
Мәселен, сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың референдумға қатысуға құқығы жоқ. Әйтсе де, жазасын өтеушілердің елдегі саяси-экономикалық жағдайладан хабардар болуына тыйым салынбаған. Осы себепті, сот шешімінің негізінде кінәлі деп танылып, түзеу мекемелеріне тоғытылған жандарда Президенттің халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауын тыңдауына мүмкіндік бар.
Кеше өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесіндегі арнайы контингент өкілдері де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент сессиясының ашылуында жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты кезекті Жолдауына құлақ түрді.
Жалпы, Президенттің әр жылғы Жолдауларында ел экономикасы мен әл-ауқатының артуына басымдықтар беріліп келеді. Биылғы Жолдауы да көп нәрсенің түйінін тарқатқандай. Мемлекет басшысы әр сөзінде әлемнің дамуына ілесу өзекті екенін алға тартып, оны мазмұнды түрде жеткізді. Бұдан бөлек маңызды құжатта инвестиция тарту арқылы экономиканың еңсенін көтеру, цифрландыру жұмысын дамыту, білімді жастарға қолдау мен жасанды интеллект мәселелеріне көптеп көңіл бөлінді. Сондай-ақ Жолдауда қоғамдық орында дөрекі сөйлеп, бір-бірімен ерегесіп, жаға жыртысатын жаман әдет жөнінде де сөз болды.