Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Елге ел қосылса - құт

Елге ел қосылса - құт
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Жалпы, адам әлеуетін дамыту - маңызды мәселенің бірі. Осы орайда, шетелден дарынды жандарды елге тарту қажет. Әсіресе, шығармашылық және кәсіпкерлік салада жетістікке жеткен азаматтарды шақыру керек. Мен тиімді көші-қон саясаты туралы айтып отырмын. Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды», - деп көші-қон саясатын түбегейлі жаңғырту қажеттігін атап өткен болатын.

Жаңа бағдарламалық құжат әзірленеді

 

Үстіміздегі жылдың 2 шілдесінде өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында  Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының көші-қон және демографиялық саясатын дамыту жөніндегі жаңа бағдарламалық құжатты әзірлеуді тапсырды.

 Президенттің тапсырмасын іске асыру мақсатында Үкіметте өңірлік дамуға басымдық беретін ҚР Көші-қон және демографиялық саясат тұжырымдамасының жобасы әзірленбек.

Бұл тұрғыда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 қазанына дейін Үкіметке Қазақстан Республикасының көші-қон және демографиялық саясат тұжырымдамасының жобасын енгізу міндеттелді. Ол әзірленіп жатқан 2030 жылға дейінгі өңірлік саясат тұжырымдамасымен сәйкес болуы тиіс.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Бүгінгі күні іс-шараның 83 пайызы, яғни 51 іс-шарадан 42 іс-шара орындалған. Тікелей нәтиже ретінде оң көші-қон сальдосы сақталып отыр. Ішкі еңбек мобильділігі бойынша соңғы жылдары іскерлік белсенділік байқалады.

Ерікті қоныс аудару бағдарламасы шеңберінде 2022 жылдан бастап 28 мыңға жуық адам қоныс аударған.  Жалпы, қоныстану өңірлеріндегі көші-қонның теріс сальдо деңгейін 4 есеге төмендетуге қол жеткізілді. Ағымдағы кезеңде қоныс аударушылар мен қандастарды бейімдеу және интеграциялау бойынша қабылданған шаралар олардың солтүстік өңірлерден нөлдік мәнге кету деңгейін төмендетуге ықпал етті. 

Бүгінде Қазақстанның алдында көші-қон үдерістерінің мынадай сын-қатерлері бар. Біріншіден, шектес елдердегі тұрақсыздыққа, солтүстік және батыс өңірлерге трансшекаралық көші-қон қысымына және Қазақстанды транзиттік аумақ ретінде пайдалануларына байланысты геосаяси, екіншіден, елдің солтүстік және шығыс өңірлерінен халықтың тұрақты көшуінен, өңірлік демографиялық диспропорцияның тереңдей түсуімен, урбанизациямен және мегаполистердегі шамадан тыс  халық тығыздығынан туындаған демографиялық, үшіншіден, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара әлсіз ықпалдасуымен байланысты, көшіп-қонушылар үшін цифрлық экожүйелердің жеткіліксіз дамуымен және көші-қон ағындарын болжау үшін Big Data, жасанды интеллектті пайдаланудың болмауымен технологиялық сын-қатерлер бар.

- Әлемдегі қазіргі ситуациядан және жаһандық геосаяси өзгерістерден туындайтын аталған сын-қатерлер елдегі анықталған ішкі тәуекелдермен бірге жаңа көші-қон шешімдерін іздеу қажеттілігін анықтап берді. Жалпы алғанда, қолданыстағы Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен цифрлық инфрақұрылым элементтерінің болғанына қарамастан, ұлттық деңгейде демографиялық болжау мен көші-қонды басқаруға бір мезгілде тәсілдерді біріктіретін стратегиялық құжат жоқ. Қазіргі ситуация басқарудың деңгейі мен сапасын арттыруды, ведомствоаралық өзара іс-қимылды қайта реттеуді және толыққанды мониторингті талап етеді, - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесінде берген 2025 жылғы 2 шілдедегі тапсырмасына сәйкес министрлік 2030 жылға дейін Қазақстан Республикасының көші-қон және демографиялық саясатын дамыту жөніндегі жаңа бағдарламалық құжатты әзірлеуге кірісті.

Ведомство басшысының айтуынша, Қазақстанда халықаралық және еңбек көші-қонын басқару үшін бірінші стратегиялық бағыт шеңберінде  еңбек көші-қоны бойынша бірыңғай цифрлық платформаны іске асыру, білікті кадрларға баса назар аудара отырып, еңбек мигранттарын іріктеудің, есепке алудың және интеграциялаудың электрондық механизмдерін енгізу, заңсыз жұмыспен қамтуды, көлеңкелі экономика мен жалған келісімшарттарды бақылау шараларын күшейту ұсынылып отыр. Сонымен қатар еңбек жағдайларының мониторингі және шетелдік жұмысшылардың құқықтарын қорғау, дефицит салалар үшін квоталарды қайта қарау және ұйымдастырылған көші-қон арналарын кеңейту де басты назарда.

Екінші стратегиялық бағыт - ішкі көші-қонды ынталандыру. Кешенді тәсіл арқылы ішкі еңбек мобильдігін іске асыруды қайта қарау ұсынылады. Алдымен инфрақұрылымды дамытуға, содан кейін көшу және жұмыспен қамту жүйесі арқылы еңбек тапшылығы бар өңірлерге ішкі көші-қон үшін жаңа ынталандыру шараларын әзірлеуге басымдық беріледі. Көрсетілетін бейімдеу және интеграциялық қызметтер шаралары деңгейін одан әрі арттыру және жетілдіру де күн тәртібінде тұр. Бұл мәселеге үкіметтік емес ұйымдарды жұмылдыру қажет. Этникалық репатриация институтын дамыту шеңберінде негізгі міндеттер - қандастардың мәртебесіне, есебіне және сүйемелдеуіне, оның ішінде «Қандастар» цифрлық платформасы арқылы көзқарастарды қайта қарау жүргізіледі. Еліміздегі еңбек дефициті бар өңірлердің ерекшеліктері ескеріле отырып, қоныстандырудың өңірлік бағдарламалары әзірленетін болады. Осылайша, елге келген этникалық қазақтарды демографиялық тапшылығы басым өңірлерге ғана бөлу жоспарланып отыр. Бейімделу шараларын одан әрі жетілдіру,  тұрғын үй, оқыту, тілдік интеграция, кәсіби бағдар беру, интеграция мен кері байланыс механизмдерінің сәттілігіне мониторинг жүргізу жұмыстары жанданады.

Төртінші стратегиялық бағыт шеңберінде демографиялық тұрақтылықты арттыру ұсынылады. Осы мақсатты іске асыру отбасыларды қолдауға және балалардың тууына бағытталған отбасылық саясатты дамытуды көздейді. Белсенді ұзақ өмір сүруді қолдау және қарттарды әлеуметтік және экономикалық өмірге біріктіру шаралары қайта қаралады. Жалпы, демографиялық жүктемені болжау және жаңа өсу нүктелерінің сценарийлері негізінде инфрақұрылымдық шешімдерді қалыптастыруға жіті көңіл бөлінеді. Бесінші стратегиялық бағыт шеңберінде білім беру көші-қонын  арттыру талап етіледі. Басқарудың жаңа моделі еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан білім алушылардың мүмкіндіктерін теңестіру, экономика, білім беру және аумақтық даму қажеттіліктеріне көші-қон бойынша теңгерімді шаралар бағыттары бойынша құрылады. Алтыншы стратегиялық бағыт бойынша көші-қонды цифрлық басқарудың зияткерлік экожүйесі құрылады.

Ведомство басшысының айтуынша, көші-қон және демографиялық үдерістердің цифрлық басқарылуын, ашықтығын және болжамдылығын қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіретін ұлттық бірыңғай платформасы енгізілетін болады. Азаматтарға арналған цифрлық сервис кеңейтіледі. Демографиялық және көші-қон сын-қатерлерінің күшеюі жағдайында Қазақстанға барлық көші-қон және демографиялық өзгерістерге жедел ден қоюға және ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеуге қабілетті бірыңғай талдау орталығы қажет. Осыған байланысты, жетінші стратегиялық бағыт шеңберінде көші-қон және демографиялық саясатты сапалы іске асыру, тиісті үйлестіруді қамтамасыз ету үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан мамандандырылған даму орталығын құру ұсынылады. Орталықты құру және оның қызметін ұйымдастыру бюджеттен қаржылық шығындарды талап етпейді. Жалпы, көші-қон саласындағы мемлекеттік саясат жоғарыда айтылғандай қысқа, орта және ұзақмерзімді кезеңдерде оқиғалардың дамуының болжамды сценарийлерін әзірлеу үшін деректердің үлкен массивтерін өңдеудің заманауи ақпараттық жүйелерімен және технологиялармен сүйемелденетін болады.

Атап айтқанда, сапалы шешімдер қабылдау үшін ең транспарентті скорингтік жүйе қалыптастырылады. Бұл болжау сапасын да, жоспарланатын және іске асырылатын шешімдердің тиімділігін де арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге іс-шаралардың жүзеге асырылуына тұрақты бақылауды қамтамасыз етуге жол ашады.  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп көші-қон саясатын жетілдіру бойынша қойылған міндеттерді іске асыруға дайын.

 

 

Жыл басынан елімізге 7,5 миллион шетелдіктер келген

Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі көші-қон бақылауын қамтамасыз ету шараларын қабылдауда. Жалпы, қазір шетелдіктерге қолайлы жағдай жасалған. Олардың елге кіру мен болу рәсімдері жеңілдетілді. 87 мемлекеттің азаматтары визасыз кіре алады. Электрондық виза 107 елдің азаматтарына қолжетімді. 2020 жылдан бері Қазақстанға келетін шетелдіктер уақытша тіркеуден босатылды. Қазір олардың келгені туралы қабылдаушы тарап хабарлауға міндетті.

- Биыл 900 мыңнан астам өтініш түсті. Тіркеу тәртібін сақтамағаны үшін 14 800 адам жауапкершілікке тартылды. Шетел азаматтарымен полиция түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Халықаралық әуежайлар мен шекара бекеттерінде туристерге QR-коды бар «арнайы карталар» таратылады. Сол арқылы олар елде жайлы және қауіпсіз жүру үшін қажетті ақпараттар мен сервистер туралы мәлімет ала алады, - Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов.

Шетелдіктердің елімізге келуі жылдан жылға өсіп жатыр. Бірінші жартыжылдықта олардың саны 7,5 миллион адамға жетті. Өткен жылмен салыстырғанда 600 мыңға өсті. Келушілердің 90 пайызы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің азаматтары.

Қазақстанда 212 мың шетел азаматтары тұрақты тұрып жатыр. Оның ең көбі, яғни 42 мыңы Алматы қаласында, 32 мыңы Алматы облысында қоныстанған.  Астана қаласы мен Қарағанды облысының әрқайсысында 17 мың шетелдік ғұмыр кешуде. Тұрақты тұрып жатқандар саны 3 жылда 42 пайызға өсті.

Елімізде 430 мың шетелдік - уақытша тұрып жатқандар болса, оның ішінде 360 мыңы жұмыс істеу үшін, 17 мыңы отбасымен қосылу ниетімен, 8 мыңы білім алуға, 44 мыңы басқа мақсаттармен, яғни жеке істерімен, туризм бойынша келгендер.

- Келетін шетелдіктердің 97 пайызы заң мен көші-қон режимін сақтайтыны туралы атап өткен жөн. Алайда, жауапкершілікке тартылған құқық бұзушылар да бар. Биыл ішкі істер органдары 200 мың шетелдікті жауапқа тартты. Мәселен, 46 мыңы елімізде болу тәртібін бұзған болса, олардың 10 мыңы 5 жылға кіруге тыйым салумен елден шығарылды. Сонымен қатар, 2 мың жұмыс беруші шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Бірнеше рет шетелдіктерді жұмысқа алу қағидаларын бұзғандарға қатысты 7 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық құқықбұзушылық жасағандар жазасыз қалмайды, - дейді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, көші-қонды бақылаудың тиімділігін арттыру шеңберінде министрлік басым бағыттарын анықтап, тиісті шаралар қабылдауда. Біріншіден, бақылаудың цифрлық құралдары енгізілуде. Жасанды интеллект арқылы шетелдіктердің елде болуын бақылау жобасы басталған. Ол жыл соңына дейін аяқталмақ. Екіншіден, құқықтық база жетілдірілуде. Жуырда көші-қон бақылауын күшейтуді көздейтін заң қабылданған. Онда 30 тәуліктен аса елде болуды жоспарлаған шетелдіктерді тіркеу институты енгізілді, ішкі істер органдарына «тәуекел тобына жататын елдердің» азаматтарына шақыру беруден бас тарту құзыреті берілді. Сонымен қатар, шетелдікті тіркеудің тәртібін бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесі қаралуда.

Үшіншіден,  ішкі көші-қон да қатаң бақылануда. Құжаттандыру мен тіркеу үдерістеріне мониторинг жүргізілуде. Жалған тіркеуі бар пәтерлер анықталып, олардың саны азайды. Пәтер иелері жауапкершілікке тартылды. Төртіншіден, Ұлттық паспорттың қорғау деңгейі көтерілуде. Біздің азаматтар визасыз 43 елге бара алады, 30 елге - визаны жеңілдетілген тәртіппен, тағы 30 елде - келген сәттен бастап ала алады. Қазақстандық паспорт халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Қажетті қорғау элементтері одан әрі енгізіліп жатыр.

Қауіпсіздік кеңесінде берілген тапсырмалар аясында Ішкі істер министрлігі көші-қон саласының ақпараттық жүйелерін интеграциялау жұмысын іске асыруда. Жалпы ішкі істер органдары көші-қон бақылауын жетілдіру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

 

2,4 миллион қызмет көрсетілді

Көші-қон саласындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау жүзеге асып келеді. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, есепті жылда азаматтар мен ұйымдар үшін көші-қон саласында 23 мемлекеттік қызмет, оның ішінде 13-і онлайн режимде қолжетімді болды. Бір жыл ішінде онлайн-форматта 2,4 миллион қызмет көрсетілді. Соның ішінде «Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттар мен жеке куәліктер беру», «Қазақстан Республикасының азаматтарын тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу, азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығару» және тағы да басқа қызметтер  ең көп сұранысқа ие болғанын айта кету керек.

-Көші-қон саласындағы мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау шеңберінде олардың тиімділігін арттыру мақсатында бизнес-үдерістерді талдау және оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Оның бірі - «Иммигрант» кейсі. Қазіргі үлгіде иммигранттарды қолдау әр кезеңде адамның жеке қатысуын талап етеді. Мәселен, визаға өтініш беру, ЖСН, рұқсаттар мен мәртебелерді алу және тағы басқа. Үдеріс 10-ға жуық мемлекеттік қызметті қамтиды және бір деректі бірнеше рет тексеру қатар жүреді. Автоматтандыру мен бірыңғай ақпараттық жүйенің болмауы кідірістерге, қателерге және мемлекеттік органдарға түсетін жүктеменің артуына әкеледі.

Реинжиниринг нәтижесінде келесі элементтерден тұратын жаңа модель енгізілуде. Олар - сапар мақсаты мен өтініш берушінің деректері ол баратын жерге келгенге дейін белгілі болады, барлық көші-қон үдерістері бірыңғай цифрлық қызметке біріктіріледі, тексерулер ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы автоматты түрде жүргізіледі, өтініш берушімен өзара іс-қимыл бірыңғай кіру нүктесі арқылы жүзеге асырылады, көші-қондық лектерді болжауға арналған талдамалық база қалыптасады. Реинжиниринг нәтижелері бойынша үдерістер саны 60-70 пайызға қысқарады, қарау мерзімдері азаяды, қайталану жойылады, ашықтық пен басқару мүмкіндігі артады, мемлекеттік органдардың ресурстары оңтайландырылады, елдің имиджі нығаяды деп болжанып отыр, - дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Жоғары білікті IT-мамандарының арасында Қазақстанның тартымдылығын арттыру және олардың елдің экожүйесіне интеграциялануы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында «Digital Nomad Residence» және «Digital Nomad Visa» бағдарламалары іске қосылды. Бірінші бағдарлама тұруға ықтиярхатты толығымен онлайн-форматта алуға мүмкіндік береді. Бұған дейін елге жеке келу, ЖСН мен электрондық цифрлық қолтаңба, сондай-ақ кірісті растау қажет болатын. Бүгінде бұл үдеріс мүлдем қашықтан жасалатын болды. Өтініш беру astanahub.com және egov.kz сайттары арқылы жүзеге асырылады. ЖСН мен ЭЦҚ-ны шетелдік мекемелер арқылы да рәсімдеуге болады, кірісті растау енді талап етілмейді. Бұл шетелдік ІТ-мамандардың кіруін және заңдастыру мәселелерін айтарлықтай жеңілдетті.  

Екінші бағдарлама - цифрлық көшпенділерге арналған мамандандырылған виза. Бағдарлама Қазақстанда өз мамандығы бойынша 1 жыл мерзімде жұмыс істеуге және елде әрі қарай тұруға ыхтиярхат алуға мүмкіндік береді. Онлайн рәсімделеді және ел аумағында алғаш рет цифрлық  көшпенділердің еңбек қызметін заңдастырады. Бүгінгі күні бағдарламаға қатысуға 204 өтінім түсті. Алжир мен Ботсван азаматтарына алғашқы 2 виза берілді. Бұл бағдарламалар - цифрлық таланттарды тартуға бағытталған заманауи және технологиялық көші-қон саясатын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

- Сондай-ақ QazETA туралы да айтқым келеді. Бұл Қазақстандағы шетелдіктерге арналған мобильді қосымша, ол оларға бірқатар сервистерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Олардың ішінде цифрлық мемлекеттік қызметтер бөлігінде  виза алу, болу орны бойынша тіркелу және өзге де көші-қон сервистері қарастырылған. Ал туризм бөлігінде  көрікті жерлер, турлар, қонақүйлерді брондау, билеттерді сатып алу және тағы да басқа ақпараттар орналасқан.  Байланыс және көлік бөлігінде  SIM-карталарды сатып алу, авто, такси жалдау, қоғамдық көліктің кестесі мен төлемі көрсетілген.  Бизнес және инвестициялар бөлігінде  Astana Hub, Астана халықаралық қаржы орталығы, сондай-ақ B2B-қызметтер туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі бар. Қауіпсіздік бөлігінде шұғыл байланыстар, медициналық қызметтер туралы мәліметтер берілген. 2025 жылғы 15 шілдеде пилоттық жоба аясында QazETA мобильді қосымшасы Playmarket-те орналастырылды. AppStore алаңында қосымшаны орналастыруды осы айдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарлануда, - дейді Жаслан Мәдиев.

Бұдан басқа, ағымдағы жылдың қазан айында қосымша шеңберінде заңнамаға пысықтау жүргізіліп жатқан 2 жаңа үдеріс іске қосылады. Олар - ETA (Electronic Travel Authorization) және E-residency. Алғашқысы визасыз елдерге кіруге рұқсат беретін қосымша болса, екіншісі шетелдіктер үшін жаңа мүмкіндік, ол Эстония мен Сейшелдің тәжірибесіне сүйеніп жасалды. Онда елімізге келмей-ақ бизнес ашу үшін Астана халықаралық қаржы орталығы юрисдикциясында резиденцияны тіркеу мүмкіндігі ұсынылады.

Президенттің Қауіпсіздік кеңесінің өткен жолғы отырысында берген тапсырмаларын орындау Үкімет басшысының тікелей бақылауында.

- Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, нақты реттелетін көші-қон саясатын қалыптастыру керек. Ол үшін нормативтік құқықтық базаға аудит жүргізіп, мемлекеттік органдардың көші-қон саласындағы функционалдық мүмкіндіктеріне талдау жасау қажет. Заңсыз көші-қон, өңіраралық диспропорция және көші-қон ағындарын бірыңғай есепке алудың болмауы сияқты барлық өзекті мәселелер бойынша жүйелі әрі кешенді шешімдер қабылдануы тиіс,-деп атап өтті Премьер-Министр Олжас Бектенов.

Көші-қон процесстерін ашық және дәл есепке алуды қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталған Премьер-министр ол үшін цифрлық құралдарды белсенді түрде енгізу, мигранттардың қозғалысын жүйеге келтіріп, толыққанды мониторинг жүргізу үшін шекарадан өткен кезде берілетін көшіп-қонушының ID-картасын енгізу жұмысын жеделдету қажеттігін баса айтты. 

Еңбек және әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне осы жылдың 1 қарашасына дейін барлық дерекқорларды толығымен интеграциялай отырып, көші-қон процестерін есепке алудың Бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Одан бөлек, Олжас Бектенов қазақстандықтарды шетелде жұмысқа орналастырумен айналысатын жеке агенттіктердің қызметін реттеу мәселесінің маңызды екенін атап өтті. Жыл соңына дейін жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін лицензиялау бөлігінде тиісті заңнамалық өзгерістер әзірлеу міндеті қойылды.

Сонымен қатар, Қауіпсіздің Кеңесінде берілген тапсырманың іске асыру шеңберінде Ішкі істер министрлігі мен барлық мүдделі мемлекеттік органдар көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік шараларын қатаңдатып,  жалпы көші-қон саласындағы қауіпсіздік мәселелерін күшейтетін болады.

 

Асан ТІЛЕМІСОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар