Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таразда учаскелік инспекторлар слеті өтті

Таразда учаскелік инспекторлар слеті өтті
Юрий Ким
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында құқық қорғау органдарының, соның ішінде полиция қызметінің маңызына баса назар аударып келеді. Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиында да Мемлекет басшысы бұл салада қызмет етіп жүрген ержүрек әйелдер мен ер азаматтарды айрықша құрметпен атап өтті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы  өз сөзінде: «Заң мен тәртіптің сақталуы, халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғау – сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі. Әділдік үстемдік еткен қоғамда полицияға артылатын сенім де, талап та жоғары. Сіздер адалдық пен жанашырлықтың шынайы үлгісін көрсете білуге тиіссіздер. Әр тәртіп сақшысы өз міндетін мінсіз орындап, кәсіби білікті әрі елін сүйетін азамат болуы аса маңызды», – деген болатын.

Еліміздің тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының қажырлы қызметі Тараз қаласындағы «Көне Тараз» этномәдени кешенінде ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің учаскелік полиция инспекторлары мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың республикалық слетінде жан-жақты сөз болды.

Маңызды жиында қонақтар бір-бірімен тәжірибе алмасып қана қоймай, сәулет өнерінің әсем туындыларын да тамашалай алды. Айта кету керек, ұйымдастырушылар слетті есте қаларлықтай етуге барынша күш салды. Конференц-залдың фойесінде арнайы фотоаймақ жасақталып, онда қонақтар тілектерін жазып қалдырып, естелік суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.

Ұрпақтар сабақтастығы жайлы көрме де көптің назарын аударды. Конференц-залдың бір бөлігіне қойылған көрмеде Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының жеке заттары ұсынылды. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қазақ халқының қаһарман перзенті де ішкі істер органдарында қызмет атқарып, бұл саланың қалыптасуына өз үлесін қосқан болатын. Көрмеде батырдың қаруы, әскери планшеті, сағаты, өзі сызған ұрыс карталары, жазған кітаптары және басқа да құнды жәдігерлері қойылды. Тарихи экспонаттармен қатар бүгінгі үздік учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың фотогалереясы да көрініс тапты.

Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұранмен бастау алған алқалы жиында Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» фильмінен үзінді көрсетілді. Сол көріністен кейін «Ұлт ұстазы» фильмінде Әлихан Бөкейхановтың бейнесін сомдаған актер Бауыржан Қаптағай мен «Оян, қазақ!» туындысында Міржақып Дулатовты ойнаған Бақыт Қажыбаев сахнаға шығып, Алаш арыстарының асыл мұраттарын еске салып, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тәртіп сақшыларына ақжарма тілектерін жолдады. Бұл әсерлі сәт залда отырғандарға үлкен патриоттық серпін сыйлады.

Жиынды ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ресми түрде ашты. Ол өз сөзінде: «Біз бүгін мәні зор басқосуда жүздесіп отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әрбір полиция қызметкерінің иығында үлкен міндет пен ауыр жауапкершілік тұр. Сіздер қабылдаған антқа адал болып, сол сенімге сай қызмет етіп келесіздер. Учаскелік полиция инспекторы – мемлекеттің өкілі. Ол өз өкілеттігі аясында адал қызмет атқаруы тиіс. Сіздер еліміздің әр өңірінен үздік шығып, алдыңғы қатардан көріндіңіздер. Бұл мәртебені әрдайым сақтап қалуларыңыз қажет. Сіздерге беріліп отырған осы баға – жоғары құрмет. Оның астарында талай адамның өмірін құтқарған ерлік қадамдары мен ауыр қылмыстардың алдын алған батыл шешімдер жатыр. Сіздерге әрдайым табыс тілеймін!» – деді.

 Келесі кезекте  мінберге облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров көтеріліп, өз пікірін білдірді.

– Бүгін біздің өңірде айтулы оқиғаның бірі өтіп жатыр. Қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін ерлік істер жасап жүрген ең үздік тәртіп сақшылары біздің облысқа жиналды. Облысымызда 457 учаскелік полиция инспекторы, 182 кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор еңбек етеді. Оларға әрқашан көмек көрсетіліп, кабинетпен, автокөлікпен қамту жүзеге асқан. Мемлекет басшысы айтып өткендей, халыққа ең жақын қызметкерлер де –осы учаскелік инспекторлар. Сіздердің осы кезге дейін де атқарған жұмыстарыңыз аса көп. Ерекше бағалауға болады. Ал, алдағы уақытта да тыныштық пен қауіпсіздік жолында аянбай тер төге беретіндеріңізге сенемін, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Мұнан кейін Ішкі істер министрлігі Генералдар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Сәрсенов полиция қызметінің аса жауапты міндетіне тоқталды. Ол: «Ішкі істер министрлігі осындай бастама көтергенде, біз оны бірден қолдадық. Бұл ортаға бүгінгі жас әріптестерімізді құттықтап, өмірлік тәжірибемізді бөлісу мақсатында  келіп отырмыз. 90-жылдары елімізде күрделі кезеңдер болды. Бірқатар ірі қалалар қылмыстың көптігімен және бұзақылық әрекеттерімен танылды. Солардың қатарында Тараз қаласы да бар еді. Алайда жүргізілген жүйелі әрі қатаң күрестің арқасында мұндай ауыр қылмыс пен бұзақылық айтарлықтай азайды. Бұл жетістікке сіздердің де өлшеусіз үлестеріңіз бар. Алдағы күндері Конституциямыздың қабылданғанына 30 жыл толмақ. Бұл да үлкен тарихи мереке. Халыққа жақын болып, елмен етене жұмыс істеулеріңіз қажет. Барша істеріңізге сәттілік тілеймін!» – деді.

Көпшілік облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің сөзін де ерекше ықыласпен тыңдады. Ол: «Бүгінгі таңда облыс аумағында аса ауыр қылмыстардың, бұзақылықтың, тонаудың деңгейі айтарлықтай төмендеп отыр. Бұл жетістікке сіздердің қосқан еңбектеріңіз зор. Біздің өңірде 457 учаскелік инспектор бар, алайда әр инспектордың үлесіне шамамен 2500 тұрғыннан келеді. Мұның өзі үлкен жауапкершілік. Сіздердің қызметтеріңіз айрықша ауыр», – деп атап өтті.

Жиында чөз алған облыстық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев тәртіп сақшыларының үздік қызметіне тоқталып: «Біз учаскелік инспекторларға айрықша сенім артамыз. Олар халықпен етене араласып, ел ішінде жүрген жауапты тұлғаларымыз. Сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Алдағы міндеттеріміз де аса маңызды», – деді.

Басқосу  барысында Мемлекет басшысының қолынан Алғыс хат алған Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенгелді Текебаев сөз сөйлеп, ауылдағы ынтымақты тіршілікті тілге тиек етті. Ол соңғы үш жыл бойы бұл округте қылмыс жасалмағанын атап өтті. Осыған байланысты Балуан Шолақ ауылдық округінің учаскелік инспекторы Нұрсұлтан Омарбаевтың да еңбегі айрықша аталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының марапатына ие болған, өмірін құқық қорғау саласына арнаған Зайнулиндар әулеті зор құрметпен аталды. Шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев,  үш дүркін «Қазақстан барысы» атанған балуан Бейбіт Ыстыбаев  қатысып, қуанышқа ортақтасты.

Слетте «Үздік учаскелік полиция инспекторы» республикалық байқауының қорытындысы жарияланды. Байқау жеңімпаздары атанған Тараз қалалық полиция басқармасы №2 полиция бөлімінің инспекторы Эльмира Байниязова мен Жамбыл аудандық полиция басқармасының инспекторы Азизжон Пайзиевке жаңа қызметтік автокөліктер табысталды. Екінші орынды Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан келген Бекназар Әлібеков пен Қарағандыдан қатысқан Қайрат Иманбаев иеленді. Үшінші орын Жетісу өңірінің намысын қорғаған  Талшын Нұрлаби мен Павлодар облысының үміткері Қуаныш Жаябаевқа бұйырды.

Министрдің бұйрығымен байқау қатысушылары медальдармен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды. Бұл марапаттарды ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Қайсар Сұлтанбаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, ішкі істер органдарының  ардагерлері Жан Кенжетаев пен Мейірхан Жаманбаев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров және облыстық полиция басқармасының бастығы Бақытжан Малыбаев табыстады.

Іс-шара соңында «Жігер» атты жаңа әннің тұсауы кесіліп, оны жамбылдық полиция қызметкері Аманжол Рысбеков пен «Алашұлы» тобы орындады. Ал жиын «Алашұлы» тобының орындауындағы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» патриоттық әнімен қорытындыланды.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар