Содан Жанғара ағай екеуміз білек түріп, кім ұтар екен деп шар ұра бастағанбыз. Бильярд ойнайтын шығарсыңдар, кім шар салса, түскен шарды қарсылас алып арнайы орынға үстіне біреуінікін, астына екіншісінікін бөлек-бөлек жинайды. Алғашқы шар түскен сәтте Есет «сіздер ойнай беріңіздер, шарды мен-ақ жинап тұрайын» деп елп ете қалды. Содан қызу ойын басталып, Жанғара ағай екі-үш шар қатар салады, мен де қалыспай салып жатырмын, алма-кезек шар кіріп жатыр. Не керек ойынға қызу кірісіп кетсек керек, есепке қарамаппыз. Бір уақытта Есет «Үсті толды-ы-ы, енді астына қоя берейін бе?» деп қарап тұр...
Болат ағаның бұл әңгімесіне ішек-сілем қатып күліп, әрі жұмысқа тұрғаныма қуанып, өте көңілді күйде ауылға қайттым.
Жалпы, Болат аға бірде әзілдеп, бірде ұрсып отырып газеттің қыр-сырына үйретіп, қаламымызды ұштады, қанатымызды қатайтты.
Өкінішке қарай Болат Бекжанов бұл күнде ортамызда жоқ. Бірақ, бәріміздің жүрегімізде білікті бас редактор, жақсы адам, жайлы басшы ретінде мәңгіге қалды.
Болат ағадан соң «Ар-Ай»-дың бас редакторы болып елімізге танымал журналист Оралхан Дәуіт келді. «Жас Алаш»-та өткір мақалаларымен мойындалған Оралхан аға жастар басылымына жаңашылдық, батылдық алып келді. Бұған дейін жастар басылымы болған соң кей тақырыптарды сипай қамшылап, астарлап жазатын «арайлықтар» Оралхан ағаның тұсында еркін көсіліп, құлаштарын кең сермей бастады. Сол уақытта «Ар-Ай»-да жазған сыннан нәтиже шыққан, ондыққа дәл тиген мақалалар аз болған жоқ. Ол жылдары газеттің хат-қоржынына шалғай ауыл-аудандардан келетін хат өте көп болатын. Оралхан аға оның әрқайсысына бей-жай қарамай, бірімізді Қордайға, екіншімізді Қаратауға дегендей апта аралатып журналистік іссапарға жіберетін. Өзім де Мойынқұмның Ақсүйек ауылына, Шудағы Шоқпар ауылына және басқа да түкпірдегі ауыл-аймақтарға екі-үш күнге арнайы барып, журналистік зерттеу жасап қайтқан кездерім есімде.
Сол жылы маусым айындағы журналистер мерекесін жастар басылымы Құланның тауында атап өттік. Бас редактор сол отырыста: «Жақсы жұмыс істеген адам жақсылап демала да білу керек. Алдағы шілде айында ұжым болып 3 күнге Ыстықкөлге қыдырып қайтсақ деген ұсынысым бар. Кім қолдайды?» дегенде, бәріміз барамыз деп шу ете қалдық. Ол бір керемет, көңілді, есте қалған ерекше сапар болды. Білуімше, ұжым болып осылай шекара асып, саяхаттау басқа өңір, басқа саланы қайдам, Жамбылда болмаған жағдай еді.
Болат аға да, Оралхан аға да қандай жайлы басшы болса, ұжымдағы әрбір әріптесіміз сондай мейірбан, қамқор, еңбекқор жандар еді. «Ар-Ай»-да күні бүгінге дейін еңбек етіп жүрген аңқылдаған Алтынбек аға, шуағын шашып жүретін Шолпан әпкелерден бастап, бүгінде әр қиырда, әр салада қызмет етіп жүрген қыз-жігіттердің барлығын да көрген кезде сағына қауышамыз. Қайбір күні белгілі ақын Хамит Есаманмен әңгімелесіп отырып, «Бірнеше ұжымда еңбек еттің, қай ұжымды сағынып еске аласың?» дегенде, «Ар-Ай» ғой» деп бірден кесіп айтты. Хама айтқандай, «Ар-Ай»-да еңбек еткен әріптестердің бәрінің де «Ар-Ай» газеті үшін шығар да жандары бөлек. Қазір сол «Ар-Ай»-дағы арайлы күндер сағынышқа айналды.
Жастар газетінің қазіргі бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков екеуміз бір-бірімізді мектеп кезінен «сырттай» танимыз. Сырттай дейтінім – Тұрсынбек 11-сынып, мен 10-сынып оқушысы кезімізде газет арқылы айтысқанбыз. Сол жылдары білім басқармасының қолдауымен «Балдәурен – балғын шақ» басылымы жарық көретін. Байқадамдағы бала Тұрсынбектің 2003 жылғы Құландағы жер сілкінісі жүрегін ауыртып, «Қалың қалай, құландықтар?» деп жырына арқау етіпті. Оған мен жауап жазып жібердім. Содан екеуміздің жазба айтысымыз басталып кетті. Бірақ, сол жазба айтыс аяқталмай қалды. Содан ба екен, Тұрекең екеуміз кей тақырыптарда әлі күнге айтысып қаламыз.
«Ар-Ай» газеті бұл күндері де жолынан жаңылмай, бүгінгі күннің талап-сұранысына сай жарқырап шығып жатқанының куәсі болып отырмыз. Оған әрине Тұрсынбек Сұлтанбеков бастаған әріптестеріміздің еңбегін ерекше атап айтқан жөн. «Ар-Ай» газетінің 20 жылдық мерейтойымен жастар басылымында еңбек еткен, еңбек етіп жүрген және жанашыр оқырмандарын құттықтаймын! Шығармашылық табыс, асқақ абырой тілеймін!
Нұрболат ӘЛДИБЕК,
республикалық «Жас Алаш» газетінің
Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі