
Олжас Хайроллаұлы ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібекпен кездесті. Мұнан соң Мәжіліс депутаты «Бесағаш» автомобиль өткізу пунктін салу» жобасымен танысып, құрылыс жүргізіліп жатқан аймаққа барды.
– «Бесағаш» көлік өткізу пункті екі елдің келісімі бойынша салынып жатқан жобаның бірі. Мұнда заманауи технологияны қолданумен қатар өткізу процестерін жеделдетіп, автоматтандырылған бақылау жүргізілетін болады. Сондай-ақ жемқорлыққа жол бермейтін пунктің біріне айналады. Жоба құрылысының аяқталу мерзімі осы жылға жоспарланған. Алайда жобаның өзгеруіне, қаражат бөлінісіне, басқа да факторларға байланысты мерзімі ұзарып, келесі жылы қолданысқа беру көзделуде, – деді Олжас Құспеков.
Айта кетейік, автомобиль өткізу пунктінің құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында басталып, жобаның жалпы құны 10,9 миллиард теңгені құраған. «Қазавтожол» акционерлік қоғамы облыстық филиалы директорының орынбасары Абылайхан Ештайдың айтуынша, құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жүзеге асырылуда.
– Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, «ТаразСтрой» компаниясы өз жұмыстарын толыққанды атқаруда. Бүгінде әкімшілік ғимарат, асхана, гараж секілді нысандардың құрылысы аяқталды. Сонымен қатар аумақтағы жол мәселесі де шешімін тауып, жол төсеу жұмыстары 60 пайызға орындалды. Жалпы алғанда аумақта 15 нысаннның құрылысы жүргізіліп, толыққанды жағдай жасалады, – деді Абылайхан Бақтиярұлы.
Көлік өткізу пунктінің жұмысымен толық танысқан мәжілісмен келесі кезекте Тараз қаласындағы 5513 әскери бөліміне арнайы барды. Әскери бөлім қызметкерлері жауынгерлік дайындық барысында атқарылатын шараларды баяндап, жауынгерлік қару-жарақ пен әскери техникалардың жай-күйімен таныстырды. Зерделеу барысында бөлім қызметкерлері су құбырларының бұзылуы, ғимараттың ескіруі секілді мәселелерді қаузап, өз ұсыныстарын білдірді.
Мұнан соң Олжас Құспеков М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті әскери кафедрасының жұмысымен танысты.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ