«Қайрат» – «Реал» матчы: жанкүйерлер билетпен кіре алмай қалғанын айтып наразы болды
- author AR-AY
- Бүгін, 17:05
- 1

30 қыркүйек күні өткен көптен күткен «Қайрат» – «Реал» матчы жанкүйерлердің ашу-ызасын тудырды. Олар билетті қымбат бағаға сатып алғанына қарамастан, стадиондағы ұйымдастырудағы олқылықтар салдарынан ойынға кіре алмағанын айтып шағымданды.
Әлеуметтік желілерде таратылған жазбаларға қарағанда, жанкүйерлер бірнеше сағат кезекте тұрғанымен, турникеттен өте алмаған. Кейбірі билеттері болғанына қарамастан орындарының басқа адамдарға берілгенін мәлімдеді.
– Ticketon-нан 150 мың теңгеге билет сатып алдым. Стадионға кірмек болып 2,5 сағат кезекте тұрдым. Бірақ бізді кіргізбеді. Адамдар кептеліп қалды, ұлым дем ала алмай жатқан соң шығып кетуге мәжбүр болдым. Полиция ешқандай шара қолданбады, – деп жазды бір көрермен.
Тағы бір жанкүйер 250 мың теңгеге билет сатып алғанын айтып, алайда стадионға кіру кезінде «ешкімді кіргізбеу туралы бұйрық болғанын» естіген.
Куәгерлер полиция қызметкерлерінің әрекетін сынға алды. Олардың айтуынша, ұзын-сонар кезекте тәртіп сақшылары көрінбеген, тіпті төбелес те болған. Кейбір жанкүйерлер полиция қызметкерлері ақша алып кіргізді деген қауесет таратты.
Сонымен қатар стадиондағы орындардың артығымен толып кеткені айтылды. Кейбір жанұялар билеті жоқ адамдардың кедергі болғанын жеткізді.
Жанкүйерлер кінәлілерді анықтап, жауапқа тартуды талап етті.