Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кристаллды қолдан өсіруге болады

Кристаллды қолдан өсіруге болады
Автор
Қазақстанның жері табиғи байлыққа бай. Ал осындай ортада өсіп-жетілген жастардың ғылымға, оның ішінде химияға қызығушылығының жоғары болуы заңды құбылыс. Солардың қатарында Бауыржан Күмісбектің де өзіндік ізденіс жолы, талпынысы бар.

Бауыржанның туған жері – Т.Рысқұлов ауданындағы Ақыртөбе ауылы. Кейін отбасымен бірге Тараз қаласының іргесіндегі Қызыл Жұлдыз елді мекеніне қоныс аударып, білімін осында жалғастырады. Мектеп кезінде-ақ ғылымға құштарлығы байқалған өрен түрлі ғылыми жобаларға қатысып, алғашқы қадамдарын ауылдық деңгейдегі жарыстардан бастайды. Ең алғашқы жобасы кемшіліксіз болмағанымен, сол кезде-ақ бірінші орынды иеленіп, ынта-жігері бағаланған еді. Одан кейін Құлан ауылында өткен аудандық жарыста да жүлделі орын алып, өзінің ізденісін жалғастырады.

Кейіпкеріміз сегізінші сыныпта оқып жүрген кезінде бұрынғы жобасын жетілдіріп, мұғалімімен бірге Тараз қаласында өткен ғылыми жарысқа қатысады. Сайдың тасындай іріктелген үздіктер қатысқан сайыста Бауыржан бірінші орынды иеленеді. Дәл осы сәттен бастап Бауыржанның ғылымға деген ынтасы нығайып, болашақтағы бағытын айқындай түседі.

Мектепті тәмамдаған соң Жамбыл жоғары медициналық колледжіне оқуға түседі. Кейіннен Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің Тараз қаласындағы филиалына оқуға қабылданып, химиялық технология мамандығы бойынша білімін жалғастырады.

Бауыржан Күмісбектің айтуынша, химия – өмірдің барлық қырын қамтитын ғылым. Дәрі-дәрмектен бастап, адам ағзасындағы процестерге дейін химиялық заңдылықтарға бағынады. Сол себепті ол бұл саланы таңдағанына еш өкінбейді.

– Кәдімгі медицинаның өзі химияға сүйенеді. Кез келген дәрі химиялық жолмен жасалады. Өсімдіктердің құрылысы, фотосинтез үдерісі – бәрі де химиялық құбылыстарға жатады. Тіпті адам ағзасының өзі тұтасымен химиялық процестерден құралған. Ойлау кезінде бөлінетін дофамин, адреналин секілді гормондар да белгілі бір реакциялардың нәтижесінде пайда болады. Сондықтан химия – біздің өміріміздің әр сәтінде бар ғылым. Газдың жануы, судың қайнауы сияқты қарапайым құбылыстардың бәрі физикалық әрі химиялық заңдылықтарға бағынады. Көзге көріне бермегенімен, егер тереңінен үңілсең, күнде болып жатқан барлық өзгерістің түбінде химия жатыр. Сол ерекшелігімен бұл ғылым мені ерекше қызықтырды, – деген жас ғалым бүгінде кристалды қолдан өндіру атты ғылыми жобасымен айланысып жүргенін жеткізді.

Негізі аталған тәжірибені Бауыржан мектепте жүргенде-ақ қолға алып, 11-сыныпта, яғни, 2022 жылы ғылыми жобасын сәтті қорғап шыққан. Бүгінгі таңда білімін жалғастырып жатқан оқу орнында ғылыми ізденістерінің кем-кетігін анық байқап, әрі қарай дамытуда. Бұл ой оған үй жағдайында қарапайым тұздан кристал алуға болатынын көрген сәтте келген. Мәселен, мұхит сулары тұзға бай. Бір стакан судың өзінде төрт қасықтай тұз бар. Ал суды буландырғанда бу ауаға тарап, тұзы түбінде қалады. Бұл құбылыс – буланудың ең қарапайым көрінісі.

– Кристалдар ерте заманнан-ақ өз әсемдігімен, дұрыс пішінімен, сырға толы жұмбағымен адамдарды қызықтырған. Сол қасиеті мені де баурап әкетті. Сондықтан мектепте жүргенімде-ақ кристал өсіруді қолға алдым. Бұл ғылымға жасаған алғашқы қадамым болатын. Қазір сол тәжірибелерімді қайта қарап, одан да тереңірек зерттеуді, кристалдардың құрылымын, күрделі өсіру жолдарын меңгеруді басты мақсат санаймын. Менің түсінуімше, қай елдің де дамуы ең алдымен ғылым мен білімнің деңгейімен өлшенеді. Оның ішінде ғылым мен техниканың өркендеуі – қоғамның басты тірегі. Өйткені жеткен әрбір ғылыми табыс адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге ықпал етеді. Кристал өсіру тақырыбын таңдағаным да осы ойдан туған. Мектеп кезіндегі жобамда кристалдардың түрлері мен құрылысына, зерттеу әдістеріне тоқталдым. Әдебиеттерге талдау жасап, олардың тұрмыста, техникада, өндірісте қолданылуын зерттедім. Сонымен қатар үй жағдайында кристалдарды өсірудің қарапайым әдістерін қолданып, алғашқы сынақтарымды жүргіздім. Зерттеу жұмысымның негізгі мақсаты – үй жағдайында тәжірибе арқылы монокристал алу еді. Бұл үшін алдыма бірнеше міндет қойдым. Анығы, атқаратын жұмысымды жоспарлап, деректер жинадым, тәжірибе жүргізіп, нәтижелерді талдап, оны мультимедиялық презентация түрінде ұсындым. Әрине, зерттеу барысында «Үй жағдайында кристалдарды өсіруге бола ма, оларды қайда қолдануға болады?» деген сұрақ туындады. Соған жауап іздей отырып, алдымен кристал дегеннің не екенін анықтап, кейін ас тұзы мен мыс купоросының кристалдарын өсіріп көрдім. Бұл жолда теориялық зерттеу, бақылау, тәжірибе және қорытынды жасау сияқты әдістерді пайдаландым. Осы алғашқы ізденістерім маған ғылымға деген қызығушылықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қазір университеттегі білімімнің арқасында сол кезде түсінбей кеткен тұстарымды қайта қарап, ғылыми тұрғыдан толықтыра түстім. Кристаллография – физика-химияның маңызды бір саласы. Бұрын жеке атом мен молекуланың ішкі сырын ашу мүмкін болмай келсе, ХХ ғасырдан бастап кванттық механика ілімінің дамуы бұл мәселені жаңа деңгейге шығарды. Осы жетістіктердің нәтижесінде бүгінде алмаз, рубин, ас тұзы, турмалин, кварц сияқты аса маңызды кристалдарды табиғаттан іздемей-ақ, қолдан өсіру мүмкіндігі бар. Олардың қаттылығы, ыстыққа төзімділігі, электр өткізгіштігі, жарық шығару қасиеттерін зерттеу арқылы жаңа технологияларға жол ашылуда. Бұл бағыттағы табыстар жалпы физикадан бөлініп, кристалдар физикасының дербес ғылым болып қалыптасуына әкелді. Қазір мен осы ғылымның қыр-сырына үңіліп жүрмін. Кристалдарды будан, балқымадан, ерітіндіден өсіру жолдарын, олардың кристалдану температураларын, өсу механизмдерін зерттеймін. Мектеп кезіндегі алғашқы тәжірибелерімнің жалғасы ретінде бұл саланы университет деңгейінде тереңдетіп, теориялық әрі тәжірибелік тұрғыдан дамытудамын. Су ерітіндісінен кристал өсіру кезінде ұйытқыны қолдану арқылы өсу жылдамдығын басқаруға болатынын өз тәжірибемнен көрдім. Бұл – қарапайым әдістердің бірі. Бүгінде сол тәжірибемді қайта қарап, ғылыми әдебиеттермен салыстырып, толыққанды тұжырымдар жасауға тырысудамын. Осылайша, мектептен басталған «Кристал өсіру» жобасы менің ғылымдағы алғашқы ізденісім болып қалды. Ал қазір сол жұмысты жаңа деңгейге көтеріп, ғылыми біліміммен толықтырып, ары қарай дамытып келемін, – дейді жас ғалым.

Бір айта кетерлігі, талапты өрен ғылыми жобасына алғаш рет 2017-2018 жылдары кіріскен. Сол кезеңдегі ізденістері оны ғылымға жетелеп, алға қарай бағыт-бағдар берген болатын. Химия-технология университетінде білім алып жүрген жас жобасын қайта жаңғырту кезінде қазақстандық немесе ресейлік ғалымдардың еңбегімен шектелмей, өзге елдердің тәжірибесін де зерттеп, болашақтағы қолданыс аясын кеңейтуді мақсат етіп отыр.

Жобаның болашағы қандай боларын дөп басып айту қиын. Дегенмен Бауыржан жастарға аз да болса қызығушылық сыйлайтынына сенімді. Өйткені қазіргі таңда көптеген жас ІТ саласына ден қойып, химия, биология, геология сияқты ғылымдарға онша мән бермей барады. Оның арманы – осы жобалары арқылы жастардың ғылымға деген қызығушылығын оятып, оларды жаңа бағыттарға жетелеу.

Жас ізденушінің ең үлкен мақсаты – Қазақстанның беделін көтеріп, елімізді ғылым арқылы өзгелерге таныту. Ол халықаралық деңгейде мойындалған ғалым болуды армандайды. Мұндай арманға жету үшін жас зерттеушілерге қолдау қажет екенін айтады. Қолдау тек қаржылай емес, сонымен қатар заманауи құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмек және ғылыми орта құрумен де жүзеге асуы тиіс. Өйткені шетелдерде бар мүмкіндік біздің елде әлі де жеткіліксіз.

Ол бүгінгі жетістіктерін ұстаздары мен жетекшілерінің еңбегімен байланыстырады. Бағыт-бағдар берген сол ұстаздарының қолдауы болмаса, бұл деңгейге жетуі екіталай еді. Әсіресе Айнұр Көкембаева ұстазының және Ақыртөбедегі мектептегі жетекшілерінің ақыл-кеңестері жас ғалымға үлкен демеу болды. Сондай-ақ ата-анасының сенімі мен қолдауы оның ғылым жолындағы табандылығын арттырған.

Алдағы уақытта Бауыржан білімін тереңдетіп, түрлі конкурстарға қатысуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі ғалымдармен тәжірибе алмасып, көзқарасын кеңейтіп, жаңа жобаларға араласуға ниетті.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар