
Кездесуге Қытайдың Ланьчжоу политехникалық университетінен келген қытай тілі оқытушылары Ло Цзюань, Ван Хайсяо және Ван Сяоли, Оңтүстік Корея Республикасынан корей тілі маманы Сонг Ю Ха, сондай-ақ «Fulbright» бағдарламасының стипендиаты, АҚШ азаматы Эмма Ким және АҚШ Елшілігінің Қазақстандағы өкілі Жанайдар Дүзгенбай қатысты. Дулати университеті тарапынан Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова, Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы әрі «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің деканы Гүлнұр Исабекова, қытай тілі оқытушысы Амина Шамшиева және 4-курс студенті, корей тілінің аудармашысы Айлара Жолдығұлова қатысты.
Жиында университеттің Қытай, Оңтүстік Корея және АҚШ-пен орнатқан әріптестік байланыстары кеңінен сөз болды. Мәселен, маусым айында Ланьчжоу политехникалық университетінің делегациясы Таразға арнайы келіп, екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді. Соның нәтижесінде 2025 жылдың 9 қыркүйегінен 31 желтоқсанына дейін Дулати университетіне үш қытай тілі оқытушысы шақырылды. Бұл қадам студенттердің тілдік дағдыларын жетілдіруге үлкен мүмкіндік бермек. Сонымен қатар Оңтүстік Корея Республикасы Елшілігінің Білім беру орталығы мен университет арасындағы келісім негізінде Сонг Ю Ха есімді шетелдік ғалым да осы уақыт аралығында университеттің «Әлем тілдері» кафедрасында жұмыс істейді. Ол дәрістермен қатар Оңтүстік Кореяның тарихы мен мәдениетін, білім беру жүйесін кеңінен таныстырады.
АҚШ тарапынан «Fulbright» бағдарламасының стипендиаты Эмма Ким 2025 жылдың 10 қыркүйегінен 2026 жылдың 30 маусымына дейін студенттермен бірге жұмыс атқарады. Ол ағылшын тіліндегі сөйлесу клубтарын, түрлі семинарлар мен мәдени шараларды ұйымдастырып, жастардың тілдік қабілеті мен дүниетанымын кеңейтуді көздейді. АҚШ Елшілігінің Қазақстандағы өкілі Жанайдар Дүзгенбайдың келуі де екі ел арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын тереңдетудің айғағы болды.
Кездесу барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Қазбекұлы сөз сөйлеп, халықаралық ынтымақтастықтың оқу орны үшін аса маңызды екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, шетелдік оқытушылардың келуі студенттерге сапалы білім алуға тың мүмкіндіктер ашады.
– Әр елден келген мамандар студенттеріміздің дүниетанымын кеңейтіп, жаңа көзқарастар қалыптастыруға ықпал етеді. Университет қабырғасында көпмәдениетті орта қалыптасса, ол жастарды ашық ойлы, бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелейді, – деді Мұхтар Қазбекұлы.
Сондай-ақ ректор шетелдік әріптестерге жылы лебізін білдіріп, бірлескен жобалардың жемісті боларына сенім артты. Ол сондай-ақ университеттің халықаралық деңгейдегі беделін арттыру үшін мұндай әріптестіктердің аса қажет екенін айтты.
– Ғылым мен білім саласында шекара жоқ. Біздің мақсат – тәжірибе алмасу арқылы өзіміздің мүмкіндіктерімізді кеңейтіп, студенттерімізге үздік үлгілерді жеткізу, – деп толықтырып өтті М.Байжұманов.
Жиын соңында шетелдік мамандар да өз пікірлерін білдіріп, университет басшылығына жылы қабылдауы үшін алғыс айтты.
– Қазақстанға алғаш келуіміз болса да, бізді өте жылы қарсы алды. Университет ұжымының ықыласы мен студенттердің білімге деген құштарлығы ерекше әсер етті, – деді Эмма Ким.
Ал кореялық оқытушы Сонг Ю Ха өз сөзінде: «Мен үшін студенттерге Корея мәдениеті мен тілін таныстыру – үлкен мәртебе. Осындай мүмкіндікті бергендеріңізге ризашылығымды білдіремін» деді.
Кездесу достық әрі сенімді қарым-қатынаста өтті. Қатысушылар алдағы бірлескен жұмыстардың жемісті боларына сенім білдіріп, университеттің халықаралық беделін арттыру жолындағы ортақ қадамдарды талқылады. Жиынның жалпы қорытындысы – шетелдік мамандардың келуі мен бірлескен жобалардың басталуы университеттің халықаралық байланыстарын жаңа деңгейге көтерді. Бұл қадам оқу орнының әлемдік ғылым мен білім кеңістігіне еркін кірігуге деген талпынысының артып келе жатқанын айқын көрсетті.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ