Жамбыл – экономикасы тұрақты өсіп келе жатқан өңірлердің бірі
- author AR-AY
- Бүгін, 09:34
- 23

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен кеңеске Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, өңірден сайланған Сенат депутаттары Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қатысты.
Жиынды облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев ашып, өңірде депутаттардың күшімен атқарылған жұмыстарды баяндай келіп, аймақтан Парламентке ұсынылған ұсыныстардың барлығы қаралып, шешімін тапқанын жеткізді.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы бастамашы болған реформалардың іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан сапалы қамтамасыз ету үшін Палата мен жергілікті өкілді органдардың өзара іс-қимылын одан әрі арттыру маңызды екеніне басымдық берді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауларында және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында облыстарды өркендету, экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібі мен ауылшаруашылығын дамыту үшін тиісті жағдай жасаудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Осы міндеттерді іске асыруда мәслихаттардың атқаратын рөлі өте зор, – деген Сенат Төрағасы Жамбыл облысы қазіргі таңда экономикасы тұрақты өсіп келе жатқан өңірлердің бірі екенін баса айтты.
Аймақтың осындай әлеуетін белсенді іске асыру жолында депутаттар мен жұртшылық бірлесіп күш жұмылдыруға тиіс. Бұл ретте өнеркәсіптік өндірісті ұлғайтуға, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған тетіктер мен жобалар айрықша мәнге ие.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инвестиция тартуға және жаңа технологияны енгізуге қатысты нақты міндеттер жүктеді. Осы басымдықтарды жүзеге асыру аясында бүгінде өңірлерде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс орындары ашылып жатыр. Қазіргі таңда Жамбыл облысында өңдеуші өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, шағын және орта бизнес, әлеуметтік инфрақұрылым сияқты маңызды салалар серпінді дамуда. Денсаулық сақтау және білім беру нысандары салынып, басқа да бағыттарда жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Сенат алдағы уақытта Жамбыл облысынан сайланған және басқа да депутаттармен бірге өңірдің жан-жақты дамуына қолдау көрсете береді, – деді Палата Спикері.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Сенат заң шығару қызметіне мәслихат депутаттарын белсенді жұмылдыруға және өңірлердегі өзекті проблемаларды шешуге жәрдемдесуге баса мән беріп отырғанын тілге тиек етті. Осыған байланысты Палата жергілікті өкілді органдармен бірнеше бағыттағы тығыз жұмысты әрі қарай жалғастыра береді. Сенат Төрағасы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту үшін ортақ күш-жігер мен кешенді тәсілдерді қажет ететін алдағы негізгі міндеттерге де тоқталды.
– Сенаттың жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңесінің кеңейтілген отырысында Президентіміз ұсынған міндеттер талқыланды. Мәслихаттар өңірлерді дамыту мен реформаларды жүзеге асыруда маңызды институттардың біріне айналуы тиіс. Біздің ортақ мақсатымыз – азаматтардың өмір сапасын арттыру. Сіздердің ұсыныстарыңыз заңнамалық үдерісті жетілдіруге және өңірлік дамудың өзекті мәселелерін шешуге ықпал етеді деп сенемін, – деді Мәулен Әшімбаев.
Жиында сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. Облыс басшысының айтуынша, 2024 жылдың қорытындысында облыстың жалпы өңірлік өнімі 3 триллион 236,8 миллиард теңгені құрап, 4,5 пайыздық өсімге қол жеткізілген. Ал 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында облыс экономикасында барлық негізгі салалар бойынша тұрақты өсім қалыптасып отыр.
– Өнеркәсіп өндірісі 22,9 пайызға, құрылыс саласы 34,8 пайызға артқан. Ауылшаруашылығында 1 пайыз, саудада 2,8 пайыз, көлік қызметінде 12,8 пайыз, ал байланыс саласында 8,5 пайыз өсім байқалған. Жалпы экономикалық өсім 16,8 пайызды құрады.
Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында да айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Биылғы 5 айда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 245,5 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 57,5 пайызға артқан. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 826,4 миллиард теңгеге жетеді деп жоспарлануда. 2029 жылға дейін құны 3,5 триллион теңге болатын 62 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар нәтижесінде 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Тек биылдың өзінде жалпы құны 608,4 миллиард теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге аспақ.
Ауызсумен қамтамасыз ету бағытында биыл және келесі жылы 15,4 миллиард теңгеге 36 ауыл мен 9 тұрғын алқапқа су жүйелері тартылмақ. Бұл жұмыстар нәтижесінде орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жетеді.
Газдандыру бойынша жалпы құны 16,7 миллиард теңге болатын 14 жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 35 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін олардың тоғызына газ беріледі. Осылайша өңір халқының газбен қамтылу көрсеткіші 91,8 пайызға жетеді деп күтілуде.
Жылу инфрақұрылымын жаңарту аясында Тараз қаласындағы М-1 және М-3 магистралдық желілерінің 5,9 шақырымы қайта жаңғыртылып жатыр. Қаратау мен Жаңатас қалаларында да жылу қазандықтары мен ішкі жүйелерге жөндеу жүргізілуде.
Жол жөндеу жұмыстарына 28,6 миллиард теңге бөлініп, 470 шақырымнан аса жол жөнделмек. Нәтижесінде облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 96 пайызға жетеді.
Облыста тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Жыл соңына дейін 44 көпқабатты үй (2030 пәтер) мемлекеттік қаржы есебінен, 19 үй (760 пәтер) жеке инвестиция арқылы салынады. Бұған қосымша 361 пәтер әлеуметтік осал топтарға беріледі. «Әулиеата жастары» бағдарламасы аясында 150 жас отбасы баспаналы болмақ.
Білім беру саласында 26 мектептің құрылысы жүруде. Олар 5,9 мың оқушыға арналған. Құрылыстарға 28,8 миллиард теңге, ал 14 мектептің күрделі жөндеуіне 9,5 миллиард теңге бөлінген. Жыл басынан бері 2 350 орындық 4 мектеп пайдалануға берілді.
Денсаулық сақтау саласында биыл 5 жаңа нысанның құрылысы және 5 нысанның күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жақында Қордай ауданында жаңа дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Бұл шаралар денсаулық сақтау инфрақұрылымының тозуын 42,3 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселе көтерілді.
Мәселен облыстық мәслихаттың депутаты Нұржан Әділов жайылымдық жерлердің орман қорына өтіп кеткенін, оларды мемлекеттік жер қорына қайтару арқылы тиімді пайдалану туралы ойын ортаға салды.
Ал облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзұбеков білім беру ұйымдарындағы ұжымдық шарттар негізінде берілген төлемдердің заңсыз деп танылып, қызметкерлерден кері қайтарылуы әлеуметтік наразылық туғызып отырғанын баяндады. Ол бұл мәселені заңнамалық деңгейде реттеуді ұсынды.
Академик Сейтхан Жошыбаев облыста халықаралық медициналық академия ашу және ауылдық жерде студенттер көмегімен орман-тоғай (экобақ) отырғызуға 120 гектар жер телімін бөлу туралы идеясымен бөлісті.
Сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаты Дауыл Бейсенқұлов ауыл кәсіпкерлеріне берілетін несиелердің мемлекет тарапынан субсидиялануы тоқтағанын, бұл мәселені республикалық деңгейде шешуге қолдау көрсетуді сұрады.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев барлық ұсыныстарды мұқият тыңдап, оларды тиісті мемлекеттік органдар деңгейінде қарауға ықпал ететінін мәлімдеді. Ол бұл көтерілген мәселелердің ел дамуына, халықтың әл-ауқатына тікелей әсері бар екенін және Сенаттың өңірлермен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастыратынын жеткізді.
Іссапар барысында Сенат Төрағасы дарынды және белсенді жастармен кездесті. Онда ел Президентінің бастамасымен іске асырылып жатқан жастарды қолдауға арналған ұлттық бағдарламалар мен заңнамалық шаралар әңгімеге арқау болды. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде жас буынның елді жаңғыртуда елеулі рөл атқаратынын айтып, қазіргі таңда жаңа көзқарастар, ғылыми ізденістер, тіл үйрену, заманауи цифрлық технологияларды зерделеу, жасампаз құндылықтар мен прогрессивті идеяларды сіңіру аса маңызды екеніне назар аударды.
– Біз қазір білім және ғылым заманында, инновациялық технологиялар мен тың жаңалықтар дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Осы кезеңде елімізде өзін-өзі дамытуға, жаңа дағдыларды меңгеруге, қабілетті шыңдауға, білім көкжиегін кеңейтуге, оның ішінде онлайн оқуға барлық жағдай жасалған. Мұндай мүмкіндікті құр жібермеу керек. Сондай-ақ жеке тұлға ретінде қалыптасудың тағы бір маңызды тетігі – дұрыс құндылықтарды бойға сіңіру. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы осындай қағидаттарға табан тірейді. Сондықтан, ең алдымен, материалдық емес, интеллектуалдық капитал жинауға күш жұмсап, үздіксіз білім алуды әдетке айналдыру қажет, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы Палатаның жастарды қолдау бағытындағы жұмыстары жөнінде де айтып өтті. Бұл ретте жас белсенді азаматтарды мемлекеттік басқару саласына тартудың және тиісті жобалар мен заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы олардың әлеуетін арттырудың маңызы зор екені анық. Кездесуде Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен «Талдау мектебі» сияқты қоғамдық жобалар осы мақсатты көздейтіні айтылды.
Сонымен бірге Палата Спикері облыстық әлеуметтік оңалту орталығына барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда 18 жастан асқан бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға және қарттығына байланысты өзіне қызмет көрсете алмайтын жандарға тиісті жағдай жасалған.
Облысқа сапар барысында Сенат депутаттары Байзақ ауданында орналасқан «Мейірім» балабақшасына да барды. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру аясында жабдықталған нысан 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде аталған балабақшаға ауылдағы 125 бала барады.
Сенаторлар «JS GLASS» шыны зауытының және ауылшаруашылығына арналған фторсыздандырылған фосфат өндіретін «Минералды тыңайтқыштар» кәсіпорнының ұжымымен де кездесті.
Айжан ӨЗБЕКОВА