Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жат ағымдар жарылқамайды

Жат ағымдар жарылқамайды
Автор
Қазіргі таңда еліміздегі дін саласындағы өзекті мәселелердің бірі –деструктивті идеологиялардың таралуы. Деструктивті діни ағымдар азаматтарымыздың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін ағымдар. Олардың ортақ сипаты – діни ілімінің ақиқаттылық деңгейінен емес, оған мүше адамдардың қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулануы мен жетекшілік еткен азаматтарға көзсіз бағынуынан көрінеді.

Мұндай ұйымдар тұлғаның табиғи үйлесімді, рухани, психикалық (ішкі деструктивтілік) және физикалык жағдайына қауіпті болып келеді. Сонымен катар қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен дәстүрлерді, мәдениетті жоятын (сыртқы деструктивтілік), жалпы қоғамға қауіпті ұйым. Деструктивгі ағымдарда жасырын психологиялық зорлық қолданылады. Мұның көрінісін жеке адамның (лидердің) немесе адамдар тобының (басқарушы топ) басқа адамдардың санасына, өміріне адамдардың саналы түрде келісімінсіз мақсатты түрде заңсыз әсер етуді орнатуынан байқауға болады. Ол адамдардың табиғи емес және заңсыз лидерлер мен доктринаға мойынсұнушылық пен тәуелділіктің қалыптасуы мен сақталуын қамтамасыз ету үшін жасалады. Олардың түпкілікті мақсаты – адамдарды бағындыру арқылы заңсыз байлық пен билікке кол жеткізу.

Ғылыми әдебиеттерде «деструктивті культ», «деструктивті секта» ретінде берілетін деструктивті діни ұйымдарды зерттеу, олардың анық және нақты анықтамасын беру маңызды. Батыс зерттеушісі У.Мартин өзінің «Культтер патшалығы» деген танымал еңбегінде деструктивті культке мынадай анықтама береді: «Деструктивті культ – бұл өзінің жақтаушыларына толық бақылау орната алатын әмірлі түрде бір адам немесе шағын адамдар тобымен басқарылатын топ. Деструктивті культтердің негізгі ерекшелігі олар адамның еркін бұзып тастап, оны топқа тәуелді етіп қою үшін алдауға және сананы бақылау әдістерін қолдануында».

Культтердің деструктивтігі адамның физикалық, психологиялық және жан саулығына, материалдық молшылығына зиян келтіруінен, қоғамда қалыптасқан тұлғааралық, топаралық байланыстарды бұзуынан көрініс табады. Олар көбінесе иррационалдық, эмоциялық әдістерді пайдаланады, сондай-ақ адамға психологиялық әсер ете отырып, адамды отбасынан, қоғамнан, өз халқының мәдени және әлеуметтік өмірінен айырып, алшақтатуға тырысады.

Ал қарапайым халық арасында кең қолданылатын «Секта» терминін айтқан кезде ғылыми тұрғыда Э.Трёльчті атап кетуге болады, ол ресми шіркеуден ажырап кеткен шағын топ. Оның негізгі сипаттары – көбінесе құқықты, меншікті, соғысты, билікті мойындаудан бас тартуда көрініс табатын әлемнен дистанциялық, өздерінің жалпы өмір сүрудегі ережелері мен нормалары қамтылған өзіндік әлеуметтік қауым кұру, сенімнің жеке сипаты, ерікті түрде мүше болу деген анықтама береді. Бұл ағымдарды асоциалды, яғни қоғамға қарсы әрекет ететін ұйымдар ретінде сипаттауға болады. Онымен қоса, оларды псевдодіндер деп атау да негізге алынған.

Сонымен қатар көп ағымдарға таңылатын «Псевдо» (жалған) сөзі келесі сипаттаманы береді: мұндай ұйым сырттай қарағанда дінге сәйкестікті көрсетеді, яғни барлық әдет-ғұрыптар, культтік іс-әрекеттер жасалынады. Сектаның уағыздаушылары дәстүрлі конфессиялардың дінбасылары тәрізді жақтаушыларының алдында әсерлі сөз сөйлейді. Алайда олардың әрекеттері адамды рухани жетілдіру мен өнегелік құндылықтарға бейімдеуге бағытталмаған. Адамға рухани және денелік қысым жасалынады.

Кейде дәстүрлі және дәстүрлі емес діндердің, деструктивті культтердің арасындағы нақты айырмашылықты көрсету қиынға түседі. Сол себепті қоғамға қауіп төндіруі ықтимал ұйымдардың негізгі белгілерін анықтауға тырысамыз. Сонымен, деструктивті культтерге келесі сипаттамалар тән:

Харизмалық көшбасшының болуы. Көптеген культ харизмалық көшбасшылардьң, яғни көпшіліктің арасынан ерекшеленетін және басқаларға әсер ете алатын айрықша қасиеттерге, харизмаға ие тұлғалардың айналасында жинақталады. Мұндай адамдар көбінесе өздерін Құдайдың атынан сөйлеуге және басқаларды өмір сүру ережелеріне үйретуге құқылы деп есептейді.

Жабықтық және қоғамға қарсы тұру. Көбінде мұндай культтер ерекше қауым, үлкен отбасы сияқты қалыптасады. Мұндай «отбасылардағы» ережелер өзгеше. Культтің жақтаушылары ортақ қауым мүддесі үшін өздерінің пәтерлерінен, көліктерінен және басқа да мүліктерінен айырылып жатады.

Әдептерінің өмірлеріне бақылау жасау. Деструктивті культтерге мүшелерін қатаң бақылауға алу тән, ұйымның ілімдері мен көшбасшыларына деген сыни қатынасқа жол берілмейді. Жақтаушылардың отбасынан, қоғамнан оқшаулануы сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Егер туысқандары, жақындары қауымға мүше болғысы келмесе, олармен барлық қарым-қатынастарды үзуге итермелейді. Бұл көптеген отбасылардың бұзылуына, ұрпақаралық сабақтастықтың әлсіреуіне алып келеді.

Манипуляцияларды қолдану. Секта мүшелеріне бақылау жасау олардың іс-әрекеттерін манипуляциялау арқылы жүзеге асырылады. Кәдімгі сендіру күштері жетіспеген жағдайда топ көшбасшылары гипноз, медитация, ұзақ уақыт ғибадат ету, бір фразаны бірнеше рет қайталау сияқты амалдарды пайдаланады. Культтегі өмірге психологиялық тәуелді етіп қояды. Мұндай қауымдардың мүшелерінің әрекеті тұрақты түрде белгілі бір практикаларды және психогехникаларды колданудың салдарынан бақылауға оңай беріледі.

Жақын арада ақыр заманның болуын күту. «Жаңа діндер» ілімінің маңызды ерекшелігі – ақиқат ақыр заманды күту, адам өмірін алдын ала болжауды, тағдырға бағыныштылықты насихаттау.

Кез келген деструктивтік діни ұйым және оның жетекшілері өзінің қатарына жаңа адептерді тартуға ұмтылып, бірінші кезекте олардың өмірлік маңызды мұқтаждықтарына назар аударады.

Ержан АМАНБАЕВ,

Тараз қалалық орталық «Әулие ата»

мешітінің бас имамы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар