Қостанайда науқас хирургті соққыға жығып, дәрігер жансақтау бөліміне түсті
- author AR-AY
- 17 шілде, 2025
- 30

Аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, күрделі операциядан кейін хирург дәрігер қабылдау бөлімшесінде кезекпен науқастарды қабылдап жатқан. Алайда кезекте тұрған науқастардың бірі агрессивті әрекетке барып, дәрігерге соққы жасаған.
«Кезекте үшінші тұрған науқас агрессия танытып, хирургке қол жұмсады. Салдарынан дәрігер есінен танып, ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түсті. Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты полиция тергеу жүргізіп жатыр», – деп хабарлады медициналық мекеме.
Аурухана ұжымы бұл жағдайды жай ғана оқиға емес, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне төнген қылмыс ретінде бағалап отыр.
«Бұл – адам өмірі үшін күресіп жүрген дәрігерлерге қарсы бағытталған қылмыс. Біз әділ тергеу жүргізілуін талап етеміз. Әрбір дәрігерге жасалған соққы – тұтас денсаулық сақтау жүйесіне жасалған соққы. Дәрігерлердің қолында қару емес, білім, біліктілік және жүрек бар. Солардың көмегімен олар өмірді арашалап жүр. Олардың да артында отбасы, жақындары бар», – деді мекеме өкілдері.