
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен облыс аумағында жастарға әскери–патриоттық тәрбие беру жөніндегі өңірлік Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Кеңеске жергілікті атқарушы органдар, күштік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Басты мақсат – жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, сондай-ақ әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру.
Кеңес отырысында мынадай өзекті мәселелер қаралды:
- Алғашқы әскери даярлық пәнін оқыту сапасын арттыру;
- Мектептерде буллинг, суицидтың алдын алу мақсатында әскери - патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту.
- Әскери - патриоттық клубтардың жұмысын жандандыру және "Жас сарбаз" қозғалысы аясында ұйымдастырылатын іс-шараларды кеңейту;
- Жастар мен әскери құрылымдар арасындағы өзара байланыс пен ынтымақтастықты нығайту;
- Әскери оқу орындарына кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру.
Сонымен қатар, өңірімізде "Арнаулы қызметте бір күн" сынды жаңа форматтағы жобаларды жүзеге асыру перспективалары қарастырылды. Бұл жоба жастардың арнайы қызмет органдарымен танысуына, олардың қызметіне қызығушылық танытуына жол ашады.
Отырыс қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар мен тапсырмалар қабылданды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жергілікті деңгейде үйлестіріліп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.