
Осы бағытта облыста жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар мен цифрландыру бастамалары өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың көрінісі болып отыр. Аймақта бүгінде 392 мемлекеттік медициналық мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 28 аурухана, 12 қалалық және 10 орталық аудандық емхана, 5 ауылдық емхана, 121 дәрігерлік амбулатория, 56 фельдшерлік-акушерлік пункт, 148 медициналық пункт, 1 санаторий, 3 оңалту орталығы, 13 перзентхана және 6 өзге де ұйымдар халыққа қызмет көрсетуде. Бұған қоса, өңірде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 15 жекеменшік мекеме бар. Аймақтағы барлық медициналық ұйымдардың 100 пайыз интернет желісіне қосылуы – цифрлық денсаулық сақтаудың негізі саналатын медициналық ақпараттық жүйелерді толық енгізуге жағдай жасап отыр. Қазіргі таңда облыстың денсаулық сақтау мекемелерінде үш ірі ақпараттық жүйе қолданылады. Мысалы, «Инфо-Донор» жүйесі қан орталықтарының жұмысын автоматтандыруға бағытталған болса, «Көмек» жүйесі жедел медициналық жәрдем қызметін тиімді басқаруға арналған. Ал КМИС «Damumed» – стационарлар мен алғашқы медициналық көмек ұйымдарын түгел қамтитын кешенді медициналық жүйе. Бұл жүйелер емдеу процесін автоматтандырып қана қоймай, халық пен медицина қызметкерлерінің уақытын үнемдеуге, қағазбастылықты азайтуға оң септігін тигізуде.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен құрылған E-Health платформасының сервистері Жамбыл облысында да кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Осы бағытта өңірде КМИС «Damumed» жүйесіне негізделген 031/е нысаны – мүгедектік пен әлеуметтік қорғау шараларын тағайындау қызметі пилоттық режимде іске қосылды. Сонымен қатар, еңбекке жарамсыздық парақтары мен түрлі анықтамалар цифрлық форматта ұсынылуда. Бұл өз кезегінде қызмет алушылар мен дәрігерлер арасындағы қарым-қатынасты жеңілдетіп, қызмет сапасын арттыруға жол ашуда. Жүйенің жаңғыруы әрі қарай да жалғасын тауып отыр. Атап айтқанда, 2024 жылдың қараша айынан бастап «Жүкті әйелдер мен ұрпақты болу жасындағы әйелдердің тіркелімі» және «Дәрілік қамтамасыз ету» жүйелерімен толық интеграция іске асты. Алдағы уақытта бұл тізімге стационарлық, диспансерлік және онкологиялық науқастардың тіркелімдері де қосылады. Осылайша, барлық есеп-қисап пен медициналық қызметтерді басқару бірыңғай медициналық ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл халық үшін де, медицина қызметкерлері үшін де үлкен жеңілдік.Сонымен қатар «Egov mobile» қосымшасындағы e-Densaulyq сервисі арқылы тұрғындар өздерінің медициналық мәліметтерін көре алады. Онда дәрігерге қаралу тарихы, зертханалық талдаулар, вакцинация, рецепттер сынды ақпараттар қолжетімді. Сонымен қатар, осы қосымша арқылы көрсетілген медициналық қызметтерді растауға немесе заңбұзушылықтар туралы шағым түсіруге мүмкіндік бар.
Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлық есептілікті электронды форматқа көшіру туралы шешім қабылдаған. Осыған сәйкес, бүгінде дәрігер қабылдауына жазылу, еңбекке жарамсыздық парағы мен анықтамалар алу, қызмет сапасын бағалау секілді функциялар толығымен цифрлы жүйе арқылы жүргізіледі. Бұдан бөлек, бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында «eGov mobile» және «Damumed» қосымшалары арқылы дәрігерге онлайн жазылу мүмкіндігі енгізілді. Бұл қызмет барлық бас дәрігерлер үшін міндетті сипатта және дәрігерлердің қабылдау кестесі қатаң тәртіппен бекітіледі. Халықпен кері байланысты күшейту әрі қызмет көрсету ашықтығын арттыру мақсатында облыста Face ID технологиясы енгізілуде. Қазіргі таңда 30 алғашқы медициналық ұйымдағы 3 185 жұмыс орнының 1 926-сы веб-камерамен жабдықталған. Қалғандары медициналық мекемелердің өз қаражаты есебінен жабдықталуда. Face ID жүйесі пациенттерді сәйкестендірудің заманауи тәсілі ретінде енгізілуде және ол 16 жастан асқан ҚР азаматтарына қолжетімді. Бұл мүмкіндік болмаған жағдайда жеке куәлік арқылы дәстүрлі әдіспен сәйкестендіру қарастырылған.
Облыста көрсетілетін медициналық қызметтердің көлемі де артып отыр. 2025 жылғы 10 шілдедегі мәлімет бойынша жалпы 1 339 245 медициналық қызмет көрсетілсе, оның 93 504-і (яғни 6,98%) қашықтан ұсынылған. Бұл көрсеткіш цифрлық медицинаның халық арасында кең қолданыс тауып келе жатқанын дәлелдейді. Ал осы жылдың бірінші жартысында 747 телемедициналық кеңес өткізіліп, шалғайдағы тұрғындардың сапалы медициналық көмек алуына жол ашылды.
Тағы бір айта кетерлігі, облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2025 жылғы 17 ақпаннан бастап өңірде телерадиология мен жасанды интеллект элементтерін қамтитын ерекше жобаны іске асыра бастады. «WDSOFT» ЖШС серіктестігімен жүзеге асып жатқан бұл бастама ТМД көлемінде баламасы жоқ жоба болып саналады. Аталған жоба аясында облыстағы 22 медициналық ұйым бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйеге біріктірілді. Жобаның басты мақсаты – ауруларды алғашқы деңгейде ерте анықтау, диагностика дәлдігін арттыру және бюджеттік шығындарды оңтайландыру. PACS жүйесімен жабдықталған радиология платформасы жасанды интеллекттің көмегімен өкпе обыры, сүт безі обыры және пневмонияны ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, рентгенолог дәрігер 5 мм-ден асқан ісіктерді байқаса, жасанды интеллект 1 мм көлеміндегі аномалияларды да анықтай алады. Бұл онкологиялық ауруларды ерте анықтап, уақтылы ем жүргізуге мүмкіндік береді.
Барлық рентгендік зерттеулер Тараз қаласындағы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының деректер орталығындағы серверлерде сақталып, өңделеді. Радиологиялық құрылғылар цифрландырылып, жергілікті желілер жаңартылды, VPN арналары мен сенімді серверлер орнатылды. Бұл жүйе толық іске қосылғанда диагностика тиімділігі мен жылдамдығы айтарлықтай артады. Сонымен қатар, облыста амбулаториялық деңгейде тегін дәрілік заттарды цифрлық форматта ұсынуға бағытталған «Әлеуметтік әмиян» жобасы да табысты жүзеге асырылуда. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық емделушілерге арналған дәрі-дәрмек электронды рецепт арқылы беріліп келеді. Пациент «eGov mobile» қосымшасы арқылы QR-кодты көрсетіп, дәріханадан қажетті препаратын еш қағазсыз ала алады. Бұл жоба қағазбастылықты азайтып қана қоймай, дәрі-дәрмекпен қамту ашықтығын арттырды. Қазіргі таңда облыста амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін 32 ұйым бар, оның ішінде 30-ы емханалар, ал екеуі – мамандандырылған стационарлар. Барлық нысандар 2D-сканерлермен жабдықталған. 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша диспансерлік есепте тұрған 308 391 пациент дәрілік заттармен осы жүйе арқылы қамтылуда. Ал 14 шілдедегі есеп бойынша, барлығы 468 395 дәрілік препарат берілсе, оның 317 149-ы (яғни 67,7 пайызы) «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы рәсімделген.
Өңірде цифрлық технологиялардың денсаулық сақтау саласына енгізілуі емдеу процесін жеңілдетіп қана қоймай, дәрігер мен пациент арасындағы сенімді нығайтуға, медициналық көмектің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыра түсуде. Алдағы уақытта бұл жұмыстар одан әрі жалғасын тауып, өңірдегі медициналық қызмет сапасының жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етеді.
Айжан ӨЗБЕКОВА