
Аталмыш шараға қала әкімдігі бөлімдерінің қызметкерлері, коммуналдық мекемелердің мамандары, кәсіпкерлік нысандарының иелері және тұрғындар белсене қатысты. Сенбілікке қатысушылар аула аумақтарын қоқыстан арылтып, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға жеткізді. Сондай-ақ сенбілікке қатысушылар арық жүйелерін тазартып, сондай-ақ тал түптерін ақтап, қураған бұтақтарды кесіп, артық шөптерді шабу сынды жұмыстарды атқарды.
Шара барысында қала әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова сенбілікке белсене үлес қосқан тұрғындарды көпке үлгі етіп, бірқатар азаматтарды арнайы алғыс хатпен марапаттады.
– Жалпы ел аузында «Тазалық табалдырықтан басталады» деген сөз бар. Сондықтан жұртшылық өзі тұратын үйі мен қызмет атқаратын жұмыс орнының мұнтаздай таза болуына мән беруі керек. Әрбір тұрғын сенбілікке бейжай қарамай, өз ауласының, өз көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қарауы тиіс, – дейді Тараз қаласы әкімдігі медиа орталығы директорының міндетін атқарушы Назерке Болат.
Айта кетейік, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және шаһар келбетін жақсартуға бағытталған игі іс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Сымбат ҚУАНЫШ