
«Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі әлі де өзекті.
Осы ретте, «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру керек.
Былтырдың өзінде осы жоба аясында 845 мың адам сауатын жетілдіріп, заңгерлік кеңес алды.
Түпкі мақсат – халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету» – деді Президент.
Жалпы 2023 жылдың сәуірінен бастап жүзеге асырылып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты – азаматтарға қаржылық және құқықтық көмек көрсету, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, азаматтардың банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша проблемалық қарыздарын шешуге көмектесу.
«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев жоба азаматтарға қаржыны дұрыс басқаруды үйретіп қана қоймай, алаяқтықтан қорғану дағдыларын қалыптастыратынын және кәсіп ашуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
– Біз «жалақы – төлем – жаңа қарыз» шеңберін бұзып жатырмыз. «Қарызсыз қоғам» жобасы азаматтарға үш түрлі тірек болып отыр: білім беру, құқықтық тұрғыда қорғау және берешекті өтеудің ыңғайлы жаңа кестесін әзірлеу. Президентіміз қаржылық қолдауды жалғастыру жөнінде нақты міндет қойды. Сондықтан жобаны алдағы уақытта да жалғастыра береміз. Біз үшін оқу сертификаты емес, нәтиже маңызды. Отбасылар қарыз қамытынан құтылуы керек және несиеге өмір сүрмеуге тиіс,– дейді Э.Жұмағазиев.
Ал «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Дәулет Мұқаев келтірген деректеріне сүйенсек, биылғы жылдың ақпаны мен тамыз айлары аралығында жоба аясында 110 мыңнан астам адам тегін заңгерлік кеңес алыпты. Сондай-ақ жоба шеңберінде іскен қосылған CALL-орталыққа күн сайын шамамен 3 мыңға жуық қоңырау түседі екен. Бұл тұрғындардың қызығушылығы мен сұранысының жоғары екенін айғақтайды.
– AMANAT» партиясының Астана қаласындағы кеңсесінде 40-қа жуық заңгер жұмыс істейді, өңірлерде тағы ондаған маман еңбек етеді. Былтырдың өзінде 845 мың адамға көмек көрсеттік, ал биыл 1 миллион қазақстандықты қамтығымыз келеді,– деді Д.Мұқаев.
«Қарызсыз қоғам» жобасы бүгінде қарапайым кеңес берумен ғана шектелмей, азаматтарға істің басынан соңына дейін жан-жақты қолдау көрсететін толыққанды жүйеге айналды. Мамандар телефон арқылы кеңес берумен қатар, талап-арыздар әзірлеуге көмектеседі, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) рәсімдеуге жәрдемдеседі, тіпті банкроттық процесін жүргізуге дейін бірге жүреді. Алаяқтық фактілері анықталған жағдайда материалдар Қаржылық мониторинг агенттігіне және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолданады.
Жобаның атқарушы директоры Олжас Ордабаевтың айтуынша, биылдың өзінде жалпы қарыз көлемі 28 миллиард теңгеге жеткен 40 мыңнан аса азамат көмек сұраған. Мамандардың араласуының нәтижесінде 1 миллиард теңгеден аса берешек есептен шығарылып немесе қайта құрылымдалған. Айыппұлдар мен өсімпұлдар алынып тасталып, төлем кестелері жеңілдетілген.
О.Ордабаев «Қарызсыз қоғам» жобасында оқу бөліміне көп көңіл бөлінетінін атап өтті. Қарыз қамытынан құтылу, сауатты бизнес-жоспар әзірлеу және грант бағдарламаларын пайдалану туралы 24 онлайн-сабақ әзірленіпті. Онлайн-сабақты оқығандар «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізіліп, жеке кәсібін бастауға мүмкіндік алуда.
Облысымызда да қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы тиімді жүзеге асырылуда. Облыс бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Алтынай Молдашеваның сөзіне сүйенсек, биыл жоба аясында оқытумен 25 200 адамды қамту жоспарланған. Бүгінге дейін 19 558 тұрғын оқытылса, 3 129-ы тұрғын банк есепшоттарын бұғаттауды, нотариалдық әрекеттерді жасауға тыйым салуды алып тастауға, 977-сі жеке банкроттылыққа беруге, 15 452-сі несиені өтеу бойынша қарызды қайта құрылымдау рәсімі бойынша құқықтық көмек алған.
– Жоба аясында оқытумен 2023 жылы 11 215 адам қамтылса, 2024 жылы 10 591 тұрғын қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша оқу курсынан өтті. Биыл оқыту курстарымен офлайн режимде 7 605 облыс тұрғыны қамтылды. 2025 жылғы 1 маусымнан бастап жоба толығымен онлайн режимге көшті, қаржылық сауаттылық бойынша оқыту «https://qogamfin.kz» платформасында жүргізіледі. Платформаға 23-тен астам бейне сабақтар жүктелген. 11 953 тұрғыны онлайн режимде сабаққа қатысты. Жоба жеке қаржыны тиімді басқару және қаржылық қиындықтардың алдын алу үшін білім мен пайдалы құралдарды ұсына отырып, қаржылық әл-ауқатты жақсартуға бағытталуда. Бұл жобада азаматтардың қаржылық біліктілігін арттырумен қатар, қарызын заң аясында реттеуге құқықтық көмек көрсетіледі. Құқықтық мәселелер туындаған кезде «Қарызсыз қоғам» жобасының заңгерлері адамдарға қарыздарды қайта құрылымдау, арест шешу, банкроттық және басқа да қаржылық мәселелерді қоса алғанда, түрлі жағдайларды жеңуге көмектеседі. Аталмыш бағдарлама халыққа міндеттерді тиімді шешуге және заңға сәйкес әрекет етуге мүмкіндік беретін кәсіби көмек ұсынады. Қызметтердің барлығы тегін,– дейді Алтынай Боранбайқызы.
Жобаға қатысып, оқу курсынан өткен азаматтардың басым бөлігі банкроттық рәсіміне қатысты көмек сұраған. Оларға кредиттік есепті түсіндіру, жеңілдетілген төлем кестесін жасау сияқты кең ауқымды түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Мәселен, Жамбыл ауданының тұрғыны Самат Ақылбаев жоба жеке қаражатты дұрыс басқаруға және оны тиімді бағыттарға жұмсауға көмектескенін айтады.
– «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы алғаш рет таныстарымнан естідім. Кейін өз бетімше ізденіп, жобаның пайдалы екеніне көзім жетті. Сондықтан да оқу курсына қатысуға шешім қабылдадым. Осылайша курсқа қатысып, қаржылық сауаттылығымды арттырдым. Басты мәселем несиелерімді банкроттыққа беру еді. Негізі қарызым 700 мың теңге болатын. Мамандардың көмегінің арқасында несием толық кешірілетін болды,– дейді Самат Жарқынбекұлы.
Ал Қордай ауданының тұрғыны Медет Ұзақбаевтың айтуынша, «Қарызсыз қоғам» жобасы несиесін өтей алмай, шоттары бұғатталған азаматтар үшін үлкен мүмкіндік.
– Ауданымызға 5-6 ай бұрын жоба жетекшілері келгенде жиындарына қатыса алмадым. Кейін сол курсқа жазылып, жемісін көрген адамдармен сөйлескен соң бірден оқуға жазылу бойынша өтінім бердім. Себебі несием өтелмегендіктен шотым бұғатталып, банк жүйесінде ақша айналымы тоқтап қалған еді. Бұл кедергілерді жою үшін заңгерлер көп көмек көрсетті. Қазір оқып жатқаныма 15 күнге жуықтады. Қарызым 2 миллионға жуық болатын. Есепшотым бұғаттан шешілді. Банкроттыққа да сот арқылы өтінім бердік. Енді соттың шешімін күту ғана қалды,– дейді Медет Ұзақбаев.
Халықтың қамын ойлап, қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған бұл жоба әлі талай азаматтың мәселесін шешуге септігін тигізері сөзсіз. Сондықтан жобаның қызмет аясы кеңейіп, жұмысы әрдайым сәтті болсын деген тілек білдіреміз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ