
Содан да болар, ертегі бізге мөлдір бұлақтың суындай таза көрінетін. Жақсылық жеңіп, арамниеттілер жазасын алатын қарапайым ғана заңдылыққа құрылғандай болатын. Өз заманының ойшылы Альберт Эйнштейн «Балам ақылды болсын десең, ертегі оқы. Егер ғұлама ғалым болсын десең, онда көп ертегі оқы» деген екен. Рас, ертегі оқып, тыңдап өскен баланың қиялы жүйрік болатыны сөзсіз.
Алайда жақында әлеуметтік желіден көзіміз шалған бір бейнежазба ертегіні де іріктеп, сүзгіден өткізу керек екен деген ойға қалдырды. Мәселеге терең үңіле келе қарапайым көрінетін кейбір ертегілердің астарында қатыгездік, жасырын жыныстық сарындар, тіпті адам ақылына сыймайтын оғаш сюжеттер кездесетін аңғардық.
Түсінікті болу үшін әңгімені арыдан бастасақ, жуырда «TikTok» әлеуметтік желісінде Альбина Абдибаева атты тіркелушінің қазақша ертегі кітапта жаға ұстатар дүниелер жазылғанын баяндаған жазбасына көзім түсті. Ертегінің желісіне қысқаша тоқталсақ, бір шалдың екі баласы мен «дәулет құсы» болады. Кемпірі өмірден озған шал басқа әйелге үйленеді. Бірде шал сапарға кететін болып бала-шағасын екінші әйеліне аманаттап тапсырады. Осы жерден бастап ертегі адам шошырлық сипат ала бастайды. Әйелдің некелі шалынан басқа көңіл қосқан адамы болыпты. Шал сапарға кеткен соң әйелдің жасырын кездесіп жүрген жігіті келеді де: «Маған дәулет құсты сойып бер», дейді. Әйел: «Шалымның тапсырып кеткен дәулет құсын сойып бермеймін», дейді. Сонда әлгі жігіт өкпелеп кетіп қалады. Бес-алты күн өткен соң әйел жігітті шақырып алып, «дәулет құсты» аспазшыға сойдырып, өздері молдаға кетеді. Молда былай дейді: «Бұл дәулет құстың жүрегін жеген кісі хан болады, ал тобығын жеген адам алтын түкірік түкіреді», дейді.
Әйел мен жігіті үйге келсе, оқудан келген шалдың екі баласының үлкені дәулет құстың жүрегін, ал кішісі тобығын жеп қойыпты. Жігіт енді баланың біреуін сойып бер дейді. Бұған әйел келіспей: «Соймаймын, себебі бұл екеуін әкесі өзім келгенше ұрмай-соқпай бақ деп тапсырған еді», дейді. Жігіт тағы өкпелеп кетіп қалады. Жиырма шақты күн өткен соң әйел тағы да жігітті шақырып алып: «Балаларды сойдырамын, бірақ өзім соймаймын, баукеспе, ұрыға сойдырамын» дейді. Сөйтіп, әйел ұрыға бір табақ алтын береді. Ұры екі баланы өлтіру үшін есік алдында жасырынып тұрады. Балалар сабақтан үйге келгенде жасырынып тұрған ұрыны көріп қояды. Сонда шалдың кіші баласы: «Анам саған бір табақ алтын берсе, мен саған он табақ алтын беремін» деп жерге түкірсе, аузынан он табақ алтын түседі. Ұры алтынды алып кетіп қалады. Соңында екі баланың бірі хан, бірі уәзір болып, ертегі де аяқталады.
Ертегіні оқып отырып не ойларымызды білмедік. Оның ішінде зорлық, зина, екіжүзділік, сатқындық, кісі өлтіруге итермелеу, тіпті балаға жасалған опасыздық бар. Осылардың барлығы бүгінгі күннің адами және құқықтық құндылықтарына қайшы. Ертегі баланың санасына ерте жастан ізгілік, мейірім, адалдық, еңбекқорлық, әділеттілік сияқты ұғымдарды сіңіруі керек еді, ал мұнда керісінше қатыгездік пен азғындықты үйретіп жатқандай.
Ең өкініштісі дәл осы «Дәулет құсы» сынды мазмұны даулы ертегілер енген «50 ертегі, 70 жұмбақ» атты жинақ бүгінде білім беру ұйымдарында жиі қолданылатын, сұранысқа ие құралдардың біріне айналған. Айта кетейік, бұл кітап «Ана тілі» баспасынан О.Асқардың редакторлығымен жарыққа 2012 жылы шыққан. Бұл кітапты көптеген мектептер оқу процесінде пайдаланып, балаларға оқуға ұсынады. Оқушылар ондағы ертегілерді талдап, шығарма жазып, шығармашылық байқауларға да қатысып жүр. Сонымен қатар аталған кітап «Kaspi», «Ozon», «Meloman» сияқты ірі сауда платформаларында ашық сатылымда тұр.
Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза. Оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Сол себепті кез келген ертегінің мазмұны мен идеясы ғылыми тұрғыда зерттеліп, баланың жас ерекшелігіне сай іріктеліп, тәрбиелік мәніне қарай сұрыпталып ұсынылуы тиіс.
Қала тұрғыны, көпбалалы жас ана Әмина Бұралхиева да жасөспірімдерге оқуға ұсынылатын шығармаларға тексеріс жүргізілсе деген пікірде.
– Балаларым әлі кішкентай болғандықтан ертегі оқығанды, тыңдағанды жақсы көреді. Бірде 3-сыныпта оқитын үлкен қызым «Анашым сізге мектепте оқыған ертегімді айтып берсем бола ма?» деп қасыма келді де ақылға сыймайтын сұмдық оқиғаларды айта жөнелді. Ертегінің жауыздық, біреудің басын жұлып алу, у беріп өлтіру, ханзадаға екі қыздың таласы секілді оқиғаларға құрылғанын естігенде не күлерімді не жыларымды білмей қалдым. Нақты қай кітаптан оқығанын сұрағанымда айта алмады. Бала болған соң қатты дауыс көтеріп шошытып алғым келмеді. Байыппен мұндай қорқынышты нәрселерді көруге, оқуға болмайтынын ұғындырдым. Сол кезден бері ұл-қыздарымның не көріп, не оқып отырғанын қадағалап жүретін болдым, – дейді Ә.Бұралхиева.
Шынымен-ақ қоғам белсенділері соңғы уақытта «Өрендеріміз кітап оқымайды, гаджеттен бас алмайды. Одан қалса тек шетел балалар әдебиетін ғана тамсанып оқиды», деп ашынып жатады. Солайы солай ғой, бірақ қанша жерден «төл туындыларымызды төрге оздырайық» деп кеуде қаққанымызбен қазақ балалар әдебиетінде жас буынды қызықтыра алатын шығармалар жоқтың қасы екенін жасыра алмаймыз.
Әлі күнге дейін «Менің атым Қожа» секілді жаңа заманға сай кейіпкерді өмірге әкеле алмай жүрміз. Тіпті үйдегі кішкентай сіңлім мен інілерім де шетелдік балалар жазушыларының шығармаларын жандарына жақын санайды. Мәселен, Марк Твеннің «Том Сойердің бастан кешкендері», Джоан Роулингтің «Гарри Поттері», Клайв Льюистің «Нарния шежіресі» туындылары шытырман оқиғаға толы сюжетімен соңына дейін оқырманды жалықтырмай ұстап отырады.
Дейтұрғанмен, Еуропада да да ертегінің мінсізі жоқ деп айта алмаймыз. Олар да кезінде көк аспанда ұшқан сиқырлы аттарды, айдаһарды, жын-періні, ханшайымды ұрлаған мыстанды айтып өсті. Қисынға келмейтін, баланың қорқынышын қозғайтын, шындықтан алыс аңыздар олардың да фольклорында толып жатыр. Сол секілді соңғы жылдары Батыс елдерінде жарық көріп жатқан кейбір ертегі кітаптардың арасында қоғамда үлкен дау туғызып жатқандары да аз емес. Мәселен ағылшын тілінде таралған «King & King» атты суретті ертегіде ханзада сұлулардың ешқайсысын қаламай, өзіне ұнаған басқа ханзадаға үйленеді. Ал 2018 жылы шыққан «Prince & Knight» атты кітапта ханзада мен батыр сері айдаһарды бірге жеңіп, бір-біріне үйленеді. Осындай мазмұндағы ертегілер бірқатар елдерде мектеп бағдарламасына еніп үлгерсе, басқа елдер мен өңірлерде ата-аналар мен қоғамдық ұйымдардың жаппай қарсылығына ұшырады.
Атап айтқанда, АҚШ-тың бірнеше штатында ата-аналар бұл кітаптарды мектептен алып тастауды талап етіп, оқу бағдарламасына енгізуге үзілді-кесілді қарсы шықты. Ұлыбритания мен Францияда да ата-аналар, діни және мәдени ұйымдар ертегінің мазмұны баланың табиғи дамуына, отбасы туралы түсінігіне кері әсер етеді деп, кітапханалар мен мектеп басшылығына жаппай наразылық хаттар жолдады. Нәтижесінде, кей мектептер мен кітапханалар бұл кітаптарды сөрелерден алып тастады немесе жас ерекшелігіне қарай шектеу қойды. Бірнеше жағдайда ертегілер ата-ананың жазбаша келісімінсіз оқытылмайтын болды.
Бұл оқиғалар бұл елдерде қоғам өз құндылықтарын қорғауға, балалардың санасын сырттан келетін психологиялық әсерден сақтау үшін бірігіп әрекет ететінін көрсетеді. Кітаптар мен ертегілердің мазмұнына тек көркемдік тұрғыдан ғана емес, тәрбиелік, психологиялық және идеологиялық тұрғыдан да сын көзбен қарайды. Егер туынды баланың жасына сай келмесе, тәрбиеге нұқсан келтірсе, онда қоғам тарапынан ашық қарсылыққа ұшырайды.
Ең маңыздысы Батыс елдері уақыт өте келе ертегіні ғылыммен астарластырып, өнермен үйлестіріп, тәрбие құралына айналдыра білді. Оларда қате кеткен тұсты жауып отыратын – заманауи әдебиеті, анимациясы, ғылыми қиялы мен ұлттық педагогикасы бар. Ұшатын кілемді ұшаққа, сөйлейтін айнаны бейнеқоңырауға, дауыс беретін таяқшаны жасанды интеллектке айналдыратын әлеуеті бар.
Филология ғылымдарының кандидаты Меңдібай Әбілов бүгінгі қазақ балалар әдебиеті терең талдау жүргізуді қажет ететінін айтады.
– Қазіргі уақытта балаларға арналған қазақша кітаптардың саны артқанымен, олардың идеялық және тәрбиелік бағытында мазмұндық сапасы әлсіз болып отыр. Өзге де әдебиеттанушы ғалымдар мен педагог, психологтардың пікірі ортақ болып отыр. Балалар әдебиеті – жас өреннің тұлғалық ұстанымын қалыптастыратын, ұлттық болмыспен үндесетін тәрбиелік құрал. Сондықтан балаларға ұсынылатын шығармаларға әдебиеттанушылармен қатар, балалар психологиясын жетік білетін мамандардың қатысуымен ғылыми сараптама жүргізу заңды әрі қажетті шара. Моральдық-эмоциялық тұрғыдан қауіпті ертегілердің оқу бағдарламасында жүруі шығармаларға мұқият іріктеу қажет екенін көрсетеді. Осы иірімде филологиялық, семиотикалық, педагогикалық критерийлерге негізделген бағалау аса маңызды. Ежелгі балалар әдебиеті мен фольклортануды зерттеп жүрген ғалым ретінде оның эстетикалық, идеологиялық және психологиялық үш өлшемін ұмытпауға шақырамын, – дейді М.Әбілов.
Ғалым айтқандай-ақ бала тәрбиесіне арналған әдеби туындылар мен анимациялық өнімдерді сүзгіден өткізетін, ұлттық мүдде мен жас ерекшелікті ескеретін жүйе аса қажет. Мазмұн сапасын қадағалайтын жүйе, ең алдымен, кешенді сараптамаға негізделуі керек. Мұндай құрылымда әдебиеттанушы, психолог, педагог, әлеуметтанушы сынды сала мамандарының қатысуы маңызды. Әр туындының идеясы, тілдік деңгейі, бала психикасына әсері сараланып, оның білім мен тәрбиеге қосар үлесі ғылыми тұрғыда бағалануы тиіс. Сонымен қатар бұл жүйе ұлттық дүниетанымға сай келмейтін, адамгершілік пен мінез тәрбиесіне қайшы келетін көркем элементтерді анықтап, алдын алуға бағытталуы қажет.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ