
Ол 2022 жылы жастар арасында әлем рекордын орнатып, Азия чемпионы атанған болатын, деп хабарлайды arainfo.kz
Қазақстан құрамасы ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында кезекті медальдарға қол жеткізді. Барлық жүлде 79 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған спортшыларға бұйырды.
17 жасқа дейінгі атлеттер арасында өнер көрсеткен Нұржан Жұмабай қоссайыста 315 келі (140+175) нәтижемен алтын медаль жеңіп алды. Ол серпе көтеруде 175 келіні еңсеріп, Азия рекордын орнатты.
U20 санатында сынға түскен Едіге Емберді де қарсыластарына мүмкіндік бермей, 347 келі (153+194) нәтижемен чемпион атанды. Серпе көтерудегі 194 келі де — жаңа Азия рекорды.
Сонымен қатар осы санаттағы тағы бір қазақстандық Ақжол Құрманбек 343 келі (151+192) нәтижемен күміс жүлдені еншіледі.