
Иә, қай уақытта болмасын балалық шақты еске алсақ, сондай бір ойынқұмар, аңғал, ерке кезіміздің еске түсері анық. Кім ата-анасының алдында асыр салып ойнап отырса, міне сол – бала, міне сол бақытты екені де рас. Иә, ойнап-күлу, қамсыз жүру, мұң сезбеу – бұл да балалықтың бір белгісі. Ата-әжесі мен ата-анасының алдында есік пен төрдей жерге ойыншығын шашып тастап, дамылсыз ойнап жүру – бұл да балалықтың биігі еді ғой. Ал сол бір періштедей пәк кезін облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебінде өткізген балалар қай жерден қателесті? Қандай бұзақылық жасады? Кімнің көңілін қалдырды? Олар неге төрт дүниесі түгел бола тұра, ата-анасынан алшақта жүр? Осы сұрақтарға жауап іздеп, балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебіне бас сұққан едік.
Адасқан балалардың тағдыры ауыр. Бір қызғалдақ он екіде бір гүлі ашылмай-ақ тәнін саудалап жүрген жерінен осында жөнелтілсе, бірі есірткіге әуес, тағы бірі – ұрлықшы. Ең бастысы, бұлар отбасында жылылыққа зәру балалар. Бәрінің жүрегінде батпандай мұң бар. Қайта айналып келмейтін өмірінің ең тәтті кезеңін бақылауда өткізіп жатқан балғындармен кездесудің жүгі тым ауыр. Өзекті өртеген өкініш жалын болып сыртқа шығып, жанға тиер ауыр сөз оқ болып атылды. Бұл ортадағы балалармен аз-кем тілдескен соң ұққанымыз мұнда бозала таңда бозөкпелік танытып, әке-шешесінен безініп жүргендердің қатары көбірек екен. Өмір жолы жаңа басталған жасөспірімдердің бала болса да дүниеден баз кешіп, көше кезіп, өз үйінен безініп, тентіреп кетуіне не себеп? Бұл сұрақты балалардың өзіне қойған едік.
Шашын қысқа етіп дөңгелете қиып, екіге бөліп қойған сары қыздың есімі – Назым. Ол өте пысық. Әңгімені беріліп айтады екен. Үнемі күлімдеп тұратын көздері өткір. Басын тік ұстап, ештеңеден қайтпайтын қайсар мінезді екенін аңғартып, әңгімені бастап та кетті.
– Менің үйден қашуыма «TikTok»-тағы видеом себеп болды. Шорты, майкамен түскен видеомды туыстарым әкеме «жалаңаш түскен» деп жеткізіпті. Әкем соған ренжіп, үйде үлкен дау туды. Соңыра әкемнің шойын шапалағы бетіме шарт етті. Сол сәт ашу-ызаға булығып, «үйден кетемін» деп жыладым. Менен мұндай қылық күтпеген әкем мен шешем сол түні есікті құлыптап ұйықтады. Сағат тілі түнгі 03.00 болғанда ақыры терезеден қашып, такси тұратын жерге жеттім. Төбеден дамылсыз құйған жауыннан тоңа бастадым. Жол жиегіндегі «КамАЗ» жүргізушісі көлігіне мінгізіп алды. Сол сәт әкемнің мені іздеп жүргенін көріп, жүргізушіге «айтпаңыз» деп жалынып, тығылып қалдым. Расымен, жүргізушіден әкем: «Кішкентай қызды көрдің бе?» дегенде: «Көрмедім» деп жауап берді. Сөйтіп әкем ұзап кетті. «КамАЗ» жүргізушісі өзімнің сұрауым бойынша автобекеттен тастап кетті. Сол жерден Алматы қаласына жүргелі тұрған таксиге міндім. Қасымдағы жолаушы әжеге «біреу-міреу сұраса немерем деп айтыңызшы, анам Алматыдан күтіп алады» деп айттым. Жолда көлікті тоқтатқан полиция қызметкеріне әжей: «Бұл – менің немерем», деп таныстырды. Алайда әккі тәртіп сақшылары сенбеді. Мені өздерімен бірге алып кетіп, әкеме тапсырды. Бірақ үйдегілер сәл дауыс көтерсе, көшеге шығып кету, қыдыру, жөн-жосықсыз, мақсат-мүддесіз сыртта жүру әдетіме айналды. Соңыра арнайы мектептен бір-ақ шықтым, – деді де 12 жасар қыз жылап жіберді.
Қатар отырған едік. Мені қапсыра құшақтаған қолдары жып-жылы. Кеудеме басын қойып, солқ-солқ етіп:
– Менің осы күйге түсуіме анам кінәлі. Шешем ешқашан түсінген емес. Мен анамның мейіріміне зәрумін, ол құшағын ашып, мені қолдаса, үйден қашып нем бар? Атам қайтыс болғалы ешкімге керегім жоқ, – деп егілді.
Көздері тұп-тұнық бала өзін Махмут деп таныстырды. Ол қазақша мен орысшаны араластырып сөйлейді екен. Оның да ерекшелігі сол – әңгімені күліп отырып айтады. Жасы 12-де.
– Өгей әкем ұрсады, ұрады. Шыдай алмай үйден қашып кеттім. Көшеде жүргенде қарным ашып, ұрлық жасауға көштім. Ал ұйықтайтын жылы төсегімді ай астындағы ағаш орындықтар алмастырды. Сөйтіп, әр бұтаның түбіне қонып, әр жерден тапқан-таянған тиынымды, ұрлап алған бұйымдарымды әжетіме жаратып, күнелтуді үйрендім. Ұрысқақ өгей әкемнің қасына барудан гөрі көшеде қонып, табылған тамақты жеп жүргенді жөн санадым, – дейді Махмут.
Шашы беліне төгіліп, қара мойыл көздері өңменіңнен өтіп кетердей өткір қыз есіктен кіріп келді. Жүрісі әлдеқайда асыққандай ширақ. Қимылы дөрекілеу көрінді. Есімі – Балқадиша. Жасы 13-те.
– Мен үйге барғым келмейді. Ұрысқан екеудің дауысынан миым ашыды. Ол екеу – менің ата-анам. Әке-шешемнің тату-тәтті болып ойнап-күліп жүргенін көрмеппін. Тыныштық жоқ. Олардың ашу-ызаға толы үнінен көшеге шығып қана құтыламын. Ал көше мені бауырына басты. Түнімен далада жүруді әдетке айналдырдым. Көше ғана тыныш, көше ғана мейірбан сияқты.
– Қыз балаға түн қатып жүру қорқынышты емес пе? – деймін мен.
– Қайдағы қорқыныш?! Менде қорқу, ұялу, күлу, қайғыру деген сезімдер бар деп ойлайсыз ба? Қайдағы, түк сезім қалмады ғой. Және түк те қызық емес. Мына мені 13 жаста деп кім айтады? – деп Балқадиша орнынан атып тұрды.
Расында толықсыған айдай болып жетілген қыз 18-ден асқан бойжеткендерге ұқсап-ақ тұр.
– Студентпін. Көмекші керек пе? – деп дүкен аралап жүріп, жұмыс таптым. Қонатын жер сұрап, ақыры олардың сеніміне кіріп алған соң, дүкеннің егесі маған бір бөлме босатып берді. Сол жерде жатып жұмыс істедім. Бас-аяғы бірнеше күннің ішінде ұялы телефон сатып алдым. Керек-жарағымның бәрін түгендедім. Кейінірек анамды сағынғанымды ұқтым. Сөйтіп, сый-сияпатымды алып, үйге барып қайтуға бел будым. Табалдырықтан аттау қандай қиын еді?! Қатты жауып кеткен есікті қайта ашудан асқан азап жоқ екен. Түнделетіп үйге кіріп барғанда, анам аңырап қоя берді. Бауырларым да сағынып қалыпты. Үйде қалуға шешім қабылдадым. Бірақ бірнеше уақыттан кейін бұрынғы өмір қайта басталды. Енді ұрысқа менің көшеде қаңғырып жүргенімді қосып, бетіме басатын болды. Сол сөзді айтпаса да болады ғой. Мен қайтадан қашып кеттім. Сөйтіп, көшеде жүрген жерімнен арнайы мектепке алып келді, – дейді Балқадиша.
Сол күні балалардың ішіндегі ең ақжарқыны Жарастың туған күні екен. 12-ге толып жатыр. Қолында кішкентай ойыншығы бар ол есіктен бар даусымен амандасып кіріп келді. Терең һәм нұрлы көздері қатал көрінді. Сайқымазақ ойыншығы Жарастың мұңлы жүзін кекетіп, күліп тұрғандай.
– Мен әкемді танымаймын. Анам ғана бар. Жұмыс істейді. Қолы босамайды. Мен желім иіскеуді әдетке айналдырдым. Көздерім төртеу болып, басым айналып, бір қызық күйге түсемін. Әдет болып кетті. Пакетке құйып алып үрлеп, иіскеп отырамын. Қаншалықты көп иіскесем, соншалықты қызық. Бір күні анам сезіктене бастады. Кейін көзі жетті. Жылады. Ұрысты. Күйінді. Бірақ бәрі кеш еді. Мен қоя алмадым. Ақыры арнайы мектептен бір-ақ шықтым. Бүгін туған күніммен құттықтап анам келетін шығар. Күтіп жүрмін, – деп риясыз күлді.
Түс мезгілі болып қалғанын аңғардық. Балалар ас үйге жиналды. Сапқа тұрып, қаздай тізіліп ас үйді бетке алды. Үлкен жарық бөлмені үнсіздік алып кетті. Тек әр жерден ыдыстың сыңғыры мен қасықтардың тықылы естіледі. Сәлден соң бұрышта отырған маған бойлары үйренейін деді. Сыбырлап өзара әңгімелесе бастады. Кейбірі теріс қараған күйі қозғалмады. Әне бір қыздың не ас ішіп отырғанын, не әлдене ойлап отырғанын біліп болмайды. Бет-жүзін кекілімен жауып алыпты. Бәрі тамақ ішіп болғанша, ешкім орнынан тұрмады. Бос ыдыстарын жууға өткізіп болған соң ғана хормен «рақмет» деп бірге айтқаны құлағымда жаңғырып қалды. Қайта сапқа тұрып, сыртқа бет алды.
Балалардың жасы әртүрлі. Олардың арасында үйірінен адасқан құлындай болып жүгіріп жүрген кішкентай қуыршақ қызға көзім түсті. Бұл 11 жасар Лена еді.
– Он жасымда достарым желім иіскеуге үйретті. Бірінші иіскегенде ештеңе сезіне алмадым. Уақыт өте келе иіскеген сайын басым айналатын болды. Өз-өзіммен сөйлесемін. Көшеге шығып айқайлап, балалармен төбелесетінді шығардым. Қазір солай жасағаныма өкінемін. Арнайы мектепте 18 жасқа дейін оқысам деген арманым бар. Себебі мен үйге баратын болсам, ескі достарыма қайта қосылып, бұрынғыдай желім иіскеп кетемін бе деп қорқамын. Бірақ қазір анамды қатты сағынып жүрмін, – деп бұл қыз да аңырап қоя берді.
Сұхбатымызды сыртымыздан тыңдап отырған мекеме қызметкерлері он екіде бір гүлі ашылмаған бүлдіршін қыздың өксігіне шыдамай, қамқор үнімен: «Кеттік, сағынсаң, анаңа апарып келейік», деді.
Жүйткіген көлікке сағынышқа тұнған жұдырықтай сәби жүректің иесін салып алып, қала іргесіндегі «Шөлдала» алқабына жол тарттық. Терезеден сығалап, анасына апарар жолдан көз алмай, тағатсыздана күтіп отырған қыз ауық-ауық ауыр күрсініп қояды. Көзі жәудіреп, анда-санда орнынан шалт қозғалып: «Міне, мынау менің мектебім. Анау велосипед теуіп жүрген кісі – менің көршім. Әне анау менің сыныптасымның үйі» деп көздері бал-бұл жанып, әр көрінген төбе мен ауылының әр адамына қуанып отыр.
Әні-міне дегенше, Ленаның да үйіне келіп жеттік. Дарбазасы жабық тұрғанын көрген қыз көзді ашып-жұмғанша арғы бетке секіріп үлгерді. Есікті ашып, бізге жол көрсетіп, үйіне апаратын жалғыз аяқ жолмен жүгіре жөнелді. Қуанышы қойнына сыймай, «Мама» деп айқайлап қояды.
Сыртқы есікті ашып, үйге бас сұққанда темекінің көк түтінінен жан баласы көрінбеді. Сасық иіс қолқаны қабады. Асығып, ішке жадырап, жүгіріп кірген Лена анасын көре сала лезде қайта сыртқа атылды да, қабағына қар жауып, бұрышқа барып үнсіз тұрып қалды. Соңынан үстінен арақ исі аңқыған анасы ілесе шықты. Шешесінің бір «айналайынына» зәру боп, сағынып жеткен қыз бұл жолы анасын аймалауға асықпады. Алдына келген анасына алара қарап тұрды. Ол анасының ащы су ішіп алғанына өкпелеп тұр еді. Еріндері бұртиып, көзінен аққан жасы тарам-тарам болды. Ақыры сағынышы жеңді. Ол арақ мүңкіген анасының құшағына еніп кетті.
«Сіңілім қайда? Сабақта ма? Мен оны қатты жақсы көретінімді айта салшы. Мен оған наушник алып қойдым. Артымнан бір іздеп келмедіңдер ғой» деп кемсеңдей берді.
Аз-кем әңгімеден соң қайтуға айналдық. Анасының да қызын сағынғаны көрініп тұр. Айналып-толғанып жүгіріп жүр. Әрең айырылысып, қош айтысып, көлікке мінген Лена нәзік білектерін дамылсыз бұлғап, артымызда егіліп жылап қалған анасына терезеден көз алмай қарап тұр. Лена қара шаңырағы қара нүктеге айналып, көрінбей кеткенше өксігін баса алмады.
«Кім адасты? Анасы ма, қызы ма?» деген ой жүрегіме маза бермеді. Бұл сұрақтың жауабын 11 жасар Ленаның өзі айтты. «Бәріне кінәлі анам. Ол күнұзақ ішіп жүреді. Бізге қарауға да шамасы жоқ. Менің осындай болып кеткеніме шешем кінәлі» деді үздіге сөйлеп.
Әр күн – жаңа мүмкіндік, әр қадам – өмірді жақсы жаққа өзгертуге бір мүмкіндік. Алдағы уақытта осы мекемедегі әр бала түзу жолдан таймай, елге пайдасын тигізетін азамат болса екен...
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ