Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мегагранттар ғылымды дамытады

Мегагранттар ғылымды дамытады
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағы туралы айтқан бір сөзінде «Қазір- ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен осы екі саланы дамытуымыз керек», - деп атап өткен еді. Расында да, ғылым мен білім еліміздің алға қадам басуының тірегі, экономикалық қуаты мен ұлттық қауіпсіздігінің негізі. Атап айтсақ, мемлекет тарапынан нақты қадамдар жасалып, еліміздегі озық ғылыми-зерттеу жобаларын қолдау мақсатында мегагранттар бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мегагранттар – отандық ғылымды жаңғыртып, ғылым мен өндірісті ортақ мәселелерді шешуге тоғыстырып, жаһандық ғылыми қауымдастықпен интеграциялауға, сондай-ақ жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Соның айғағы ретінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті жариялаған мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында ұйымдастырылған мегагранттар конкурсында М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті жеңімпаз атанды. 2024-2026 жылдар аралығында орындалатын «BR24992867 - Қазақстанның су шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту және басқару үшін ресурс үнемдейтін технологияларды әзірлеу, инновациялық инжинирингтік орталық құру» ғылыми бағдарламасы конкурстық сараптамадан сәтті өтіп, мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл – ғылыми ұжымымыздың ұзақ жылғы еңбегінің, өзекті тақырыпты таңдауы мен заманауи әдістерді ұтымды үйлестіре білуінің нәтижесі. Аталған ғылыми бағдарлама аясында бірнеше бағытта кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары атқарылуда.

Ғылыми бағдарламаның бір бағыты - «Жаңа материалдар мен тамақ өнімдерін өндіру үшін ғылымды білім беру процесіне интеграциялау мақсатында қайта өңдеу өнеркәсібі саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу» болып отыр. Зерттеу жұмыстарына университеттің «Тамақ өндірісі және биотехнология» кафедрасының бірқатар оқытушылары А. Садибаев, Б. Солтыбаева, М. Ержанова, А. Боранкулова, Л.Алашбаева және осы жолдардың авторы қатысып, нақты нәтижелерге қол жеткізді.

Топ мүшелері тарапынан облыс аудандарында өсірілген бидай дәндерінің технологиялық сапа көрсеткіштерін кешенді түрде анықтау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары орындалуда. Себебі бұған дейін жергілікті бидай дәндері нан және нан-тоқаш өнімдерін өндіруде кеңінен қолданылмаған. Сондықтан да, жергілікті бидай ұны мен дәстүрлі емес өсімдік және жануар тектес шикізаттарды қолдана отырып, тағамдық және биологиялық құндылығы жоғары функционалды бағыттағы таба нан өндіруді зерттеу негізге алынған. Функционалды таба нан өндіру перспективалы бағыттардың бірі болып отыр. Өйткені ғылыми-техникалық әдебиеттерге жасалған шолу және патенттік ақпараттық талдау нәтижесінде Қазақстандағы нан және нан-тоқаш өнімдернің жалпы өндіріс көлемінде функционалды өнімдердің үлесі 0,5 пайызды ғана құрайтыны анықталды.

Бүгінгі таңда зерттеу жұмыстарының аясында Меркі, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарында өсірілген «Богарная-56», «Стекловидная-24», «Безостая-1» сұрыпты бидай дәндерінің физика-химиялық сапалық қасиеттері анықталды. Зерттеу жұмыстары М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Ә.С. Ахметов атындағы Наноинженерлік зерттеу әдістері» зертханасында, «Тамақ өндірісі және биотехнология» кафедрасының зертханаларында, «ZHAMBYL STANDART» ЖШС-ның аккредиттелінген сынақ зертханаларында және «КАЗАГРЭКС» АҚ Тараз филиалында жүргізілді.

Зерттеу барысында бидай дәндерінің сапалық қасиеттерін бағалаудың стандартты әдістемелері мен әдістері қолданылды. Зерттелген бидай сұрыптарының 1000 дәнінің салмағы (30,2-39,7 г) және 743-794 г/л натурасымен сипатталынды. Ақуыз бен желімтектің мөлшері 13,0-17,7 пайыз және 24-31 пайыз шамасында болды. ИДК-М1 көрсеткіштері бойынша желімтектің сапалық мәні, Меркі және Т. Рысқұлов аудандарында өсірілген «Богарная -56 «сұрыпты күздік бидайларының үлгілері  бірінші сапалық топты көрсетті. Ал, «Стекловидная-24», «Безостая-1» сұрыпты бидай үлгілері  екінші сапалық топқа сәйкес келетіндігі анықталды.

Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде жергілікті шарушылықта өсірілген «Богарная-56» сұрыпты күздік бидайын наубайханалық мақсатта тиімді қолдануға болатындығы дәлелденді. Бұл өз кезегінде облыс аудандарында өсірілген астықтың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жергілікті диқандардың өнім өткізу нарығын кеңейтуге және экономикалық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

 

Әсел  Өмірбекова,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Тамақ өндірісі және

биотехнология» кафедрасының аға оқытушысы,

«Азық-түлік өнімдер өндірісінің» магистрі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар