
Қазақстан Республикасындағы Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің (әрі қарай – АІЖО ААЖ) даму тарихы – елдегі құқықтық цифрландыру үдерісінің маңызды бөлігі болып табылады. Бұл жүйе азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау, сот актілерін дер кезінде орындату және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында қалыптасты.
АІЖО ААЖ даму кезеңдері:
1) 2000 – 2010 жж. – қолмен және қағаз түріндегі жұмыс кезеңі. Атқарушылық өндіріс қағаз құжаттармен жүргізілді. Істердің есебі Excel форматында немесе қағаз журналдар арқылы жүргізілді.
2) 2010 – 2015 жж. – Алғашқы цифрлық бастамалар. 2010 жылы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заң қабылдануымен ҚР Әділет министрлігімен атқарушылық іс жүргізу туралы бірыңғай дерекқор құру идеясын көтеріліп, пилоттық режимде автоматтандырылған тіркеу жүйелері енгізіле бастады.
3) 2015 – 2020 жж. – АІЖО ААЖ-ның толық енуі. 2015 жылдан бастап Атқарушылық іс жүргізудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (АІЖО ААЖ) толыққанды іске қосылды. Жүйе атқару құжаттарын автоматты тіркеу, борышкерлер базасын жүргізу, АІЖO әрекеттерін электронды бақылау, eGov арқылы борышкер мәртебесін тексеру сияқты мүмкіндіктерді қамтып, нәтижесінде қағазбастылық азайып, процессуалдық мерзімдер мен бақылау жеңілдеді.
4) 2020 жылдан бері – Интеграция мен цифрлық серпіліс. АІЖО ААЖ мемлекеттік органдардың, екінші деңгейлі банктердің барлық ақпараттық жүйелерімен интеграцияланып, онлайн және QR арқылы төлемдер, сот орындаушылардың әрекетін қашықтан бақылау, онлайн шағым, орындау барысын бақылау, SMS-хабарлама мүмкіндіктері пайда болды.
Алдағы уақытта, цифрландырудың, автоматизацияның, және құқықтық жүйеде ақпараттық технологиялардың дамуының арқасында, орын алған құқықтық дауларды шешу механизмдері анағұрлым тиімді және ашық болады деп күтілуде. Мысалы, сот шешімдерінің жариялылығын қамтамасыз ету, атқарушылық іс-әрекеттер мен шешімдердің тіркелуін жеделдету, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен міндеттерінің түсінікті болуын қамтамасыз ету жоғары сапалы құқықтық сервистерді ұсынудың негізі болып табылады. Құқықтық жүйенің ашықтығы, сонымен қатар, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға оң әсер етеді деген сенімдемін.
М.Кожамжаров
Жамбыл ауданаралық мәжбүрлеп
орындату аумақтық бөлімінің
аға сот орындаушысы