Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«YouTube» контентті жастық шектеуге сай сұрыптайды

«YouTube» контентті жастық шектеуге сай сұрыптайды
Автор
Қазіргі таңда миллиондаған қолданушысы бар әлемдік деңгейдегі бейнеплатформа YouTube енді жасанды интеллект (AI) көмегімен бейнемазмұнды жастық ерекшеліктерге сай сұрыптауға көшті. Бұл жүйе, әсіресе, 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге арналмаған контентті дер кезінде анықтап, қолжетімсіз етуге бағытталған. Жаңа технология YouTube қолданушылары үшін ақпараттық қауіпсіздікті күшейтіп, ата-аналарға да үлкен көмек болмақ.

Жасөспірімдердің бұл платформаға тәуелділігі таңғаларлық көрсеткішке жеткен. Pew Research Center зерттеу орталығының мәліметі бойынша, 2024 жылы 13 пен 17 жас аралығындағы жеткіншектердің 90 пайызы YouTube көрген. Бұл – YouTube-тың тек ойын-сауық құралы емес, ақпарат алу мен таным көзіне айналғанын көрсетеді.

Сол себепті, балалардың жасына сәйкес келмейтін немесе психологиялық тұрғыда кері әсер ететін контентке тап болу ықтималдығы күн санап артып отыр. Жаңа енгізілген AI сүзгісі бұл олқылықтың орнын толтырып, болашақта осындай мазмұндағы видеоларға тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

Тараз  қаласының тұрғыны, төрт баланың анасы Мөлдір Болатханқызы бұл жаңалықты қуана қабылдағанын айтады.

– Бұрын балам YouTube көріп отырып, бір сәтте атыс-шабыс, қорқынышты бейнелерге тап болып қалатын. Мен әрдайым уайымдайтынмын. Енді жасанды интеллект арқылы ондай контент автоматты түрде бұғатталатын болса, көңілім орнына түсті. Балалар үшін қауіпсіз орта құру — әр ата-ананың арманы, – дейді ол.

YouTube-тың бұл жаңашылдығы Google компаниясының ауқымды стратегиялық бастамасының бір бөлігі ғана. 2025 жылы Google жасанды интеллект саласына 85 миллиард доллар инвестиция салмақ. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 миллиард долларға көп.

Компанияның соңғы жылдардағы AI бағытындағы ірі жобаларына Gemini чат-боты мен AI Overviews қызметі жатады. Gemini – ChatGPT-ға ұқсас, тілдік модельдерге негізделген көмекші, қазіргі таңда оны ай сайын 450 миллионнан астам адам пайдаланады. Ал AI Overviews қызметі – Google іздеу жүйесінде ақпаратты саралап, қолданушыға нақты әрі қысқаша шолу жасап беретін жүйе. Бұл жүйені ай сайын 2 миллиардтан астам адам қолданады. AI Overviews бүгінде әлемнің 200 елінде, 40 тілде қызмет көрсетуде.

Google компаниясының бас директоры Сундар Пичаи бұл технологиялардың маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Жасанды интеллект қызметтің кез келген саласында жоғары нәтиже көрсетіп жатыр. Біз платформаларымызды толық автоматтандыру арқылы сапаны арттыруды көздейміз. Тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары, сондықтан AI бағытындағы инвестицияны ұлғайтып отырмыз, – деді ол.

Жасанды интеллекттің таралуы тек цифрлық платформалармен шектелмейді. Қазірдің өзінде AI адам атқаруға тиіс қызметтердің шамамен 50 пайызын орындай алады. 2025 жылдың соңына дейін AI көмекшілерінің саны 8,4 миллиардқа жетеді деген болжам бар. Бұл – жер бетіндегі халық санынан да көп көрсеткіш.

McKinsey компаниясы жасаған болжамға сәйкес, 2030 жылға дейін әлемде 50 миллион жаңа мамандық түрі пайда болады. Олардың арасында, жасанды интеллект оқытушысы, AI саласындағы тренер, жасанды интеллект саясаты мен этикасы бойынша кеңесші және цифрлық бақылаушы сияқты жаңа бағыттар болмақ.

Осы орайда OpenAI компаниясының бас директоры Сэм Альтман: «Маркетологтар, стратегтер мен креативті мамандар атқаратын жұмыстардың 95 пайызын болашақта жасанды интеллект орындайтын болады. Бұл – тиімділік пен жылдамдықтың заманы», – деген пікір білдіріп отыр.

Жасанды интеллект саласында тек технологиялық емес, геосаяси күрес те жүріп жатыр. Бұл тартыстың негізгі ойыншылары – АҚШ пен Қытай.

АҚШ қазір AI зерттеулерінде, жоғары қуатты чиптер өндіруде әлем бойынша көш бастап келеді. 2023 жылдан бастап Америка үкіметі Қытайға жоғары өнімділікке ие микрочиптер экспорттауға шектеу қойған. Бұл – Қытайдың әскери және технологиялық мүмкіндіктерін шектеуге бағытталған.

Қытай болса, ішкі өндірісті күшейтіп, SMIC, Huawei сияқты ұлттық компанияларға қаржы құйып отыр. Huawei – 5G технологиясын дамытуда әлемдік көшбасшының бірі. Алайда АҚШ оны ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді деп танып, санкциялар енгізген.

Бүгінде әлемдік нарықты Google, Apple, Microsoft секілді америкалық алпауыттар жаулап отыр. Ал Қытайда бұл платформалар бұғатталған. Оның орнына Baidu, Tencent, Douyin сияқты балама өнімдер дамытылып келеді.

Жасанды интеллект енді тек технология емес, адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлшегіне айналуда. YouTube секілді ірі платформалар AI көмегімен өз қызметін жетілдіріп, жасөспірімдер үшін қауіпсіз әрі қолайлы ортаны қамтамасыз етуге көшті.

Білім беру, ақпарат тарату, еңбек нарығы, саясат пен қауіпсіздік салаларында да жасанды зерде өз ықпалын арттырып келеді. Болашақта бұл үрдіс тек күшейе түспек. Ендеше, цифрлық әлемге жауапкершілікпен қарап, оның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – әрбірімізге жүктелген міндет.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар