Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өрт сөндіру қызметінің өзіндік тарихы бар

Өрт сөндіру қызметінің өзіндік тарихы бар
aqtobegazeti.kz
Бүгінгі таңда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметі тұрғындарды тілсіз жаудан құтқаруда еш кедергісіз жұмыс істеп келеді. Себебі бөлім заманауи технологиямен толыққан, құтқарушыларға пайдалануы үшін дрондар, жаңа үлгідегі көліктер, байланыс құралдары берілген. Алайда осы жүйелі қызметтің тарихы қай кезден басталғанын біреу білсе, біреу білмес. Сондықтан ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығы қарсаңында мақаламызды өрт сөндіру саласының қалыптасу кезеңдеріне арнауды жөн көрдік.

Өңіріміздегі өртке қарсы қызметтің тарихы 151 жылдан астам уақытты қамтиды. Бұл деректі Әулие-Ата (қазіргі Тараз) қаласында құрылған алғашқы өрт сөндіру жасағы бейнеленген көне сурет айғақтайды. Орта ғасырларда Тараз Қарахан әулетінің бір тармағы билік құрған өңірдің астанасы атанып, Ұлы Жібек жолындағы маңызды орталыққа айналған еді. Бірақ XIII ғасырда қалаға Шыңғыс хан әулетінің қалың қолы басып кіріп, шаһарды тонап, өртеп жіберді. Сол кезеңнен бастап Тараз өзінің бұрынғы сән-салтанатынан айырылып, Шағатай мемлекетінің көптеген қалалары секілді күйреуге ұшырады.

Уақыт өте келе шаһар аты да өшіп, XIX ғасырдың басында қазақ халқын қыспаққа алған Қоқан хандығының билігіне өтті. Дегенмен жергілікті халық аңызға айналған Қарахан ханының бейіті маңына қоныстана бастайды. Әулие атанған хан құрметіне 1856 жылы қалаға Әулие-Ата атауы берілді.

Ал 1864 жылы Қоқан хандығының бекінісі болған Әулие-Ата қамалын Ресей патшалығының әскері азат етті. Осыдан кейін қала Сырдария облысына қарасты Түркістан генерал-губернаторлығына құрамына еніп, Әулие-Ата уезінің орталығына айналды. Бұл кезеңде қала жаңа тыныс алып, теміржол мен пошталық-телеграфтық байланыс дамыды, мектептер, ауруханалар, кітапханалар мен мәдени мекемелер ашылды. Қоғамдық инфрақұрылымның өркендеуімен бірге алғашқы кәсіби өрт сөндіру жасақтары да қалыптаса бастады.

Тарихшы, археолог Ғалия Әлімжанованың айтуынша, дәл осы кезеңде Әулие-Ата қаласында алғашқы өртке қарсы қызмет пайда болған.

– Бұрынғы уақытта қалалар мен ауылдардағы өртті халық өз күшімен, қолда бар қарапайым құралдармен сөндірген. Кейін адамдар бірігіп, ерікті өрт сөндіру жасақтарын құра бастады. Әрине, бұл жалғыз-жарым адамның тілсіз жаумен бір өзі күрескенінен әлдеқайда тиімді еді. Өйткені өрт қай заманда да үлкен қауіп-қатер санатында болды.

XIX ғасырдың екінші жартысында біздің өңір Ресей империясының құрамына енген кезде мұнда «Императорлық Ресей өрт қоғамы» жұмыс істеп тұрған болатын. Онда кәсіби өрт сөндірушілер, арнайы дайындықтан өткен мамандар қызмет етті, ал қалаларда өрт сөндіру күзетінің штаты тұрғындар санына байланысты құрылды. Осындай жүйе ел бойынша барлық ірі уездік қалаларға да енгізілді. Оның ішінде біздің Әулие-Ата қаласы да бар, – дейді Ғ.Әлімжанова.

Архив деректеріне сүйенсек, XIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың басына қарай Әулие-Ата қаласында 1 165 сауда-өнеркәсіп нысаны болған. 1911 жылғы санақ бойынша үш былғары зауыты, 28 су диірмені, арақ-шарап (спирт) пен сыра шығаратын зауыттар, 32 нан пісіру орындары, 22 ұстахана, екі наубайхана мен шұжық цехы, бес монша, сондай-ақ көптеген дүкендер мен сауда нүктелері (лавкалар) жұмыс істеген.

Ғалия Әлімжанованың келтірген деректері бойынша арнайы өрт сөндіру бөлімдері Әулие-Ата қаласында және ірі өндіріс орындарының жанында орналасқан. Барлық бөлімшелерде қызмет бір ауысымда өтетін болған екен, яғни өрт сөндірушілер тәулік бойы кезекшілікке түсіп тұрған. Бір кезеңде, тіпті олардан түнде етігін шешпеу талап етілді, себебі өрт шықса, жедел көмекке жету керек еді. Кейін бұл талап алынып тасталды. Бұл шынымен ауыр әрі жауапты қызмет болатын. Төменгі шендегі өрт сөндірушілердің ешқайда шығуға құқы болмады, тек аптасына бір рет моншаға және айына бір рет қана бір тәулікке үйіне баруға рұқсат етілетін.

Қызмет ауыр болса да, қоғамда өрт сөндірушілер үлкен құрметке ие болды. Себебі ол заманда тұрғын және шаруашылық құрылыстардың басым бөлігі ағаштан салынып, оңай тұтанатын, ал өрт сөндірушілер адамдарды да, мүлікті де құтқарып қалатын. Сол себепті халық оларды ерекше қадірлейтін. Өрт сөндірушілер үшін арнайы үш дәрежелі марапат белгілері бекітілген көрінеді. Марапат алтын, күміс және қола түрінде табысталады. Бұл наградалар өртті сөндірудегі ерлігі, адамдарды құтқарғаны, ұзақ әрі мінсіз қызметі, еңбек өтілі үшін табысталатын. Мұндай марапат иесіне жалақысының өсуіне және қызметтік мансабында көтерілуге мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, өрт сөндірушілер азық-түлікпен, жабдықпен қамтамасыз етіліп, арнайы киім мен бас киім киген.

1917 жылдың 19 қарашасында Әулие-Ата уезінде Кеңес өкіметі орнағаннан кейін партиялық және кеңестік органдар өртке қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға айрықша мән берді. Бұрынғы құрылымдық бөлімшелер, кәсіби мамандар, ерікті өрт сөндіру жасақтары мен командалары сақталып қалды. Ал бүкіл, бұрынғы Кеңес Одағы аумағында бірыңғай өртке қарсы қызметтің құрылған күні болып 1918 жылғы 17 сәуір есептеледі. Дәл сол күні Халық Комиссарлар Кеңесінің «Өртке қарсы мемлекеттік шараларды ұйымдастыру туралы» Декреті қабылданған еді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Карина Карташованың айтуынша, өңіріміздегі мемлекеттік өртке қарсы қызметтің тарихы Халық Комиссарлар Кеңесінің алғашқы құжаттарының бірі – «Өртке қарсы мемлекеттік шараларды ұйымдастыру туралы» Декретінен кейін жалғасын тапқан.

– 1918 жылы қабылданған бұл құжат кеңестік өрт күзетінің негізгі ережелерін заң жүзінде бекітіп, өртке қарсы күрес шараларын ұйымдастырудың жаңа жүйесін қалыптастырды, өрт күзетінің алдына қойылған негізгі әрі принципті міндеттерді айқындады. Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Кеңес үкіметі өрт күзетін жақсартуға ерекше назар аударып, өрт қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды қаулылар қабылдады. 1923 жылы Еңбек және қорғаныс кеңесінің «Өрттермен күрес шаралары туралы» қаулысы қабылданып, ол өрттің алдын алу ісінде елеулі рөл атқарды. Ішкі істер халық комиссариаты жанынан өртпен күрес жөніндегі комиссия құрылып, сондай комиссиялар жергілікті жерлерде де ұйымдастырылды. Алайда Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында мекемелерде, қоймаларда және өзге де нысандарда өртке қарсы іс-шараларды қамтамасыз етуге жеткілікті көңіл бөлінген жоқ. Сол себепті 1929 жылдың 22 шілдесінде әкімшілік-шаруашылық мекемелердің басшылары қатысқан жабық мәжілісте «Әулие-Ата қаласының өртке қарсы күзеті туралы» мәселе қаралды. Қабылданған құпия қаулыда қалалық кеңеске «…өрт сөндіру командасын және ерікті өрт жасақтарын ұйымдастыруға қаражат табу мәселесін дереу қарастыру, кәсіпорындар мен ұйымдарды өртке қарсы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету…» жөнінде тапсырма берілген, – деп атап өтті К.Карташова.

1931 жылы Әулие-Ата қаласында бес адамнан тұратын қалалық өрт бөлімінің басқармасы ұйымдастырылды. 15 адамнан құралған өрт сөндіру командасы қаланың орталығындағы бір сарайда орналастырылды. Оларға қаладағы барлық  өрт құрал-жабдықтары мен бес аттан тұратын өрт обозы берілді. Сондықтан 1931 жылдың 27 шілдесі Жамбыл облысындағы қазіргі заманғы өртке қарсы қызметтің құрылған күні болып есептеледі. Кейін, 1936 жылы өрт депосына бұрынғы орыс шіркеуінің ғимараты берілді. Қазіргі таңда оның орнында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық драма театр орналасқан.

– Соғысқа дейінгі кезеңде, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында мемлекеттік өрттік қадағалау органдары облыстағы нысандар мен елді мекендердің өртке қарсы жағдайын жақсарту бағытында үлкен жұмыс атқарды. Жамбыл қаласында және облыс аудандарында өрттердің санын азайтуға, келтірілген залалды төмендетуге, халық арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін кеңінен насихаттауға бағытталған ерікті өрт қоғамы (ЕӨҚ) құрылды. Өткеннің қаһармандық дәстүрінде тәрбиеленген, соғыста да, еңбекте де шыныққан өрт сөндіруші жауынгерлер бүкіл кеңес халқы секілді Ұлы Отан соғысының ауыр сынақтарын батыл қарсы алып, абыроймен өткерді. Қай жерде шайқас қызса да, отты жеңген жандарды көруге болатын. Біздің өрт сөндірушілер жау оғының астында да жанып жатқан резервуарларды сөндіріп, оттан жарылғыш заттарды алып шықты, оқ-дәрі қоймаларын құтқарып қалды. 1957 жылы «Өрттегі ерлігі үшін» медалі тағайындалды. Ал 1983 жылдан 1990 жылдарға дейінгі аралықта өңірде аудан орталықтарында, Жаңатас, Қаратау қалаларында және облыс орталығында өрт деполарының ғимараттары салынды, – деп қосып өтті К.Карташова.

Бүгінгі таңда облыстық өртке қарсы қызмет гарнизонының құрамында жиырмадан астам бөлімше бар. Оның ішінде арнайы бөлімдер, өрт сөндіру бөлімдері мен бекеттері, өрт сөндіру бөлімшелерін техникалық қамтамасыз ету қызметі, өрт-техникалық орталық және облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» мемлекеттік мекемесінің кәсіби даярлық мектебі жұмыс істейді. Жеке құрамда бес жүзден астам қызметкер бар. Өз ісіне адал, кез келген сәтте жанын құрбан етуге дайын құтқарушылардың бірі – Рамазан Смайылов.

Бейбіт күннің батыры атанған Рамазан 1995 жылдың 3 маусымында дүниеге келген. Бұл күн Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылған жылымен тұспа-тұс келуі де тағдырдың ерекше сәйкестігі іспетті.

Рамазан 2021 жылы азаматтық қорғау органдарының қатарына қосылды. Қазіргі таңда ол «Халық қаһарманы» М.Айманов атындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде аға өрт сөндіруші-құтқарушы қызметін атқарып жүр. Аз уақыттың ішінде-ақ ол батылдығымен, сенімділігімен және жанқиярлығымен көзге түсіп, әріптестерінің де, тұрғындардың да сеніміне ие болды.

2021 жылы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған жарылыс кезінде Рамазан өртті сөндіру және зардаптарын жою жұмыстарына белсене қатысып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат – оның кәсібіне деген адалдығы мен қайсарлығының айқын дәлелі.

Қызмет жылдарында ол талай ірі өрттер мен төтенше жағдайларда алдыңғы шептен табылып, жоғары кәсібилігін, төзімділігін көрсетті. Өзінің ерлікке толы ісімен Рамазан Смайылов құтқарушы мамандығының жай ғана жұмыс емес екенін, оның артында үлкен батылдық, рухани күш және өзгелер үшін өз өмірін қатерге тігуге дайын ұлы міндет тұрғанын дәлелдеп келеді.

–Бұл қызметті таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Әрбір кезекшілік – күтпеген сынақ. Қауіп-қатермен бетпе-бет келсек те, халықтың амандығы бәрінен қымбат. Біз үшін ең үлкен марапат –  адамдардың болса да өмірін сақтап қалу. Кейде қиын сәттерде қорқыныш та болады, бірақ ол – қалыпты жағдай. Сол сәтте әріптестеріңе сенесің, иық тірестіріп бірге күресесің. Құтқарушы болу – батырлықтың емес, ең алдымен жауапкершіліктің жолы. Бізді халық сеніп тапсырады, сол сенімді ақтау – басты парызымыз, – дейді Р.Смайылов.

Қазіргі мемлекеттік өртке қарсы қызметтің миссиясы  тек төтенше жағдай туындағанда көмекке келумен шектелмейді. Ол табиғи және техногендік сипаттағы өрт, жарылыс пен түрлі төтенше жағдайлардың алдын алуға  күн сайын дайын. Жаңартылған құрылым мемлекет пен азаматтардың қауіпсіздігін қорғауда сенімді қызмет атқарып келеді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар