Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаһандық сауданың жай-күйі

Жаһандық сауданың жай-күйі
Автор
Әлемдік экономика үнемі құбылып, геосаяси ахуал жиі өзгеріске ұшырап жатқан мына заманда қазақ елі үшін халықаралық нарықтағы өз орнын айқындап, елдік мүдде тұрғысынан табысты стратегия қалыптастыру – басты міндеттің бірі. Өйткені сыртқы сауданың ең басты талаптарынының бірі – жаһандық бәсекеге қабілетті болу. Сондықтан да еліміз үшін ішкі тұрақтылықты сақтап, сыртқы сауда саясатын сауатты жүзеге асыру- аса қажетті іс.

Соңғы жылдары еліміз халықаралық сауда әріптестерімен өзара тиімді келісімдерге қол жеткізіп, шикізаттық емес экспорт көлемін арттыруға бет бұруда. Әсіресе агроөнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша алыс-жақын шет мемлекеттермен арадағы экономикалық байланыс жандана түсті. Бұл өз кезегінде ел экономикасының әртараптануына оң серпін беруде. Әлемдік нарықта орын алып отырған саяси және қаржылық тәуекелдерге қарамастан, Қазақстан дамудың ұзақ мерзімді мақсаттарына сай әрекет етіп келеді. Міне, осындай ілкімді істер, яғни ұлттық экономика мен халықаралық сауда қатынастарының жұмысын тиімді үйлестіру мемлекетімізді табысқа жетелейтіні анық. ҚР Сауда және интеграция министрлігі экономиканы ілгерілету департаментінің директоры Бауыржан Болганысовтың айтуынша, елдегі шикізаттық емес экспорт саласының жай-күйі көңіл көншітерлік деңгейде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның шикізаттық емес тауар айналымы 84,6 миллиард АҚШ долларын құрап, бұрнағы жылмен салыстырғанда 2,8 пайызға жоғары болған.

– Бүгінде Қазақстанның жаһандық нарықтардағы орны біртіндеп қалыптасып келеді. Бұл ретте отандық экспорттаушылар алдында мол мүмкіндіктер ашылып отырғанын айта кетуіміз керек. Мысалы, былтыр отандық шикізаттық емес тауарлардың экспорты 11,9 пайызға өсіп, 28,8 миллиард АҚШ долларын құрады. Жыл басында тауар айналымы 11,2 миллиард АҚШ долларын құраса, бұл көрсеткіш қазіргі уақытта еселене түсті. Оның ішінде шикізаттық емес экспорттың үлесі 3,6 миллиард АҚШ долларына тең. Жалпы, экспорт құрылымында шикізаттық емес экспорттың үлесі 35 пайызға жақындады. Өткен жылы жалпы тауар айналымы 141,4 миллиард АҚШ долларын құраған болатын. Оның ішінде экспорттың үлесі – 81,6 миллиард АҚШ доллары, ал импорт 59,8 миллард АҚШ долларына жетіп отыр. Атап айтқанда, 2024-2025 жылы Қазақстан қайта өңдеу, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өнеркәсібі өнімдерін белсенді экспорттады. 2024 жылы экспорттың ең жоғары өсімін металлургия саласы көрсетті. Оның көлемі 16,9 миллиард АҚШ долларын құрады, бұл қазақстандық металл өнімдерінің сыртқы нарықтағы жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Сонымен қатар Қазақстан азық-түліктің сенімді жеткізушісі ретінде, әсіресе көрші және Таяу Шығыс нарықтарына өз позициясын нығайтуды жалғастыруда. Тамақ өнімдерінің экспорты 2,8 миллиард АҚШ долларын құрады. Машина жасау саласының экспорты 2,2 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл өнеркәсіптің технологиялық қайта бағдарлануының және күрделі жабдықтар локализациясының өсуінің оң белгісі. Сондай-ақ химия өнеркәсібі мен мұнай-химия экспортының айтарлықтай өсуі байқалады, олардың экспорты тиісінше 1,9 және 1,5 миллиард АҚШ долларын құрады. Осылайша, 2024 жылы шикізаттық емес тауарлардың экспорты Қазақстанда индустрияландыру мен қайта өңдеуді дамытудың стратегиялық мақсаттарына сәйкес келетін өңдеу секторларында тұрақты өсумен сипатталды. Біздің сауда серіктестерімізге келетін болсақ, өткен жылы Қазақстаннан шикізаттық емес тауарлар экспортының негізгі бағыттары ретінде бірқатар елдерді қамтыды. Атап айтсақ, Ресей Федерациясына 8,1 миллиард АҚШ долларының тауары жөнелтілді. Шикізаттық емес тауарлардың экспорты бойынша бұл ел ең ірі серіктес болып саналады, ол географиялық жақындығымен де, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі терең экономикалық интеграциясымен де байланысты. Қытайға 7,19 миллиард АҚШ долларының тауары жеткізілсе, бұл да стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Әсіресе металлургиялық, химиялық және азық-түлік өнімдеріне сұраныстың артуына байланысты. Қазақстан түрік нарығында, әсіресе металдар, тамақ өнімдері мен химия бойынша позицияларын  нығайтуда. Түркияға тиесілі экспорт 1,95 миллиард АҚШ долларын құрады. Өзбекстан 1,89 миллиард АҚШ долларының экспортын қабылдап, мемлекетаралық сауда саласында тұрақты өсуді көрсететін үздік нарықтардың біріне айналды. Қырғызстанға 1,15 миллиард АҚШ долларының тауары жіберілді. Негізінен жеткізілімдердің едәуір көлемі Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ шикізаттық емес өнімдерді белсенді 10 импорттаушы мемлекеттердің құрамына кіретін елдер де бар. Мысалы, олар Америка Құрама Штаттары ($863 миллион), Тәжікстан ($676 миллион), Ирландия ($647 миллион), Нидерланды ($558 миллион), Жапония ($506 миллион) секілді мемлекеттер. Атап айтқанда, жоғарыда баяндалған мемлекеттерге экспорттық бірқатар тауарлардың өсімі байқалады. Уран 31,7 пайызға өсіп, 4,6 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл экспортталатын өңделген тауарлардың 15,8 пайызын құрайды. Мыс және катодтар 29,6 пайызға артты немесе 4,1 миллиард АҚШ долларына тең. Мыс экспортталатын өңделген тауарлардың 14,4 пайызына жетіп отыр. Ферроқорытпалар 3,9 пайызға ұлғайып, 2,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Ферроқорытпа экспортталатын өңделген тауарлардың 8,4 пайызын көрсетті. Өңделмеген мырыш 7,8 пайызға артты немесе 650,7 миллион АҚШ долларын құрады. Болаттан жасалған тегістелген прокат 10,8 пайызға өсті немесе 649,8 миллион АҚШ долларына тең. Алюминий оксидтері мен гидрооксидтері – 26,8 пайызға өсті немесе 459 миллион АҚШ долларына бара-бар. Жануарларды азықтандыру өнімдері 4,4 есе ұлғайды немесе 241,5 миллион АҚШ долларына жетті. Пропилен полимерлері – 2,4 есе өсті немесе 229,3 миллион АҚШ долларын құрады,– дейді Бауыржан Ертайұлы.

Қазақстан Республикасының Елшіліктері жанынан шетелде отандық сауда өкілдерінің жұмысы да жанданып жатқанын айта кету керек. Бүгінгі таңда Сауда және интеграция министрлігінің Түркия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан және Ирандағы сауда өкілдері тағайындалыпты. Басты сауда серіктестерінің бірі болып саналатын Қытай Халық Республикасының нарығына ерекше назар аударылып отыр. Осы орайда «QazTrade» сауда ұйымы Үрімші қаласында өкілдік ашты. Сондай-ақ Нанкин қаласында да тиісті инфрақұрылым дамып келеді.

– Қазақстан ынтымақтастық пен саудаға мүдделі барлық өңірлермен сауда қатынастарын жолға қойып, дамытатын болады. Дегенмен бұл процесс уақытты, экономикалық есептеулерді, логистикалық шешімдерді және басқа да көптеген факторларды қажет ететінін түсіну керек. Негізгі кедергілердің ішінде логистикалық қиындықтарды, яғни жеткізудің жоғары құны, көлік инфрақұрылымының шектеулілігі, шекарадағы проблемалар бар. Сонымен қатар сертификаттау және стандарттар, халықаралық сертификаттарды алудағы қиындықтар, өнімнің шетелдік сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмеуі сияқты кедергілерді атап өткен жөн. Осы ретте Қазақстанның айтарлықтай логистикалық мүмкіндіктеріне де тоқтала кеткен жөн. Министрлік индустриялық және арнайы экономикалық аймақтар нысанында трансшекаралық хабтарды құру және дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. Мысалы, Жетісу облысындағы Қорғас торабы, Маңғыстау облысындағы Каспий торабы, Батыс Қазақстан облысындағы Еуразия, Түркістан облысындағы «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы (МЦПК) және Жамбыл облысындағы «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешенін сөз етуге болады. Осы іс-шаралар шеңберінде тиісті келісімдерді ратификациялау бойынша Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан Республикасының үкіметтерімен өзара келісімдер бар. Шикізаттық емес экспортқа үнемі жүргізілетін талдау нәтижелері бойынша біздің тұрақты сауда серіктестеріміз Ресей мен Қытай, Орталық Азия елдері, Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ, Германия, Франция, Италия және тағы да басқа мемлекеттер болып отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар болашағы бар экспорттық нарықтар жоғары, орташа және бірқалыпты экспорттық мүдделі елдерге бөлінген. Мәселен, Ресей, Қытай, Орталық Азия елдері қазақстандық өнімді өткізудің басым нарықтары болып есептеледі. Иран, Үндістан, АҚШ, Канада, Польша және басқа мемлекеттер сияқты нарықтар орташа экспорттық қызығушылық тудырады. Арақашықтық пен көлік-логистикалық шығындарға байланысты Оңтүстік Америка, Австралия, Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елдері, Африка континентінің нарықтары бірқалыпты экспорттық қызығушылық нарықтары болып отыр, – дейді Б.Болғанысов.

Ал өз облысымыздың экспорт көлемін сөз етсек, шетелге тауар жөнелту ісі жыл басынан бері бірқалыпты өсіммен жалғасып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында облыстың Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне шығарған өнімі 53,4 миллион АҚШ долларын құрапты. Алайда одан кейінгі айларға арналған нақты статистикалық мәліметтерді Ұлттық статистика бюросы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі әзірге жариялаған жоқ. Десе де өңір экспортының басым бөлігін минералды өнімдер, химия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы тауарлары құраған.

Жалпы, сыртқы сауданың мән-жайына келетін болсақ, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) 2025 жылға арналған сауда рәсімдерін жеңілдету индикаторларының «Trade Facilitation Indicators» (TFI) жаңартылған нұсқасын ұсынып отыр. Бұл жаһандық зерттеу шекарадағы сауда үдерістерін жетілдіруге бағытталған елдердің озық тәжірибелерін айқындап, мемлекеттік саясаттың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – «Trade Facilitation Indicators» деректері Қазақстан үшін оң нәтижелерді көрсетіп отыр.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының «Trade Facilitation Indicators» көрсеткіштері алғаш рет 2013 жылы енгізілген еді. Содан бері әр екі жыл сайын жаңартылып, бүгінде әлемнің 163 елін қамтитын ірі халықаралық бағалау құралына айналды. Ұйым деректеріне сүйенсек, соңғы онжылдықта Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) сауда рәсімдерін жеңілдету туралы келісімі аясында атқарылған реформалар нәтижесінде халықаралық сауда шығындары орта есеппен 5 пайызға төмендеген. Бұл – цифр түрінде көрінгенімен, шын мәнінде шекарадағы ұзын-сонар кезектер мен құжаттық сергелдеңдердің айтарлықтай азайғанын білдіреді.

Өткен жылғы есепте ЭЫДҰ Еуропа мен Орталық Азия аймағының озық реформатор елдері қатарында Қазақстанды және өңірдегі өзге де мемлекеттерді, яғни Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанды ерекше атап өтіпті. Сондай-ақ Сербия, Румыния, Черногория, Молдова, Босния және Герцеговина, Солтүстік Македония сияқты Балқан түбегінің елдері де оң динамика көрсеткен. Сарапшылар бұл жетістікті бірнеше негізгі бағыттағы айқын өзгерістермен байланыстырады. Атап айтқанда, шекаралық ведомстволар арасындағы ішкі өзара әрекеттестікті жақсарту бағытында Орталық Азия елдерінің 81 пайызы ілгері қадам жасаған. Сонымен бірге ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету ісінде айтарлықтай прогресс тіркелген.

2023-2024 жылдар аралығында Қазақстанда TFI индикаторының барлық бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізілгені мәлім. Соның ішінде ақпараттық қолжетімділік бағыты ерекше назар аударарлық. Сауда және интеграция министрлігінің үйлестіруімен Қазақстанда экспорт, импорт және транзит рәсімдерін егжей-тегжейлі сипаттайтын ұлттық сауда ақпараттық порталы іске қосылды. Бүгінде бұл платформада көлік түрлеріне қарай бөлінген 80-нен астам тауар тобы бойынша рәсімдер толық сипатталған. Порталдың басты артықшылығы қарапайым кәсіпкерден бастап, ірі тасымалдаушыға дейін қажетті мәліметті қолжетімді түрде таба алатындығында болып тұр. Бұл өз кезегінде парақорлық пен бюрократиялық кедергілерге жол бермейді, ал кәсіпкерлер үшін сенімділік пен жағдайды болжамдай алуға мол мүмкіндік береді.

ЭЫДҰ есебінде Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қосқан үлесі де атап өтілді. Каспий теңізі арқылы өтетін бұл бағыт қазіргі уақытта Қытай мен Еуропа арасындағы тауар тасымалын жылдам әрі сенімді түрде жүзеге асырудың баламалы жолына айналып отыр. Осы ретте Ақтау теңіз порты мен Құрық портының инфрақұрылымдық мүмкіндіктері кеңейіп, сауда рәсімдерін рәсімдеу үдерістері жеңілдетілді. Барлық рәсімдер тиісті мемлекеттік органдардың верификациясынан өтіп, заңнамалық негізде бекітілді.

Тағы бір маңызды мәселе- Қазақстанның трансшекаралық қағазсыз сауда рәсімдерін енгізуге бағытталған халықаралық келісімге қосылу процесін бастауы. Бұл бастама электронды құжат алмасу жүйесін жолға қойып, логистикалық үдерістерді жеделдетуге және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сарапшылардың болжауынша, қағазсыз сауда форматына көшу орта мерзімді кезеңде тауар айналымының 25 пайызға артуына және бизнес шығындарының 28 пайызға қысқаруына әкелуі мүмкін.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар