Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтайық

Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтайық
Автор
Жуырда облыстық төтенше жағдайлар департаментінде орман өртімен күрес шаралары және шомылу маусымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысы қаралды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Арман Смайловтың айтуынша, өңірімізде халқы тығыз орналасқан немесе оларға тікелей жақын, қолжетімді және шомылуға жарамды 117-ден аса су айдыны бар.

– Қазіргі уақытта облыстың су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Осы жылдың басынан бері жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр су айдындарында 4 жағдай орын алған болатын. Статистика көрсеткендей, судағы жазатайым оқиғалар көп жағдайда адамның кінәсінен, өзіне деген сенімділіктің, өз күштері мен мүмкіндіктерін аса бағалаудың, судағы жүріс-тұрыс ережелерін елемеудің, атап айтқанда тыйым салынған және бейтаныс жерлерде шомылудың, масаң күйде болудың салдарынан болады. Қаза тапқандардың басым көпшілігі 19 жастан 45 жасқа дейінгі еңбекке жарамды азаматтар. Биыл қайғылы оқиғалар тіркелмеді десек те, жыл басынан бері суға батқан 10 адам (төртеуі бала) құтқарылды, – деген Арман Нұрланбекұлы облыстық мәслихаттың 2019 жылғы № 38-9 шешімімен өңірдегі 189 орында шомылуға тыйым салынғанын жеткізді.

Сондай-ақ әкім қаулысымен су объектілерінде шомылуға рұқсат берілген 13 орын белгіленген. Аталған 13 учаскеде 9 коммуналдық және 4 жеке жағажай бар екен.

Сонымен қатар демалушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында шомылуға рұқсат берілген орындарда жалпы 8 бақылау бекеті қойылыпты.

Су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі үкіметтік және аумақтық деңгейдегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия мен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы шеңберінде қаралыпты. Оның қорытындысы бойынша су айдындарында адам өлімінің алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешені әзірленген. Су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында кең ауқымды алдын алу шаралары ұйымдастырылып, өткізілген. «Судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша 41 дана баннер, 383 – ескерту және тыйым салу белгілері, 29 – көрнекі стендтер орнатылыпты.

– Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметі және волонтерлік ұйымдармен бірлескен рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде төтенше жағдайлар департаменті тарапынан – 2 224 рейд, жергілікті атқарушы органдармен – 80, полиция департаментімен 140 тексеріс жүргізіліп, іс-шараға барлығы 983 ерікті тартылды. Сонымен қатар 12 500 үгіт материалы таратылды. Жазғы кезеңде су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережелері БАҚ арқылы кеңінен насихатталды. Бұл бағытта түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылып, ақпарат радиода жарияланды, әлеуметтік желілерде және баспасөз беттерінде мақалалар жарық көрді. Халықтың, әсіресе балалардың назарын аударуға бағытталған акциялар мен флэшмобтар өткізілді. Осы орайда 69 әлеуметтік бейнеролик дайындалып, 72 рет радио арқылы, 65 рет теледидар арқылы көрсетілді. Сондай-ақ газет-журнал беттерінде 96 мақала жарияланып, 60 рет халықпен кездесулер ұйымдастырылып, оған 600 адам қатысты. Әлеуметтік желілерде 192 ақпарат жарияланды. Бұдан бөлек білім беру мекемелерінде 60 интерактивті сабақ өткізіліп, 14 500 оқушы қамтылды, – деді А.Смаилов.

Шомылу маусымы басталғаннан бері адамдардың суда жаппай демалу орындарында бірлескен рейдтер өткізу барысында 88 бұзушылық анықталыпты. Саралай айтсақ, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 364-бабы – «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 1 180 адам жауапкершілікке тартылса, 440-бап – «Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болу» бойынша 1 595 адамға хаттама толтырылып, жалпы сомасы 15 миллион 670 мың 530 теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ 412-бап – «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау» негізінде 38 адамға хаттама рәсімделіп, 522 мың 959 теңге айыппұл өндірілген.

Жазғы маусым суға айдындарындағы қауіппен ғана емес, дала өрттерінің жиілейтін кезеңімен де ерекшеленеді. Осы ретте облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дархан Қалдырбек өрт қауіпті кезеңінің аяқталуы және жылыту маусымының басталуы туралы айтып берді.

Маманның айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында 659 өрт тіркелген. Салдарынан 3 адам қаза тауып, 13 адам жарақат алыпты.

– Тілсіз жаудан келген материалдық шығын 72 миллион 250 мың теңгені құрады. Дейтұрғанмен өткен жылмен салыстырғанда өрттердің саны 12,6 пайызға, адамдардың қаза болуы 2 есеге және жарақат алғандар саны 20 пайызға азайғанын айтпай кетуге болмайды. Сондай-ақ биыл облыс аумағында қоғамдық резонанс тудырған ірі өрттер тіркелген жоқ. Өрттердің алдын алу бағытындағы жұмыстарға қарамастан, кінәлі тұлғаларға қатысты биыл 524 әкімшілік жаза қолданылды. Оның ішінде 125 адамға жалпы сомасы 3 миллион 588 мың теңге айыппұл салынса, 399 тұлғаға ескерту берілді. Бұдан бөлек, облыс аумағында улы газбен уланудың 7 оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 10 тұрғын зардап шегіп, 1 адам қаза тапты. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда улы газдан зардап шеккендердің саны 2 есеге артты. Былтыр дәл осындай 5 жағдай тіркелген болатын, – деді Дархан Өскенбайұлы.

Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу мақсатында департамент қызметкерлері жергілікті полиция қызметі және волонтерлермен бірлесіп 417 мыңнан астам ауланы аралапты. Сонымен қатар 2 225 жиын өткізіліп, 596 мыңға жуық адамға нұсқау беріліпті. Тұрғындар арасында 441 мыңнан аса жадынама мен нұсқаулық таратылған.

Сол секілді биыл облыс аумағындағы барлық 15 орман шаруашылығында шартты табиғи өртті сөндіру бойынша 8 өрт-техникалық жаттығу, сондай-ақ Қырғыз Республикасымен трансшекаралық табиғи өртті жою бойынша «Шекара – 2024» арнайы тактикалық жаттығу өткізіліпті.

– Республикалық маңызы бар ұзындығы 1 237 шақырым автожолдың 1 074 шақырымында, облыстық маңызы бар 1 943 шақырым автожолдың 712 шақырымында және ұзындығы 840 шақырым теміржолдың 104 шақырымында орман екпе ағаштары бар аумақтарда өртке қарсы жырту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар 30 мамырға дейін толық аяқталды. Сонымен қатар «Автокөлік жолдарды ұстау, ағымды және күнделі жөндеу кезінде жүргізілетін жұмыстар түрлерінің классификациясын бекіту туралы» Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2024 жылғы 26 қыркүйектегі №532 бұйрығына сәйкес, автокөлік жолдарындағы өртке қарсы жырту жұмыстары тек қана екпе ағаштарының бойында жүргізілетіні айқындалған. Қазіргі уақытта орман және дала өрттерінің алдын алу мен оларды болдырмау бағытында әлеуметтік желілерде белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. 82 адамнан тұратын 16 мобильді топ құрылып, олардың күшімен орман алқаптарында 904 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде орманды-дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу деректері бойынша 447 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 282 адамға жалпы сомасы 3 миллион 795 мың теңге айыппұл салынса, 165 тұлғаға ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылды, – деген Дархан Қалдырбек жылыту маусымына дайындық мәселесіне де тоқталды.

Алдағы жылыту маусымы 2025 жылғы 15 қазаннан 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін жалғасады. Маусымды қауіпсіз өткізу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 29 тамыз-26 қыркүйек аралығында облыс аумағындағы тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын өткізуде. Айлық барысында тұрғын үй секторындағы өрттер мен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу және жол бермеу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарын тарту арқылы профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу шеңберінде 3 222 тұрғын үй араланып, көппәтерлі, каркас-қамысты, тұрмыс жағдайы төмен үйлерге басты назар аударылуда. Барлығы 6 632 тұрғынмен әңгімелесулер жүргізіліп, QR-код арқылы жадынамалар таратылған. Жылу беру маусымы кезінде өрт салдарынан адамдардың қаза болуының алдын алу үшін 6 632 азаматқа нұсқаулық беріліп, жылыту пештерін, электр қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша 3 055 адамды қамтыған 186 жиын ұйымдастырылыпты.

Облыс аумағындағы 881 тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзушылықтары анықталған. Оның ішінде автономды жылыту жүйелеріне қатысты – 604, электр желілері мен электр қондырғыларына қатысты – 978, ал басқа бағыттар бойынша 170 кемшілік тіркеліпті. 2025 жылғы 1 маусымнан бастап әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың үйлерінде 84 датчик орнатылған. Оның ішінде улы газды анықтайтындары – 61, табиғи газды анықтайтындары – 23.

– 2025-2026 жылғы жылыту маусымы қарсаңында жергілікті атқарушы органдар тарапынан улы және табиғи газды анықтау датчиктерін сатып алу жұмыстары төмен деңгейде жүргізілуде. Жүргізіліп жатқан түсіндіру және профилактикалық жұмыстар өрт қауіпсіздігі деңгейін көтеруге, сонымен қатар облыстың тұрғын үй қорының өртке қарсы қорғалуын күшейтуге ықпал етеді деп үміттенеміз. Айта кетерлігі, 2025-2026 жылғы жылыту маусымына жергілікті атқарушы органдар тарапынан Сарысу ауданында – 500, Мойынқұм ауданында – 200 және Қордай ауданында 180 улы газ датчиктері сатып алынып, орнатылуда. Т. Рысқұлов ауданында – 300, Шу ауданында – 200, Меркі мен Талас аудандарында 100 және Байзақ ауданында 60 дана өткен жылғы маусымнан қалған датчиктер орнатылуда. Улы және табиғи газды анықтайтын құрылғыларды қажет ететін әлеуметтік осал топтағы отбасылардың саны Тараз қаласында – 950, Жуалы ауданында – 228, Жамбыл ауданында 85 отбасыны құрайды. Дегенмен, бұл өңірлерде датчиктерді сатып алу және орнату жұмыстары жүргізілмеген, – дейді Д.Қалдырбек

Облыс бойынша құрылғыларды орнату жұмыстары жалғасуда. Тараз қаласында 590 үйдің 467-сіне датчик қойылыпты. Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов, Қордай, Талас және Сарысу аудандарында барлық үйлер толық қамтылыпты. Ал Меркі ауданында 217 үйдің 100-іне, Жуалыда 228 үйдің 148-іне, Шу ауданында 449 үйдің 278-іне, Мойынқұм ауданында 86 үйдің 62-сіне орнатылған.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар