
Бүгінде біздер өткен күндерге жиі көз жүгіртеміз. Ол жерден өзімізді іздейтініміз тағы бар. Өткен шаққа деген сағыныш қой. Бірақ өмір заңы жаңаруды талап етеді. Ол құрылысқа да қатысты.
Бүгінгі біз білетін Тараз қаласының құрылысы небәрі 70 жыл бұрын ғана басталып, содан бері заманына қарай түрленіп отырды. Жетпіс жыл бұрынғы өзгерістің басы – орталық алаң болғанын да бүгінде бірі білсе, бірі білмейді. Қазіргі Тараз қаласының құрылысы туралы сөз болғанда, оның бас сәулетшісі Камиль Рахматиді айтпай кету мүмкін емес. Расында еңбегі сіңді. Әрине, қаланың бас жоспарын, нені салып, нені салмау керектігін ол жалғыз шешкен жоқ. Басы-қасында Асанбай Асқаров, Әлихан Комратов, Жылқыбай Аралбаев, Тілеуқабыл Төребековтер бастаған тағы басқа да ел ағаларының болғанына архив құжаттары да, көзкөргендер мен естелік жазбалар да дәйек.
«Бұл жазбаның Ұлттық домбыра күніне қандай қатысы бар?» деген сауал қоюыңыз мүмкін. Ендігісі сол сұрағыңызға жауап болсын.
Тараз қаласының ажарын айшықтап, келімді-кетімді қонақтарына жылдар бойы қалтқысыз қызмет көрсеткен бұрынғы «Тараз» қонақүйін аға буын өкілдері жақсы біледі. Жамбыл даңғылының бойында орналасқан қонақүй осыдан бірнеше жыл бұрын Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Студенттер үйі» ретінде есігін айқара ашқан болатын. 2020 жылы Ұлттық домбыра күні қарсаңында «Студенттер үйінің» алдынан «Домбыра ескерткіші» бой көтеріп, қала жұртшылығының көзайымына айналды. Ескерткіштің биіктігі 7,5 метрді құрайды. Аталған нысан кәсіпкерлердің демеушілігімен салынған. Осы ретте тарихтың қайта жаңғыруы туралы айтқымыз келеді. Бұл домбыра да өз орнын дәл осы алаңнан бекерге алған жоқ.
Облыстық газеттердің біріне 1966 жылы қаланың бас сәулетшісі Камиль Рахмати алдағы бесжылдықта Жамбыл қаласының құрылыс саласында орын алатын өзгерістер туралы сұхбат берген екен. Сұхбатта сәулетші ол кездегі Коммунист көшесі, қазіргі Төле би даңғылының бойында орталық алаң құрылыстарын аяқтайтын соңғы ғимарат – байланыс үйінің, Жданов көшесімен (қазіргі Желтоқсан) қиылысқан тұсында 850 орындық кинотеатр мен оның қасынан қаладағы ең үлкен универмагтың салынатынын хабарлаған. Сондай-ақ Сүлейменов көшесінде 300 мың кітап қорын сақтап, оны көпшілікке ұсына алатын кітапхана ғимаратын тұрғызу да жоспарланғанын айтады. Ал ең үлкен жаңалығы – ол кездегі Трудовой (Жамбыл даңғылы) көшесі мен Ленин көшесінің (қазіргі Бейбітшілік) қиылысында үлкен демалыс алаңы бар 300 орындық «Алтын домбыра» қонақүйінің салынуы делінген.
Газетте мақаламен қатар жаңа қонақүйдің жобасының да суреті оқырмандарға ұсынылыпты. Онда ғимараттың шекесінде «Золотая домбыра» деген жазуымен қатар домбыраның да мүсіні тайға таңқа басқандай көрсетілген. Әрине ол тек салынатын ғимараттың жобасы ғана еді. Ал атын өзгерту туралы ұсыныстың қашан, қалай, кіммен қабылданғаны бізге белгісіз. Білетініміз тек «Тараз» қонақүйінің салынғаны еді. Дегенмен тарих өз әділдігін орнататынын уақыт өте келе көрсеткендей. Араға елу жыл салып дәл сол ғимараттың алдынан домбыраның еңселі ескерткіші бой көтерді.
Назым ҚОЖАМАРОВА,
Шерхан Мұртаза атындағы руханият
және тарихтану орталығының
«Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі