Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құрылыс жұмыстары жүйелі әрі сапалы жүргізілуі тиіс

Құрылыс жұмыстары жүйелі әрі сапалы жүргізілуі тиіс
А.Рысмахан
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдегі құрылыс жұмыстарының барысы кеңінен сараланды. Жиында облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев баяндама жасап, өңірдегі құрылыстардың қарқыны мен қаржыландыру ахуалына тоқталды.

Ерман Құрмантайұлының айтуынша, 2025 жылы құрылыс басқармасы арқылы сметалық құны 205,9 миллиард теңгені құрайтын 181 жобаға бюджеттен 91 миллиард теңге бөлініп, бүгінде жүзеге асырылуда. 137 жоба биыл тапсырылуы тиіс, 44-і келесі жылға өтпелі. Жобалардың 113-і «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бойынша, 26 жоба «Өңірлерді дамыту», 29 нысан «Ауыл – ел бесігі», 4 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы, 5 нысан білім инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы, ал қалған 4 жоба арнайы мемлекеттік қор есебінен қаржыландырылуда. Бүгінгі күнге 30 нысанның құрылысы аяқталған.

Сала бойынша талдасақ, білім саласында сметалық құны 32,8 миллиард теңгені құрайтын 22 нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, 9 жаңа мектеп, 9 жапсарлас құрылыс, 4 жапсарлас құрылыс және негізгі мектепті қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған. 2025 жылға 16,1 миллиард теңге қаржы бөлініп, 11 нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылысы толығымен аяқталған.

Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 13,5 миллиард теңгеге 4 мектептің құрылысы басталған. Жыл қорытындысымен барлығы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Алайда Қарасу ауылындағы 300 орындық мектептің құрылысы белгіленген мерзімде аяқталмауы мүмкін. Бұған себеп – алғашқы мердігер «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарттың бұзылуы және сот процесінің жүруі. Құрылыс жұмыстарын жалғастыру ісі сәуір айынан бастап жаңа мердігер «Rise Capital» серіктестігіне жүктелген.

Ал денсаулық сақтау саласында сметалық құны 32,1 миллиард теңгені құрайтын 7 нысанның құрылысы жүргізілуде.

Спорт саласында да қыруар жұмыс атқарылып жатыр. 15 нысанның құрылысы басталса, биыл төртеуін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалған 11 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі болып есептеледі.

Мәдениет саласына келсек, сметалық құны 4 миллиард теңге болатын 12 нысанның құрылысына 800 миллион теңге бөлініп, жыл соңына дейін тоғызының құрылысы толық аяқталады. Қазіргі күні олардың үшеуінің құрылысы аяқталған. Қалған 3 нысан 2026 жылға өтпелі.

Ауылшаруашылығы саласында 5 ірі жобаның құрылысына 2025 жылы 1,6 миллиард теңге бөлініпті. Жыл қорытындысымен 3 нысан тапсырылса, қалған екеуі 2026 жылға өтпелі.

– 2025 жылы құрылыс саласына 377 миллиард теңге инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарының көлемін 109 пайызға жеткізу межеленген. Қаңтар-маусым айларындағы нәтижеге сәйкес, құрылыс жұмыстары былтырғы кезеңмен салыстырғанда 111,5 пайызға орындалған. Алайда 4 ауданның (Байзақ – 78 пайыз, Жамбыл – 92,1 пайыз, Жуалы – 96,7 пайыз, Мойынқұм –15,8 пайыз) өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштерді төмен орындауына байланысты Ұлттық экономика министрлігі бекіткен меже толық көлемде орындалмады. Пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 100,8 пайыз деңгейінде жоспарланған. Биыл 765 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның 33,6 пайызы бюджет қаражаты есебінен, 66,4 пайызы жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылады. Қаңтар-маусым аралығында 317,7 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,2 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Тек Талас ауданы ғана белгіленген межені орындай алмады (63,2 пайыз), – деді басқарма басшысы.

Баяндамашының айтуынша, бүгінгі күні коммуналдық тұрғын үй кезегінде 40 174 азамат тіркелген. Оның ішінде 30 045-і әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Осыған байланысты 2025 жылы кезектегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен 36 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде 3 805 отбасы баспанамен қамтылатын болады.

– 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында облыста тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Бюджет қаражаты есебінен жалпы саны 420 пәтерлі 8 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар 2020-2021 жылдары құрылысы басталып, мерзімі кешіккен 1 040 пәтерлі 15 проблемалық тұрғын үйдің мәселелері толық шешімін тапты. Қазіргі таңда тек 1 проблемалық нысан қалып отыр. Сот шешімімен келісімшарт бұзылып, құрылысқа жаңа мердігер тарту арқылы жұмыс жалғасатын болады. Облыс орталығындағы Асқаров көшесінің соңындағы алқапта 1 176 пәтерлі 30 көпқабатты әлеуметтік крдеиттің тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылысын биыл бастау үшін 7,7 миллиард теңгеге өтінім берілді. Егер бұл жобалар тиісті қолдауға ие болмаса, 2026 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткішінің орындалмау қаупі бар. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 2025 жылы жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 миллиард теңге бөлініп, 1 415 пәтер сатып алу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 50 пәтер сатып алынды. Қосымша 48 пәтер сатып алу бойынша конкурс өткізілуде. Бұған қоса 1 127 пәтердің құрылысы жүріп жатыр, ал 190 пәтердің құрылысы әлі басталған жоқ. Жалпы алғанда республикалық бюджеттен 4,9 миллиард теңгеге 361 пәтер сатып алынса, облигациялық қарыз есебінен 16,5 миллиард теңгеге 1 054 пәтер алу көзделіп отыр. Қазіргі кезде осы облигациялық қаржы есебінен 874 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Қалған 180 пәтердің құрылыс монтаж жұмыстары басталмаған. Облыста жеке тұрғын үй салу үшін 206 941 азамат жер кезегінде тұр. Биыл бюджет қаражаты есебінен 61 инженерлік инфрақұрылым жобасының құрылысына 7 949,1 миллиард теңге қаражат қаралды. Бүгінгі күнге 12 инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысы аяқталды. Тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқан 5 жаңа алқапта жалпы құны 4,03 миллиард теңгені құрайтын 9 инфрақұрылым жобасы жүзеге асырылуда. Қордай ауданының Аухатты ауылындағы су құбыры бойынша бір жобаның құрылысы аяқталуға жақын. Кеңейту жұмыстарына 0,5 миллиард теңге қарастырылып, Тараз қаласының «Ұлы дала» ықшамауданында электр желісі тартылып, құрылыс аяқталды. Республикалық маңызы бар индустриялық аймақтарды дамыту мақсатында Тараз және Қаратау қалаларында орналасқан 11 жобаны іске асыруға 3,1 миллиард теңге бөлінді. Мамыр айының қорытындысы бойынша 8 жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталып, қалған 3 жобаға 2025 жылға қаржы қарастырылмаған. Тараз қаласында 33 және Т.Рысқұлов ауданында 1 жоба бойынша ішкі алаңдық инженерлік желілердің құрылысына 1,01 миллиард теңге қаралған. Тараздағы 9 жобаның құрылысы аяқталды, қалған 24 жобада жұмыстар жалғасуда. Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылындағы «Арай» алқабындағы екінші кезектегі жобаның құрылысы сот процесіне байланысты тоқтап тұр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Тараз қаласындағы 1 200 орындық және 2 000 орындық мектептер үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілері жүргізілуде. Бұдан бөлек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 26 инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысына жалпы сомасы 7,05 миллиард теңге болатын өтінім ұсынылып, қолдау тапты. 2025 жылға облыс бойынша 32 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Оның ішінде 6 жобаның сараптама қорытындысы алынса, 7 жоба сараптамада қаралуда, қалған 19 нысанның нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде, – деді Ерлан Орынбаев.

Баяндамадан соң облыс әкімі жобалық-сметалық құжаттамалардың сапасына байланысты сын айтты. Оның айтуынша, жобалар сараптамаға жіберілмей тұрып тиісті тексерулерден өтпейді, салдарынан кейін көптеген олқылықтар анықталып жатады.

– Бұл – дұрыс тәжірибе емес. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін акт-бюроның жұмысын күшейту керек. Құжаттар әлі толық емес. Барлық жауапты әріптестер бір апта ішінде нақты ұсыныстарын енгізсін, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Сондай-ақ, облыс басшысы жобалаушы мекемелердің жауапкершілігін арттыру қажеттігін де қадап айтты.

– Бір күнде сапасыз құжаттама әзірлеп, артынан айыппұл салып, келісімшартты бұзып жатсақ, мұндай жағдайлар қайталана береді. Бұған заң аясында нақты тоқтау салатын уақыт келді, – деді әкім.

Байзақ ауданының Аққия ауылындағы 100 орындық, Т.Рысқұлов ауданындағы Малдыбай ауылындағы 120 орындық және Шу ауданындағы Жиынбек ауылындағы 100 орындық мектептердің құрылысы да кеңесте көтерілді.

– Бұл нысандар жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Алайда мердігерлер жұмысты уақытында аяқтай алмай жатыр. Себебі неде? Жоспар қандай? – деген облыс әкімінің сауалына басқарма басшысы Ерлан Орынбаев мердігерлер құрылыс жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтауға уәде бергенін, егер белгіленген мерзімде бітпесе, келісімшарт өзара келісім негізінде бұзылып, жаңа мердігер тарту мәселесі қарастырылатынын айтты.

Сонымен қатар облыс басшысы құрылыс саласындағы өзекті мәселелерге тоқтала келіп, жұмысты жүйелі ұйымдастыру қажеттігін қатаң ескертті.

– Құрылыстың тоқтап қалуына негізінен екі себеп бар. Бірі – қаржыландырудың кешіктірілуі, екіншісі – жұмыс барысындағы нақты себептер. Алайда бұған көбінесе бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің жылдық жоспарды дұрыс түзбеуі себеп болып отыр. Қаржылық мүмкіндік бола тұра, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін кешіктіріп, жауапкершілікті әлсіретуге болмайды. Ал құрылыс жұмыстары ешқашан жайдан-жай тоқтамайды. Сіздер де жақсы білесіздер, мұндай жағдайда мердігерге заң шеңберінде нақты шара қолданылуы тиіс. Алдағы уақытта «саны бар, сапасы жоқ» мердігерлер бұл іске ойланып барып қана араласатын болады. Егер сапасыз жұмыс қайталана берсе, сотқа беріңіздер. Тек бір ғана жолды ұстануымыз қажет – сапа, жауапкершілік, тиімділік. Қаражатты үнемдеу мен дұрыс жоспарлау әрбір басшының күн тәртібінен түспеуі тиіс. Сол себепті күрделі жөндеу, қайта жаңғырту және құрылыс жұмыстары бойынша әзірленетін жобалық-сметалық құжаттар акт-бюроның терең сараптамасынан өтуі керек. Қаржылық жоспарлауға жеке мүдде араласпауы қажет. Бұл – мемлекеттің қаржысы. Сонымен қатар, әкімдер халыққа арналған тұрғын үйлерді сатып алуды жеделдетіп, өздеріне сеніп тапсырылған аумақтағы әрбір нысанның құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Бүгінгі кеңесте қозғалған барлық мәселелер назарға алынсын, айтылған ұсыныстар хаттамаға енгізілсін. Кемшіліктерді жою бойынша нақты шаралар қабылданып, нәтиже болуы керек. Қанатбек Қайшыбекұлы, құрылыс басқармасының басшысы мен Тараз қаласы және аудан әкімдері – мерзімі созылып кеткен нысандарға байланысты шұғыл шешім қабылдаңыздар. Олар уақытылы пайдалануға берілуі тиіс. Құрылыс сапасы мен заң талаптарының сақталуына баса мән беріліп, барлық нысандарға тұрақты мониторинг жүргізілуі қажет. Егер кемшілік анықталса, бұл жөнінде мемлекеттік құрылыс бақылау басқармасына уақтылы ақпарат беріліп отырсын. Бюджет қаржысын уақытында әрі тиімді игеру – барлығымыз үшін басты талап, – деді аймақ басшысы.

 Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар