Жамбыл жаңалықтары
АЙМАҚҚА АЛТЫ АЙДЫҢ ӨЗІНДЕ 155,8 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ
- author AR-AY
- 16 қыркүйек, 2022
- 163
АЙМАҚҚА АЛТЫ АЙДЫҢ ӨЗІНДЕ 155,8 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ
Осы аптада облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХ сессиясы өтті. Облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков төрағалық еткен жиында облыс әкімінің өзіне жүктелген функционалдық міндеттерін орындау жөніндегі есебі, облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №12-5 «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы және өзге де бірқатар мәселелер қаралды.
Жиында аймақ басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру аясында және жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқанын атап өтті. Нұржан Молдиярұлының айтуынша, жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Жамбыл облысында 155,8 миллиард теңге инвестиция тартылған.
– Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 31,2 миллиард теңге субсидия қаралды. Бұған қоса, салаға құны 21 миллиард теңге инвестиция тартылып, 16 жоба іске асырылмақ. Осы арқылы 324 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 2,8 миллиард теңгеге 4 жоба іске қосылып, 110 жұмыс орны құрылды. Ағымдағы жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 756,2 мың гектарға орналастырылып, 5,4 мың гектарға ұлғайды. Қазіргі кезде жиналатын 371,1 мың гектардағы масақты дәнді дақылдар толығымен орылып, жалпы түсім 633,4 мың тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға артты. Бұдан бөлек, 1,1 миллион тонна көкөніс дақылдары, 187,5 мың тонна картоп және 795 мың тонна бақша өнімдері өндірілді. Жоспар бойынша мал санын 4,6 миллионға жеткізу көзделсе, осы жылдың 7 айында облыстағы жалпы мал саны 4,5 пайызға артып, төрт түліктің саны 4,5 миллионды құрады. Ет өндірісі 1,8 пайызға, сүт өндірісі 1,5 пайызға артты. Сондай-ақ, 787 тонна ет экспортталды. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласында 161,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,9 пайызды құрады, – деді Нұржан Нұржігітов.
Аймақ басшысы облыстағы су жүйелерін қалпына келтіру мақсатында арнайы жол картасы әзірленіп, ол бойынша суармалы алқаптарды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқанын, пилоттық жобаны іске асыру нәтижесінде 5 жыл ішіндегі экономикалық тиімділік 14,9 миллиард теңгені құрайтынын жеткізді.
Облыс әкімінің баяндамасында қазіргі таңда өзекті болып отырған мәселелердің бірі – әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру жайына айрықша назар аударылды. Сондай-ақ, облыста кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жаңа бизнес бастамаларды іске асыру үшін 2,6 мың кәсіпкерге 10,5 миллиард теңге шағын несие, 2,6 мың кәсіпкерге 3,3 миллиард теңге қайтарымсыз мемлекеттік грант (400 АЕК) бөлінген. Ал «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» тетігі бойынша 9 жобаны іске асыру мақсатында 2,3 миллиард теңге қаралса, «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 60 миллиард теңгеге 185 жоба қаржыландырылған. Жыл соңына дейін жалпы 201 жоба іске асырылмақ. Облыс әкімі өз сөзінде ауызсу, газ, тұрғын үймен қамту, мәдениет, спорт, білім және тағы басқа да салалардағы атқарылған жұмыстар мен көрсеткіштерге жан-жақты тоқталды.
Депуттаттар аймақ басшысының есебін оң бағалап, бірқатар өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Атап айтқанда, халық қалаулылары тарапынан қоғамдық көлік, инфрақұрылым, студенттерге арналған жатақхананың жоқтығы, «Artsport» жобасының болашағы, мәдени-көпшілік саябақтар мен аллеялардың тазалығы, қалалық АХАЖ бөлімі ғимаратының жай-күйі секілді мәселелер қозғалды.
Облыс әкімі қойылған сұрақтарға тұшымды жауап қайтарып, қордаланған мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бойынша жұмыстар қолға алынып жатқандығын жеткізді.
Мұнан соң облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімге енгізілетін өзгерістер ретін баяндады. Көтерілген мәселелерді саралай келе депутаттар «Тазалық сақшысы» жобасы аясында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасына 6 миллион теңге бөлінуін көпшілік дауыспен қолдады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала