
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Тараз қаласы мен облыстың барлық аудандарынан 400-ден астам жас қатысты.
Форумның алғашқы бөлігі аудандық Жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылды. Мұнда белсенді жастар шеберлік сағаттарын өткізіп, түрлі жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Ал аудандық мәдениет үйінің алаңында 10 арнайы шатыр тігіліп, жастардың түрлі бағыттағы тың жобалары, қолөнер туындылары, инновациялық бастамалары мен шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме – ауыл жастарының әлеуетін көрсетіп, олардың тың идеялары мен еңбектерін жұртшылыққа паш еткен ерекше алаң болды.
Форум аясында жастар үшін маңызды тақырыптар талқыланды. Атап айтқанда, «Заң және тәртіп» қағидасы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәдениеті, сондай-ақ Президент Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттер бойынша мазмұнды баяндамалар жасалды. Сонымен қатар, жастар саясаты саласында атқарылған жұмыстарды қамтитын бейнеролик көрсетіліп, қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салды.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов форум қатысушыларына құттықтау сөзін арнап, жастардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды:«Бүгінгі форум – ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Біз сіздердің әрбір идеяларыңызды қолдауға, жаңа жобаларыңыздың іске асуына барынша жағдай жасауға дайынбыз. Болашағымыз – білімді, белсенді жастардың қолында», – деді ол.
Іс-шара соңында өңірдің бірқатар белсенді жастары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. "DIGITAL AUYL" форумы ауыл жастарының әлеуетін ашып қана қоймай, жастарға тәжірибе алмасуға, жаңа идеялармен бөлісуге және ортақ бастамаларды дамытуға үлкен мүмкіндік болды.