Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұмыспен қамту шараларының нәтижесі қандай?

Жұмыспен қамту шараларының нәтижесі қандай?
А.Рысмахан
Облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен кезекті аппараттық кеңесте халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі кеңінен талқыланды. Бұл – өңір халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталған аса маңызды сала. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жиында халықты еңбекпен қамту, әлеуметтік қолдау шаралары, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен еңбек ресурстарын тиімді пайдалану жайы сөз болды.

– Халықтың әлеуметтік қамтамасыз етілуі мен еңбек қатынастарын тиімді реттеу – өңірдегі билік органдарының басым бағыттарының бірі. Бұл салада жүзеге асырылатын әрбір ұсыныс ел ішіндегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс. Биыл әлеуметтік саланы дамытуға 54 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 707 миллион теңгеге көп. Мұндай қолдаулар мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағыттарға басымдық беріп отырғанын көрсетеді. Барлық деңгейдегі әкімдердің негізгі міндеті – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздықты азайту, халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікпен айналысуына жан-жақты қолдау көрсету. 2025 жылы 65 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Дегенмен, бүгінгі таңда жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр. Бұл біз үшін жеткіліксіз көрсеткіш. Сондықтан барлық өңірлер жұмыссыздықты азайтуға, азаматтарға нақты қолдау көрсетуге, кәсіби оқытуды жүйелі ұйымдастыруға, әлеуметтік көмек көрсету тетіктерінің тиімділігін арттыруға мән беруі қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар әкімдік пен тиісті басқармалардың тікелей бақылауында болады, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда жұмыспен қамту шараларында басты назар сапаға аударылып отыр.

– 2025 жылы Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында құрылатын жұмыс орындарының жоспары 65 647 орын болып бекітілсе, есепті кезеңге барлығы 25 918 жұмыс орны құрылып, жоспар 39,5 пайызға орындалды. Сонымен қатар, биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 58 442 адамды тарту жоспарланған болатын. Қазіргі таңда жоспар 49,5 пайызға орындалып, 28 912 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2025 жылы жұмысқа орналастырудың жоспары 49 041 орын болып белгіленді. Жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру арқылы қазіргі уақытта 22 753 адам жұмыспен қамтылды. Орындалуы – 46,4 пайыз. Жалпы биыл субсидияланатын жұмыс орындарына 14 423 адам тартылып, жылдық жоспар 83,9 пайызға орындалды. 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялануына байланысты министрлік тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны» шараларын мамыр айынан бастап берілді. Маусым айынан бастап өтінімдер қабылдануда. Осыған орай көрсеткіштер төмен қалыптасып отыр. Барлық жұмыс орындары жыл қорытындысымен орындалады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» көрсеткіші бойынша 12 534 жұмыс орынын құру жоспары бекітіліп, қазіргі уақытта салық органдарынан алынған жүктемеге сәйкес 2 222 жұмыс орны құрылды. Жалпы жоспар 17,7 пайызға орындалды. Жалпы баяндамада аталған бағыттар бойынша белгіленген шараларды толығымен жүзеге асыру арқылы 2025 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштер толық орындалатын болады, – деді Еркін Келесов.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыс бойынша 192 жоба аясында 2 732 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Алайда есептік кезеңде тек 98 жоба іске қосылып, 442 азамат қана жұмыспен қамтылған. Бұл жоспардың небәрі 16,2 пайызы.

Жобаларды жүзеге асыруда ең төмен көрсеткіш Мойынқұм (2 пайыз) және Жамбыл (11,1 пайыз) аудандарында тіркелген. Облыс орталығы Таразда 1 283 жұмыс орны ашылуы тиіс болса, тек 117 азамат жұмысқа қабылданған. Жұмыстың баяу жүруі – мердігерлердің бос жұмыс орындарын жарияламауынан және зейнетақы аударымдарының жүргізілмеуінен туындап отыр. Сондықтан да жобалардың тапсырыс берушілері мердігерлерге ықпалын күшейтуі қажет.

Қысқамерзімді кәсіптік оқытумен 1 315 жұмыссыз азаматты қамту көзделсе, бүгінде 579 адам оқуға жолданыпты. Бұл ретте бюджеттен 412,7 миллион теңге бөлінген. Еңбекке қабілетті азаматтарды қайта оқыту арқылы еңбекке бейімдеу басты бағыттардың бірі болып отыр.

– 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 3 408 отбасындағы 18 705 адамға тағайындалып, жалпы сомасы 1 156,4 миллион теңге төленген. АӘК алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 8 933 адамға (33,3 пайыз) азайған. Бұл – әлеуметтік саясаттың нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. АӘК алушы отбасылардың ішінен еңбекке қабілетті 3 838 адамның 2 967-сі жұмыспен қамтылған. Бұл – 77,3 пайыз көрсеткіш. Яғни жылдық жоспар артығымен орындалуда. Алайда жүргізілген ішінара зерделеу нәтижесінде заң бұзушылықтар да анықталды. 98 отбасыға заңсыз түрде 10,1 миллион теңге көлемінде көмек тағайындалғаны белгілі болды. Бұл мәселе бойынша нақты шаралар қабылдануда, – деді Еркін Келесов.

Аппараттық кеңес барысында Ербол Шырақпайұлы өңірдегі қоғамдық жұмыстардың тиімділігіне байланысты өзекті мәселелерді көтеріп, бірқатар сын-ескертпе айтты. Атап айтқанда, Тараз қаласы мен аудан орталықтарында санитарлық тазалық пен қоқыс шығару жұмыстарының әлсіздігін тілге тиек етіп, «Жасыл ел – Тараз» секілді мекемелерге бөлінетін квота көлемін арттыру қажеттігін атап өтті. Қоғамдық жұмысқа бөлінген орындардың нақты еңбекпен қамтылуына бас мән беріп, кейбір жағдайда қағаз жүзінде ғана есепте тұратын жұмысшылардың шынайы тиімділігіне күмән келтірді.

Облыс әкімі аудан әкімдерінен күн тәртібіндегі мәселе жөнінде онлайн режимде нақты түсініктеме алды.

Кеңес барысында Ербол Қарашөкеев қоғамдық жұмыс орындарын бөлуде әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуді тапсырды. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы берілетін квоталардың жекеменшік кәсіпорындар мен коммуналдық мекемелер арасында тиімді бөлінуі қажет екенін жеткізді. Қоғамдық жұмысшылар нақты жұмыс істейтін мекемелерге ғана жіберілуі тиіс. Ал егер жұмысқа бармай, жалақы алып жүргендер болса, оларды анықтап, қажетті шара қолдану тапсырылды.

Сонымен қатар, зейнетақы жарналарын аудару мәселесіне де назар аударылды. Облыс әкімі зейнетақы жарналарының нақты жұмыс берушілер емес, үшінші тұлғалар арқылы төлену фактілерін сынға алып, бұл деректердің дұрыстығына күмән келтіретінін айтты. Осыған байланысты «Еңбек» ақпараттық жүйесі мен Қаржы министрлігінің дерекқоры арасындағы ақпараттық сәйкестендіруді жетілдіру қажеттігіне тоқталды. Егер жұмыс берушілер тарапынан заңбұзушылық анықталса, тиісті шара қолданылуы тиіс екені ескертілді.

Кеңес қорытындысында Ербол Қарашөкеев қала және аудан әкімдеріне бір айдың ішінде қоғамдық жұмысшыларды нақты еңбекке тартуды, әсіресе елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз етуді міндеттеді. Қажет болған жағдайда қосымша квоталар бөлініп, олар нақты сұраныс бойынша әділетті негізде бағытталуы қажет. Сонымен қатар, жастарды жұмыспен қамту, қысқамерзімді кәсіптік оқыту, әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға беру бағытындағы жұмыстар жүйеленіп, жауапты басқармалар мен жергілікті атқарушы органдарға нақты міндеттер жүктелді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар