
Бір кездері алыс-беріс жасауда үстіне жүк артылған түйелерді жетектеген керуен ел мен елді байланыстырса, бүгінде жағдай мүлде басқа. Адам қажеттілігі үшін ойлап табылған ғылыми жетістіктер мен заманауи технологияның арқасында айшылық жолдар айтарлықтай қысқарып, бір елден екінші елге жүк жеткізу сөз болмай қалды. Қазіргі таңда халықаралық сауда заманауи көлік пен логистиканың арқасында әп-сәтте жүзеге асуда. Бүгінде шетелге тауар жеткізудің түрлі жолдары бар. Өнім тауар экспортталған мемлекетке әуе, құрлық және теңіз қатынасы арқылы жеткізіледі. Осының ішінде Қазақстан үшін теңізге шығуға мүмкіндік жоқ. Өйткені Каспий теңізі тұйық. Сондықтан да Қазақстан теңізге тікелей шығатын жолы жоқ ең ірі мемлекет саналады. Алайда еліміз бұл географиялық шектеуді стратегиялық артықшылыққа айналдырып отыр. Көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғырту, халықаралық дәліздерге қосылу және заманауи цифрлық жаңашылдықтарды қолдану арқылы біз шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтіп отырмыз. Каспий арқылы өтетін бағыттар Орта дәліздің негізгі бөлігі саналады және ол тауар тасымалын бірнеше есе арттыруға жол ашады. Осы ретте Қазақстан Түрікменстанның Аваза қаласында өтіп жатқан теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдерге (LLDC) арналған БҰҰ конференциясына қатысқанын айта кеткеніміз жөн. Аталған халықаралық іс-шара аясында «QazTrade» компаниясының «Экспорттық акселерация-2025» бағдарламасына қатысушылары өз өнімдерін халықаралық қауымдастыққа ұсынған болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған конференцияға қатысуы еліміз үшін өңірлік сауда байланыстары мен ынтымақтастықтың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындап берді. Қазақстанның ұлттық павильонында агроөнеркәсіп кешенінде қайта өңдеу, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика және экспортқа бағытталған инновациялық жобалар салаларындағы компаниялар өз өнімдерін таныстырды. Көрмеде ұсынылған тауарлар халықаралық нарыққа шығаруға дайын және үлкен экспорттық әлеуетке ие екенін көрсетті. Конференцияның басты назарында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Асет Нүсіповтың баяндамасы болды. Ол өз сөзінде: «Теңізге тікелей шығатын жолы жоқ ең ірі ел ретінде біз географиялық шектеулерді стратегиялық артықшылықтарға айналдырдық», – деді.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан көлік-логистика инфрақұрылымына және цифрлық үдерістерге белсенді түрде инвестиция салып жатыр. Елде «KEDEN» жүйесі іске қосылып, цифрлық сауда дәлізі құрылды. Бұл шаралар Орта дәліз бағыты бойынша жүк тасымалын 63 пайызға арттыруға және 2024 жылы контейнерлік тасымал көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар Қазақстанның SPECA елдерімен тауар айналымы 10 миллиард АҚШ долларына жетіп, алдағы жылдары оны екі есеге көбейту көзделіп отыр. Электрондық сауда нарығы да қарқынды дамып, 2024 жылы 60 пайызға өсіп, 6 миллиард долларға дейін ұлғайыпты.
Қазақстандық өнімдер шетелдік делегациялар тарапынан жоғары бағаланып, сапасы мен халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша оң пікір алған.
– Конференция B2B байланыстар орнатуға, қазақстандық брендтерді танытуға және еліміздің сенімді әрі әлеуетті сауда әріптесі ретіндегі беделін нығайтуға зор мүмкіндік береді, – деді «QazTrade» компаниясының Экспорттық акселерация және оқыту тобының бас менеджері Әлімжан Омаров.
Негізінде Каспий теңізін Қазақстан Еуразия кеңістігін жалғайтын қақпаретінде пайдалануына болады Бұл бағыт арқылы еліміз Орталық Азияны Кавказ, Түркия және Еуропамен байланыстыратын Орта дәліздің маңызды бөлігін қамти алады. Қазақстан арқылы Каспий жағалауындағы елдерге, яғни Әзербайжан мен Грузияға, кейін Түркия мен Еуропаға тауар тасымалдауға болады.
Жалпы, Орта дәліз болашақта әлемдік сауда картасындағы негізгі транзиттік бағыттардың біріне айналуы мүмкін. Мұнда Қазақстанның рөлі айрықша, себебі еліміз құрлықтық мемлекет бола тұра, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер үшін үлгі болатын логистикалық және инфрақұрылымдық бағыттарды ұстануға ниеттеніп отыр.
Каспийдегі Ақтау және Құрық порттары осы істің басты көзірі десек болады. Оларды кеңейту, жаңғырту және жүк өткізу қабілетін арттыру халықаралық нарыққа шығудың сенімді кепілі болмақ. Бұл өз кезегінде экспорт көлемін ұлғайтып, еліміздің геоэкономикалық маңызын арттырады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ