
Биыл маусымда күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның жаңа редакциясында ұлттық спорт түрлері олимпиадалық және паралимпиадалық спортпен қатар басым бағыттар қатарына енгізілді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, биылдан бастап ұлттық спорттың барлық 11 түрі ресми түрде басым бағыт деп танылып, мәртебесі олимпиадалық спорт түрлерімен теңестірілді. Бұл ұлттық спорт өкілдеріне мақсатты қаржыландыруға жол ашып, жоғары жетістікті спорт санатына енгізеді.
Қазіргі таңда елімізде асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу және тоғызқұмалақ сынды 11 ұлттық спорт түрі дамып келеді. Оның ішінде төртеуі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген.
Сондай-ақ 2024 жылдың қыркүйегінде Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 43 алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Жыл сайын елімізде «Ақбидай» ауыл спорты ойындары, «Қазақстан Барысы» турнирі, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі және этноспорт бойынша түрлі фестивальдер ұйымдастырылады.
Ұлттық спорт – тек дене шынықтыру емес, ол патриотизмнің, ұрпақтар сабақтастығының және туған жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі.