
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Астанада өтіп жатқан цифрлық инклюзия және трансформация бойынша Орталық Азиядағы алғашқы Азия-Тынық мұхиты министрлер конференциясында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды arainfo.kz
Министрдің айтуынша, конференция қорытындысында бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылады. Соның ішінде ең маңыздыларының бірі — Amazon Kuiper спутниктік интернет қызметімен жасалатын келісім.
Amazon Kuiper – спутниктік интернет ұсынатын жоба. Ол Starlink пен OneWeb-ке балама ретінде қарастырылады. – «Бұл бағыттағы бәсекелестіктің артуы азаматтар үшін қолайлы бағада сапалы қызмет алуға мүмкіндік береді», – деді Жаслан Мәдиев.
Өткен жылы Amazon Project Kuiper аясында алғашқы екі спутник прототипін ғарышқа ұшырған болатын. Компания жалпы 3200-ден астам спутникті орбитаға шығаруды жоспарлап отыр. Дегенмен толыққанды топтаманы іске қосу 2024 жылдың соңына шегерілді.