
РЕДАКЦИЯДАН
Келмеске кеткен Кеңес үкіметі кезінде 18-ге толған жасөспірімдерді міндетті түрде әскер қатарына шақыратын. Ол кезде 2 жыл әскерде болу басты борышың болып саналатын. Сондықтан да әскерден жалтару, бармай қалу деген атымен жоқ. Сарбаз атанып қайтқандардың жүрісі де, тұрысы да бөлек. Әскерден абыройлы оралғандарды күллі ел-жұрт мақтан тұтатын. Сондықтан да мектепті енді ғана тәмамдаған жастар әскерге барғанша асығатын.
1985 жылдың жазында мен де Жамбыл аудандық әскери комисариаттан (қазіргі аудандық қорғаныс бөлімі) шақыру қағазын алдым. Өзім сияқты өрімдей жігіттермен сол жерде танысып, ертесі күні Тараздың темір жол бекетінен Ресейдің Свердловск қаласына жүретін пойызға отырғызып алды да кетті. Бізді бастап бара жатқан офицерлерден «Құрылыс батальонына» түсетінімізді де біліп алдық. «Әр кәлләдә бір қиял» демекші бұған дейін «десант», «теңізші» немесе «матрос» болсам ғой деген арманымыз әдірем қалғанын осы жерде білдік. Свердловск қаласының шеткері жағында орналасқан әскери бөлімге жеткенде біздің үстіміздегі киімімізді сыпырып алып, моншаға түсірді. Әскери форма берді. Ертесі күні сапқа тұрғызып, 11 адамды Мурманскіге жөнелтетіндігін айтты. Әрине, ол жақтың қатты суық болатындығынан хабардар біздің «Осы жерде қалып кетсек қой» деген ой жетегінде жүргенімізді несіне жасырайық. Ол жаққа кімнің баратыны жайында аты-жөнімізді оқи бастағанда «Әлімқұлов» деген фамилияны естіп жүрегім «зу» ете қалды. «Басқа түссе, баспақшыл» дегендей, біз сол күні Свердловскіде қалып бара жатқан жамбылдық 30 баламен қоштасып, Мурманскіні бетке алдық.
Әскери борышмызды өтейтін бөлім «Алакуртти» деген кшігірім ауылда орналасқан екен. Түнгі сағат 03.00-ге таман келсек те түн күндізгідей жап-жарық. Бізді алып келген офицерлер жатын орнымызға жеткізіп, «Ұйықтаңдар» деп әмір бергенімен, күн көзі шақырайып тұрғандықтан, көзіміз ілінген жоқ. Осылайша, біздің әскери өмірдің алғашқы күні, алты ай күн, алты ай түн болатын өңірде таңырқау әрі таңданыспен басталды. 1 айымыз карантинде жүгіру, кедергілерден секіру сияқты әскери өмірге машықтанумен өтті. Бағымызға орай мұндағы полкте қазақтар да аз емес екен. Бізге дейін Шығыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау, Қостанай облыстарынан келгендердің жүргеніне алды бір жарым жыл болса, Арқалықтан алдырған сарбаздарға 6 ай болыпты. Қызық болғанда бізді карантинде әскери тәртіпке баулитын сержантымыздың өзі Семей қаласының қазағы болып шықты. Сондықтан да біз карантинде көп қиыншылық көре қойғанымыз жоқ. Оның айтуынша, үш қабатты әскери гарнизоннның бірінші қабатында орманда тал кесетіндер мен әскери бөлімді жылумен қамтамасыз ететін «кочегарлар» орналасыпты. Ал екінші және үшінші қабатта кесілген талды өңдеп, тиісті жерлерге жіберетін сарбаздар жатады екен.
Жамбыл облысынан, жылы жақтан келген біздің арманымыз – әрине, қақаған 40-градус аязда бүрсеңдеп ағаш кесу емес, полкте қалып кетіп, ағаш өңдеу. Бірақ менің бұл арманым да әдірем қалды. 6 сарбаздың бірі болып, орманға аттандым. Біз тиісті межеге жеткенде орман кесуші сарбаздар кешкі астарын ішіп те үлгеріпті. Жан-жағымызға бажайлап қарап, айналамен таныса бастағанымызда қаз қатар тұрған вагонның арғы жағынан, яғни орман ішінен бір қазақ бала шыға келді. Бізді көріп мәз-мейрам. «Қош келдіңдер!» деп арсалаңдап қарсы алды. Өзі Арқалықтың жігіті екен, кешке бір уақыт спортпен айналысқанды ұнатады. Зілтемір көтеруге әуестігі бар болып шықты. Бізді орман ішіндегі спорттық жабдықтарымен таныстырып та үлгерді.
– Бұл жерде өз-өздеріңе берік болмасаңдар болмайды. Ағаш кесу, шабу үшін де күш керек. Сондықтан сендер де бір мезгіл келіп осында спортпен айналысыңдар, – деп ақылын айтты. Өзі бригадирдің көмекшісі екен. Бригадиріміздің ұлты – грузин, Вишашивили деген сержант болып шықты. 6 айдан соң ауылына қайтатын ол сабазың орманға анда-санда ғана келетін көрінеді. Ал бригадаға жетекшілік ететін де, негізгі жұмысты толығымен атқаратын да, бір сөзбен айтқанда бәріне жауапты осы бауырымыз – Шөптібай Жармағанбетов. Құдай жарылқап, мен дәл осы Шөптібайдың бригадасына бөліндім. Менімен келген өзге де сарбаздар орман кесетін 5 бригадаға бөлініп беріліп, әскери өміріміз басталып та кетті. Алғашында үйрену әрине, оңайға соққан жоқ. Жазда сояудай масалары мазаны алса, қыста белуардан қар кешіп, тал кесуге тура келді. Бірақ біз сыр бергеніміз жоқ. Намысқа тырысып, әскери борышымызды абыроймен өтеп жаттық.
Біз жұмысты тең бөліп, басқа бригадалардан қалып қалмау үшін жанымызды салып, беріліп еңбек еттік. Тапсырманы артығымен орындап та жүрдік. Қиыншылықты еңсере білдік. Қалың орман болған соң ол жақта дала жемісі, жесең тіл үйіретін бүлдірген көп өседі. Талай дәмін татып, тойына жеп те алатынбыз. Ал, жаз айының соңына қарай жаңбырдан соң өсетін саңырауқұлақты да талай жедік. Оны «қомағайланып жеймін» деп уланып қалған кезіміз де болды. Нақтарақ айтсам, бір күні кесіп құлатылған талдардың бұтақтарын шауып жүргенде көлік бізді күтіп-күтіп келмеген соң, кетіп қалыпты. Махнвенвич деген менен алты ай бұрын келген Павлодардың орыс сарбазы екеуміз айдалада, орман ішінде қалып кеткен жайымыз бар. Есім шықты. Қатты қорқып та кеттім. Сөйтсем Махневичің «былқ» етер түрі жоқ.
– Орманға қонып шығамыз, – деді ол менің алаңдап келе жатқанымды сезіп.
–Тамақ ше? – десем, «Саңырауқұлақ жейміз» дейді.
Үлкен шыршаны паналаған біз сол күні қозықұйрықты отқа қақтап, әй бір соқтық-ау. Бірақ қатты ауырып, өлім аузынан қалдым. Одан кейін «қозықұйрықты желкемнің шұқыры көрсін» деп шешкенмін. Әйтсе де адамның айтқаны емес, Құдайдың дегені болады екен. Тағы бірде жұмыстан соң бригадиріміз бастап, саңырауқұлақ теруге шықтық. 5-6 сарбаз бір-бірімізден көз жазбай, саңырауқұлақ теріп жүрміз. Бір уақытта жанымдағылардың бірде-бірі жоқ. Көз жазып қалыппын. Қалың орман ішінде адастым да кеттім. Бір уақытта тікұшақ көрген мен жалма-жан биік шыршаға шығып, қол бұлғап, айқайладым. Қайдағы, төбемнен гүрілдеп өте шықты. Төменге түсіп тың тыңдасам, әлсіз бір тықырлаған дыбыс естілген сияқты болды. Жан ұшыра солай қарай жүгірдім. Дыбыс шыққан жерден адасып кетпейін деп, жүгіріп бара жатып, белімнен келетін жас шырша мен қарағайлардың басын сындырып кетуді де ұмытқаным жоқ. Оным дұрыс болған екен. Бір уақытта дыбыс естілмей кеткен соң, жаңағы орныма қайта келдім. Екінші бағытқа қарай жүгірдім. Әлден соң дыбыс қайта естілмей кетті. Қайта сол орныма келіп, үшінші бағытқа жүгіргенде ғана әлсіз шығып жатқан дыбыс зорая түсті. Тырылдап келе жатқан тракторды көргенде қуанғаннан көзіме жас үйірілді. Біздің «солдаттар» көршілес бригадада жұмыс істейтін тракторшы мен оның көмекшісін құшақтай алдым. Сөйтсем, жағдай былай болыпты. Олар жұмыстан соң вахтаға қайта бергенде, бригадирлері дизель отынын қалып кеткен жерге барып, алып қайтуларын айтады. Бұлар барғысы келмеген әрине. «Ертең де уақыт бар ғой» деп өз уәждерін айтқан көрінеді. Бірақ олардың сөздеріне құлақ аспаған командирлері менің бағыма қарай «әйдә-марш» деп «солярка» құйып келуге айдап жіберіпті. Сол түні борандатқан дауыл тұрып, түнде нөсерлетіп жауын жауғандығын ескерсек, жападан жалғыз орманда адасып қалған менің жағдайымды көз алдыңызға елестетудің өзі қиын. Не керек, Құдайым бар екен. Әйтпесе, бізге дейін ну тоғайда адасып кетіп, көз жұмған сарбаздар да болған екен.
Қазір ойлап отырсам, әскер бізге көп нәрсе берді. Темірдей тәртіпке, қандай қиыншылық болса да еңсере білуге үйретті. Елге, туған жерге деген патриоттық сезіміміз нығая түсіп, сүйіспеншілігіміз артты. Ата-ана, туған-туыс пен ағайындардың қадір-қасиетін терең ұғына түстік. Әскерге түк көрмеген бозбала болып аттанған біздер етік киген екі жылда әжептеуір бой түзеп, есейіп қайттық. Келгеннен кейін қыздарға қырғидай тидік.
Бақытжан СОВЕТҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Тараз қаласы