Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бәрі де ел игілігі үшін

Бәрі де ел игілігі үшін
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық тапсырмаларында белгіленген ең басты міндет - азаматтардың өмір сапасын жақсартып, табыстарын арттыру. Бұл тұрғыда тың бастамалар қолға алынып, тегеурінді талап қойылды. Маңызды міндеттерді іске асырудағы Үкіметтің әрбір шешімі экономиканы ілгерлетіп, халық игілігіне айналып жатыр. Ел Үкіметі тарапынан жүйелі жұмыстардың қолға алынуы қарапайым халықтың атқарушы билікке деген сенімін арттыра түскені анық.

19 терминал жаңғыртылды

Мемлекет басшысының ішкі және халықаралық авиарейстер санын ұлғайту, сондай-ақ көлік секторына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жандандыру туралы тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет авиация саласын жаңғырту жөніндегі шаралар кешенін дәйекті түрде іске асыруда.   

Бұл тұрғыда Қазақстанның авиациялық хаб ретіндегі рөлін күшейту, атап айтқанда, әуе тораптарын дамыту, жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту бағытында тиісті шаралар қолға алынған.

Көлік министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандық авиакомпаниялар 7,2 миллион жолаушы тасымалдаған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға артық.  Әуежайларда жолаушыларға қызмет көрсету көлемі 14,4 миллион адамға дейін артты. Қазіргі уақытта ішкі авиатасымалдар жалпы жиілігі аптасына 849 рейс болатын 61 бағдар бойынша орындалады.

Соңғы жылдары Қазақстанда 20 ұшу-қону жолағы, 19 терминал реконструкцияланды, Түркістанда жаңа әуежай салынды.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, биыл әуе кемелері паркін 16 бірлікке толықтыру күтіліп отыр, оның алтауы бүгінде сатып алынған. Жалпы, 2030 жылдың соңына дейін флот 221 бірлікке дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ 2025 жылы 36 бағдарды ашу және жаңарту жоспарлануда. Инвестициялық бағдарламалар шеңберінде авиация саласына барлығы шамамен 2,9 миллиард доллар қаржы тарту көзделіп отыр. Қаражатты ірі жобаларды жүзеге асыруға, атап айтқанда, Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі, сондай-ақ Арқалық туристік аймақтарында жаңа әуежайлар салу, 10 ұшу-қону жолағы мен 10 терминалды реконструкциялау, арнайы техника паркін жаңарту жұмыстарына жұмсалмақ.

Елімізде жүк авиакомпаниясын құру жөніндегі бастама іске асырылмақ. Бұл жоба әлемдік жүк авиатасымалы нарығының тұрақты өсуіне байланысты қолға алынғалы отыр. Бүгінгі таңда ондағы көлем 57,7 миллион тоннаны құрайды, бұл ретте тасымалдардың шамамен 15 пайызы Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы өтеді.

– Әлемдік тәжірибеге сәйкес бастапқы кезеңде үш әуе кемесін жалға алып, кейіннен флотты он бірлікке дейін кеңейту көзделіп отыр. Ұлттық жүк авиатасымалдаушының операторлығымен алғашқы рейсті іске қосу 2026 жылдың басында жүзеге аспақ. Жоба өзін өзі ақтауы үшін отынмен қамтамасыз етудің кепілдендірілген көлемі қарастырылуда, – дейді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды аймақтағы жетекші авиациялық хаб ретінде күшейту міндетін қойғаны белгілі. Қазіргі таңда әуежай инфрақұрылымын және ішкі тасымалдарды дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Соның ішінде жүк авиатасымалдаушыны құру - негізгі жобалардың бірі. Оны жүзеге асыру транзиттік жүк ағындарын Қазақстанға қарай бұруға мүмкіндік береді және жүк авиатасымалы нарығындағы біздің ұстанымымызды күшейтетін болады.

Жеке инвестициялардың арқасында Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары пайдалануға берілді. Бұл жалпы өткізу қабілетін жылына 3,5 миллионнан 23 миллион жолаушыға дейін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді.

– Біздің отандық тасымалдаушылар жаңа шетелдік маршруттар мен ішкі рейстерді игеруде. Сонымен қатар, еліміздің барлық дерлік әуежайларында «ауа еркіндігінің» бесінші дәрежесі бар. Бұл да өз жемісін беріп отыр. Соның арқасында бізге шетелдік компаниялар келуде, жолаушылар ағыны тұрақты түрде өсуде. Елімізде авиацияның болашағы зор. Ал бағаларға келетін болсақ, бұл нарық бізде реттелмейді. Біздің міндетіміз - монополия болмайтындай және ешкім теріс мақсатта пайдаланбайтындай етіп бәсекелестікті дамыту, – деді осы мәселе бойынша Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Бірінші вице-премьердің айтуынша, бүгінгі таңда «ашық аспан» режимі Қазақстанның 17 әуежайын қамтиды. Бұл жетекші шетелдік авиакомпаниялардың нарыққа шығуы үшін қолайлы жағдайлар туғызып, ол өз кезегінде азаматтық авиация саласындағы бәсекелестіктің күшеюіне және ұшу географиясының кеңеюіне ықпал етуде.

Сонымен қатар, авиаотын жеткізу саласында да тұрақты позициялар байқалады.

Бүгін біз авиакеросиннің қажетті мөлшерінің 30 пайызына дейін экспорттаймыз. Бұл тек азаматтық авиация ғана емес, сонымен қатар жүк тасымалына да қатысты. Бұған дейін, 2017 жылы біз мұнай өңдеу зауытын жаңғыртқанның арқасында тапшылықты жойған болатынбыз. Егер бұрын тұтыну жылына 650 мың тоннаны құраса, 2019 жылдан кейін ол 900-1000 мың тоннаға жетті. 2029-2030 жылдарға қарай жаңа қуаттарды іске қосу арқылы біз тапшылықты толығымен жоямыз, – деді бірінші вице-премьер.

 

40-тан АСТАМ СУ ҚОЙМАСЫН САЛУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Климаттық өзгерістер мен су тапшылығының артуы жағдайында су шаруашылығы саласының маңызы артып, су ресурстарын тиімді басқару мемлекеттік саясаттың басымдықтарының біріне айналуда.

Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет су саласында жаңа су қоймаларын салуды, жұмыс істеп тұрған нысандарды реконструкциялауды, цифрлық технологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізуді қамтитын ауқымды жаңғыртуды қолға алған болатын.

Қазақстан бойынша 1395 тірек гидротехникалық құрылыстар (ГТҚ) бар. Су тасқынына дайындық мақсатында Бассейндік инспекциялар Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерімен, жергілікті атқарушы органдармен және «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен бірлесіп гидротехникалық құрылыстарды көзбен шолып тексеру жүргізеді. Биылғы зерттеу қорытындысы бойынша жөндеуді қажет ететін 560 гидротехникалық құрылыстар  анықталды, оның 540-ы қанағаттанарлықсыз және 20-сы апатты жағдайда. 

Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылдың соңына дейін Қазақстанда жаңадан 42 су қоймасын салу және жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасын реконструкциялау жоспарлануда. Бұл ауыл шаруашылығын сумен тұрақты қамтамасыз етеді, су басу қаупін төмендетеді және трансшекаралық суларға тәуелділікті азайтады. Солтүстік өңірлерде жаңа су қоймалары 216 елді мекенді су басуына жол бермей, 1,5 миллиард текше метр  қарғын суды жинауға көмектеседі. Оңтүстікте олар суару алаңдарын 295 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

2025 жылы ведомство республикалық бюджет және халықаралық қаржы ұйымдары есебінен 98 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.

Министрлік қазірдің өзінде Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында суару желілерін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізуде.

Қызылорда облысында өткен жылдан бастап жалпы ұзындығы 232 шақырым болатын Жаңа Шиелі, О-2, Келінтөбе, Әйтек, Сунақата су арнасында суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орната отырып, гидропосттарды реконструкциялау жобасы іске асырылуда.

Сонымен бірге Қызылорда облысының 16 магистралды және шаруашылықаралық арналарын автоматтандыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жобаларды жүзеге асыру 2025 жылдан 2027 жылға дейінгі мерзімге жоспарланған, арналардың жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымнан асады.

Сондай-ақ 2025-2027 жылдары Түркістан облысында 80 арнаны және Жамбыл облысында 77 арнаны автоматтандыру жоспарланған. Қазіргі уақытта автоматтандыруға жататын арналар санының ұлғаюын ескере отырып, жобалық-сметалық құжаттама өзектендірілуде.

Автоматтандыру жобаларында су ресурстарын жоспарлау, пайдалану және басқару мүмкіндігі бар бағдарламалық шешімді қоса алғанда, шығын өлшегіштері бар қақпаларды орнату қарастырылған. Процесті қашықтан басқару және автоматтандыру объектіге шығу қажеттілігін жояды және судың таралуын бақылауға мүмкіндік береді. Операциялар қашықтан орындалады және тәуліктің кез келген уақытында автоматты түрде жұмыс істеу үшін ыңғайластырылады.

Суару арналарында автоматтандыруды енгізу жеке шаруашылық деңгейінде де, өңір ауқымында да бірқатар маңызды артықшылықтар мен ұзақмерзімді тиімділік әкеледі. Бұл шылқытып суару немесе жеткіліксіз суару факторларын жояды, фермерлер арасында ресурстарды ашық бөлуді қамтамасыз етеді.

Нәтижесінде, бұл жобалар егіндік судың шығынын 20-30 пайызға азайтуды және ауданы 420 мың гектардан астам суармалы жерлердегі суды есепке алуды қамтамасыз етуі тиіс.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өндірушілерімен су беруге қатысты 22,5 мың шарт жасалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 мыңға артық.

Бұдан басқа, осы жылдың соңына дейін топтық су құбырларын салу бойынша 24 жобаның 12-сін аяқтау жоспарлануда, бұл жалпы тұрғыны 423 мың адамды құрайтын 153 ауылды сапалы ауызсумен қамтамасыз етеді. Тағы 52 елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылады.

Биыл жаңадан 4 су қоймасының құрылысын бастау және жұмыс істеп тұрған 4 су қоймасын реконструкциялау жоспарлануда.

Батыс Қазақстан облысындағы құрылысы дайындалып жатқан «Үлкен Өзен» су қоймасы тасқын суларды жинақтау және ауыл шаруашылығы алқаптарын суару үшін пайдаланылатын болады.

Алты облыс аумағында цифрландыру элементтерін қолдана отырып, 115 арнаны қайта жаңарту жоспарлануда және Астана су қоймасын толтыру үшін құрылыстар салумен қатар қолданыстағы арнаны кеңейту және тазарту жұмыстары жүргізіледі.

Бұдан басқа, биыл  көлемі 256 мың гектар аспалы 1,9 мың шақырымнан астам суару каналдарын пайдалануға беру көзделген. «Қазсушар» кәсіпорны филиалдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін Үкіметтің қолдауымен 757 бірлік арнайы техника мен көлік сатып алу жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда 273 арнайы техниканы «Қазсушар» кәсіпорнының  филиалдары қабылдады.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, биыл 150 мың гектар суармалы жерге қосымша су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен бірге, субсидияларға сараланған тәсіл енгізілді. Яғни,  суды үнемдейтін технологияларды қолданатын фермерлерге үлкен көлемдегі мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Бұл қадам тиімді суару жүйелеріне - жаңбырлату, тамшылату, лазерлік орналастыру тәсілдеріне көшуді ынталандырады.

Айта кету керек,  биылғы  4 сәуірде Самарқанд қаласында Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 89-шы отырысы өткен болатын.

Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан келген әріптестермен жасалған келісімдердің нәтижесінде биылғы суару кезеңінде Қазақстанға Сырдария өзені бойынша 3,7 миллиард текше метр су, «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы 909 миллион текше метр  су келіп, Солтүстік Аралға 975 миллион текше метр су жіберіледі.  

2025 жылғы 25 сәуірде Астана қаласында Шу және Талас өзендеріндегі Мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы комиссиясының 35-отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша 2025 жылдың вегетациялық кезеңіне мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарынан су беру кестесі бекітілді.

Мәселен, мамырдан қыркүйекке дейін Қазақстанға Талас өзені бойынша 400 миллион текше метр су, Шу өзені бойынша – 180 миллион текше метр су беріледі. Осылайша, 2025 жылдың вегетациялық кезеңінде сумен қамтамасыз етудің  (сәуірді ескере отырып) жалпы көлемі 625 миллион текше метрді  құрайды деп болжануда.

 

Үнемдеген ұтады

Су саласындағы негізгі проблемаларды -  мысалы, ауыз су мен суармалы судың жетіспеушілігін, сондай-ақ жиі болатын су тасқынын тиімді шешу үшін Үкімет шаралар кешенін қабылдауда.

Олардың қатарында 2030 жылға дейін су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды, 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару тұжырымдамасын, Су үнемдеу жөніндегі жол картасын әзірлеу және іске асыру бар. Бұл бастамалар жағдайды жүйелі түрде жақсартуға бағытталған.

Жасыратыны жоқ, халықты ауыз сумен  қамтамасыз етуге қатысты мәселе ұзақ уақыт бойы шиеленісті болып келді. Әсіресе ауылдық жерлерде тұрғындар сапалы әрі тұрақты сумен қамтамасыз етудің жетіспеушілігіне тап болды.

Дегенмен, 426 елді мекенді және миллионнан астам адамды қамтитын 28 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырудың арқасында жағдай айтарлықтай жақсарады деп күтілуде.  

Бұдан басқа, Ақтөбе облысындағы «Көкжиде» кен орны сияқты жерасты көздерін дамыту тәулігіне қосымша 173,4 мың текше метр сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Егістіктерді суару мәселесіне келетін болсақ, осыған дейін ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету тұрақты жүргізілмей қалғанын және тозған суару желілеріндегі шығындар айтарлықтай көлемге жеткенін атап өткен жөн.

Алайда жағдай түбегейлі өзгеруде.  20 жаңа су қоймасын салу және қолданыстағы 15 су қоймасын қалпына келтіру, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам суару каналдарын реконструкциялау көзделген. Сонымен бірге су үнемдеудің заманауи әдістері, соның ішінде су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялау қолға алынуда.  Бұл қызметтердің құнын айтарлықтай төмендетуге әкеледі. Осылайша, өнімсіз шығындарды азайту арқылы аграрлық сектор біртіндеп ұзақ уақыт бойғы су тапшылығы жағдайынан шығып, тұрақты  әрі үнемді сумен қамтамасыз етуге көшеді.  

Су тасқынының алдын алу саласында да түбегейлі қадамдар жасалуда. Егер бұрын әрбір  су тасқыны маусымы мүлік  пен ауыл шаруашылығына залал әкелетін болса, қазір көктемгі суларды жинақтау үшін жалпы сыйымдылығы 180 миллион текше метрге дейінгі су қоймалары салынуда. 

Сонымен қатар жаңа нормативтік актілер су тасқынын басқарудың жүйелі тәсілін көздейді, онда су тасқынының едәуір көлемі су жайылмаларына, көлдерге және жайылымдарға жіберіледі, осылайша экожүйелерді қолдайды және шөлейттенудің алдын алады. Сондай-ақ елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін инженерлік құрылыстар салуды міндеттейтін нормалар көзделген. Осының арқасында Қазақстан салдарлармен реактивті күрестен су тасқыны  тәуекелдерін белсенді басқаруға дәйекті түрде көшуде.

Тағы бір айта кетерлігі, 2024 жылдан су үнемдеу саясатын одан әрі іске асыру және фермерлерді су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру үшін негіз қаланды.

Инфрақұрылымды жүргізу кезінде ұңғымаларды бұрғылауға, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға фермерлердің шығындарын өтеу үлесі 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды, тариф құнына байланысты субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді. 

Аталған жаңа өзгерістерді жүзеге асыру өз нәтижесін көрсетті. Суару кезінде су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптар 158 мың гектарға дейін ұлғайды.  Оның ішінде 60 мың гектары жаңбырлату 40 мың гектары  тамшылату жүйелерін пайдалана отырып суарылады. Ал 58 мың гектары лазерлік жоспарлаушымен тегістелді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша су үнемдеу технологиялары бар суармалы жерлердің жалпы ауданы 470,1 мың гектарды құрады. Сонымен қатар 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жерлердің ауданын 1,3 миллион гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр.

 

Мамандар даярлауға баса мән берілуде

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы 9 сәуірден бастап қазақстандық су саласы мамандарының бірінші тобы Қытай Халық Республикасында біліктілікті арттыру курстарынан өтуді бастады. Бірінші топқа 30 маман кірді. Бұдан әрі Қытайда 25 адамнан тұратын тағы 3 топ білім алады. Жалпы көрші елде екі апталық біліктілікті арттыру курстарынан су саласының 105 маманы өтеді.

Қазақстандық мамандар жоғары оқу орындарында емес, Қытай Халық Республикасының өндірістік учаскелері мен нысандарында «Power China» компаниясымен қол қойылған меморандум шеңберінде біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Курстардың тақырыптары қажеттіліктерге сәйкес өткізіледі. Бұл тұрғыда су шаруашылығы объектілерін жоспарлау, су тасқынының алдын алу және табиғи апаттардан болатын залалды азайту,  табиғи апаттардан кейін қалпына келтіру және су шаруашылығы объектілерін жоспарлау, су ресурстарын игеру және пайдалану және суды басқару, ағынды суларды тазарту бойынша бағыттар қамтылған.

Курстардан өту кезеңіндегі барлық шығын көршілес мемлекет  тарапының есебінен жабылады. 

Осылайша, Президенттің Қазақстанның авиациялық хаб ретіндегі рөлін күшейту, әуе тораптарын дамыту, жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту, су ресурстарын басқарудың тұрақты жүйесін қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары нақты жүзеге асып жатыр.

Асан ТІЛЕМІСОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Етік киген екі жыл
Алдыңғы мақала
Етік киген екі жыл

Ұқсас жаңалықтар