Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Оқыту лагерінің берері мол

Оқыту лагерінің берері мол
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек» – деген болатын.

Осы тұрғыда облыс жастары Мемлекет басшысы артып отырған сенімге сай белсенділік танытып келеді. Соның айқын дәлелі облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Т.Рысқұлов ауданындағы «Тауқымыз» демалыс аймағында өткен «BOLASHAQ JASTAR QUATY– 2025» атты жастар ресурстық орталықтары мамандары мен жастарға арналған бейресми оқыту лагері. Аталған лагерьге өңірдегі жастар ресурстық орталықтарының мамандары және өз саласының белсенді жастары қатысты.

Лагерьдің ашылу салтанатына облыстық полиция департаментінің басшысы Бауыржан Жанаев пен облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы арнайы қатысты. Спикерлер жастармен жүздесуде өңірде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік жастар саясаты мен «Заң мен тәртіп» қағидатын бірден-бір жүзеге асырушы жастар екенін атап өтті. Ашылу салтанатының соңында мемлекеттік жастар саясатын дамыта отырып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосқан белсенді жастар алғыс хаттармен марапатталды.

Бірінші күннің екінші бөлігінде топтық жұмыстар ұйымдастырылып, жастар лагерьдің бағдарламасына сәйкес ұлттық ойындардан бақ сынады. Сонымен қатар қатысушылар өз топтарын таныстыру үшін сахналандырылған көріністер қойып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Өңірлік жастар лагерінің екінші күні «Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалы мамандарының семинар-тренингінен басталды. Семинар-тренингте кеңесші-мамандар балаларға ұлттық қор бойынша мүмкіндіктер және «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасына кезегіне тұру мәселелері жөнінде түсіндірді.

Бұдан кейін жастар логика мен ұшқыр ойды қажет ететін зияткерлік сайыстарда бақ сынады. «Қоғамдағы отбасы құндылықтарының алатын орны мен маңызы» тақырыбында №7 Бетқайнар колледжінің директоры Гүлнар Әлімбаева дәріс оқыды. Сондай-ақ қатысушылар әртүрлі спорт түрлерінен сайыстарға түсіп, қоғамға пайдасы тиетін жобаларын ұсынды.

Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиевтің айтуынша, бейресми оқыту лагері өңір жастары үшін ерекше маңызды алаңға айналды.

– Лагерьде жастар өзара тәжірибе алмасып, жаңа идеяларын ортаға салып, көшбасшылық қасиеттерін шыңдады. Біз үшін ең бастысы – жастардың елдің дамуына жауапкершілікпен қарауы, қоғамдық тәртіп пен ұлттық құндылықтарды дәріптеуі. Лагерь барысында өткен семинар-тренингтер мен пікірталастар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, ал түрлі спорттық, зияткерлік және шығармашылық сайыстар олардың бірлігін арттырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдардағы Жолдауында атап өткендей, білімді әрі жаңашыл жастар – елдің ертеңі. Біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз, – дейді А.Қадыралиев.

Бейресми оқыту лагерінің үшінші күні қорытынды марапаттау рәсімі өтті. Үздік деп танылған топтар І, ІІ, ІІІ орындарға ие болып, үздік топ жетекшілері, мамандар мен қатысушылар алғыс хаттар иеленді. Жеңімпаз командаларға дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар табысталды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар