Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Enbek.kz платформасы елге тиімді

Enbek.kz платформасы елге тиімді
Автор
Қазіргі таңда Қазақстандағы еңбек нарығы цифрлық форматқа көшіп, жұмысқа орналасу және кадр іздеу процесі Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге асырылып келеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы тамызда Enbek.kz порталына 239,8 мың бос жұмыс орны жарияланған. Бұл өткен аймен салыстырғанда 128,9 пайызға артқанын көрсетсе, керісінше жұмыс іздеушілер тарапынан 138,5 мың түйіндеме ғана орналастырылып, олардың саны 6,3 пайызға кеміген. Бұл көрсеткіш еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтықты айқындайды. Цифрлық платформа тек жұмыс іздеу құралы ғана емес, сонымен қатар мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан субсидияланатын жұмыс орындары, «Жастар тәжірибесі», әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстарға қатысу мүмкіндіктерін де қамтиды.

2025 жылғы 15 қыркүйекте облысымызда Enbek.kz электрондық еңбек биржасына 2 786 мың бос жұмыс орны жарияланып, жұмыс іздеушілер тарапынан 15 937 түйіндеме орналастырылған.

Сонымен қатар, Enbek.kz базасындағы Skills Enbek онлайн платформасы арқылы азаматтарға түрлі қысқамерзімді курстардан өтіп, жаңа мамандық игеруге жағдай жасалған. Оқыту бағдарламасы аяқталған соң қатысушыларға ресми сертификаттар табысталады, бұл олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы цифрлық еңбек жүйесінің тиімділігі аймақтарда да байқалып отыр. Мәселен, облысымыз бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының берген мәліметінше, 2025 жылы жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 65 647 жұмыс орны құрылады деп жоспарланса, есептік кезеңде оның 39 911-і құрылып, жоспардың 60,8 пайызы орындалған. Ал Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын ашу» тапсырмасы бойынша облысқа 12 534 жұмыс орнын құру міндеттеліп, бүгінде оның 95,2 пайызы орындалды.

Сондай-ақ, облыста 2025 жылы 54 505 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту көзделсе, жыл басынан бері 31 683 адам тартылып отыр. Жұмысқа орналастырудың жалпы жоспары 45 732 болса, қазіргі уақытта 23 193 адам жұмысқа орналасқан. Тұрақты жұмысқа тұрғандардың саны – 11 179. Бұл – жоспарланған көрсеткіштің 35,1 пайызы. Субсидияланатын жұмыс орындарына 12 014 адам тартылып, 86,6 пайыздық орындалу көрсеткішіне қол жеткізілген. Әлеуметтік осал топтарды қолдау бағытында қайтарымсыз гранттар беріліп, жылдық жоспардың жартысына жуығы орындалған. Жастарға 2,5 пайыз жеңілдетілген несие беру және «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы да белсенді жүзеге асуда.

Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс күшін тарту жүйесі де реттеліп келеді. 2025 жылға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 1 163 шетел маманына квота белгіленген. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облысымызда 30 жұмыс берушінің қарамағында 935 шетел маманы жұмыс істейді. Олардан түскен салық көлемі – 411 миллион теңге.

Әлеуметтік көмек бағыты да назардан тыс қалған емес. Атаулы әлеуметтік көмек 20 303 адамға тағайындалып, 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы төленген. Тұрғын үй көмегі, көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау, мүгедектігі бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша да нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Облысымыздағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 38 ұйым жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшіп жатыр. Бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар да белсенді тартылуда.

Жалпы, еңбек нарығын цифрландыру, Enbek.kz платформасын дамыту және өңірлік бағдарламаларды үйлестіру арқылы мемлекет азаматтардың жұмыспен қамтылуын, әлеуметтік тұрақтылықты және өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі әрі нақты жұмыс жүргізіп отыр.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар