Ербол Қарашөкеев Меркі ауданының шаруаларымен кездесті
- author AR-AY
- 25 шілде, 2025
- 23

Аймақ басшысына ауданның аграрлық секторындағы ағымдағы көрсеткіштер туралы баяндалды. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 7,2 млрд теңгені құрады (өсім – 9%). Жалпы егіс алқабы 103,5 мың гектарға жетті, оның ішінде 7,53 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары енгізілген.
Жарты жылдықта агроөнеркәсіптік кешенге 1,94 млрд теңге инвестиция тартылған. Қазіргі уақытта аудан шаруашылықтарында 1171 дана ауыл шаруашылығы техникасы бар, жыл соңына дейін техниканың 5,5%-ын жаңарту жоспарланып отыр.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы ахуалмен танысу барысында облыс әкімі «Сыпатай батыр» шаруа қожалығына барды. Мұнда 2016 жылдан бері элиталық және репродукциялық тұқымдар өсіріледі. Бұл – облыстағы жалғыз элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие кәсіпорын. Қожалықта 150 адам жұмыс істейді. 2025 жылы мұнда 246 гектар жерге «Арна» сұрпының жаздық арпасы, 643 гектарға «Стекловидный-24» сұрпының күздік бидайы себілген.
Облыс әкімі мұндай шаруашылықтардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өнімділікті арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, тиісті сала мекемелеріне қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
Сұрат ауылдық округінде облыс әкімі «Қайсар» шаруа қожалығы жүзеге асырып жатқан 450 бас малға арналған сүт-тауарлы ферманың құрылыс барысын тексерді. Жобаның құны – 2,5 млрд теңге. Өндірістік қуаттылығы – тәулігіне 12 000 литр сүт. Құрылыс кезеңінде 70 адам, ал іске қосылған соң 30 тұрақты жұмыс орны ашылады. Нысанды осы жылдың күзіне дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Береке Дас» шаруа қожалығы жеміс ағаштарының элиталық көшеттерін өсіруге маманданған. 35 гектар аумақта жоғары өнімді алма ағаштарының сұрыптары отырғызылған. 2024 жылы 300 тонна өнім жиналған.
Сонымен қатар, өңір басшысы Ақтоган және Жамбыл ауылдық округтерінде іске асырылып жатқан «Royal Petrol» брендімен екі автожанармай құю бекетінің құрылысын барысымен танысты. Жобаның жалпы құны – 1,7 млрд теңге. Инвестициялық жоба аясында жол бойындағы қызмет көрсету нысандары: қонақ үй, кафе және жайлы инфрақұрылым салу көзделген. Құрылысты ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Ербол Қарашөкеев сондай-ақ туристік демалыс аймағының құрылыс алаңына барды. Құны 800 млн теңге болатын жоба жеке инвестордың қаржысы есебінен жүзеге асырылуда және форель шаруашылығын, глэмпинг аумағын құруды көздейді. Құрылыс кезеңінде 15 адам, ал жоба іске қосылған соң 7 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Өңір басшысы ауылдық жерлерде туризмді дамыту – экологиялық өндіріс пен этномәдени ерекшеліктерді біріктіре алатын перспективалы бағыт екенін атап өтті. Сондай-ақ, демалыс орнына апаратын жол инфрақұрылымын жақсартуды тапсырды.
Ербол Қарашөкеев қуаттылығы 18 МВт болатын суэлектрстанцияның құрылыс барысымен танысты. Ауқымды жобаны «Тараз Гринпауэр Дженко» ЖШС жүзеге асыруда. Инвестиция көлемі – 14,8 млрд теңге. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінің сақталуына ерекше назар аударып, жобаға қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жұмыс сапары қорытындысы бойынша облыс әкімі шаруа қожалықтарын қолдау шараларын белсенді жалғастыруды, құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауды, инвестиция тарту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.