Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«STARTPROFI-ZHAMBYL» – кәсіби бағдар берудің жаңа тәсілі

«STARTPROFI-ZHAMBYL» – кәсіби бағдар берудің жаңа тәсілі
Автор
Осы жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, елдегі кәсіптік білім мен еңбекке баулудың маңыздылығы ерекше айқындала түсті. Осы ретте жастардың мамандық таңдауда қателеспеуіне, өз қабілеті мен қызығушылығына сай дұрыс бағыт алуына жағдай жасау – уақыт талабы.

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі осынау қажеттілікті ескеріп, тың жобаны іске қосты. «STARTPROFI-ZHAMBYL» деп аталатын кәсіби бағдар беру алаңы – облыс жастары үшін жаңа мүмкіндік, нақты бағыт, маңызды таңдау алаңы болмақ.

Колледж директоры Саят Есеевтің айтуынша, бұл орталық – жай ғана ақпарат беретін кеңсе емес, нақты іс жүзінде жұмыс істейтін, тәжірибе мен түсінікке негізделген кәсіби бағыт ұсынатын платформа.

– Жасөспірімдер мен түлектердің ішкі бейімін анықтап, еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандыққа жетелейтін бұл бастама – еліміздің кәсіби болашағына салынған іргетас десек артық емес. Мұнда мектеп оқушылары мен колледж студенттері үшін түрлі бағыттағы іс-шаралар, шеберлік сабақтары, өндірістік саяхаттар ұйымдастырылады. Олар нақты кәсіп түрлерімен танысып қана қоймай, өздерін сол мамандық иесі ретінде елестетіп көруге де мүмкіндік алады. Мұндай тәжірибе – мамандық таңдау кезінде шешуші рөл атқарады. Жобаның ерекшелігі – жастарға мамандықтар туралы жалпылама емес, нақты және өмірмен байланыстырылған форматта мағлұмат беруі. Олардың қызығушылығы мен қабілеттерін арнайы тесттер арқылы анықтап, сәйкес бағыттарға жол сілтейді. Білім алушылар үшін «Кәсіптер әлеміне саяхат» жобасы ұйымдастырылып, түрлі мамандықтар жайлы бейнероликтер мен экскурсиялар ұсынылады. Ал «Менторлық сессиялар» барысында жастар өз ісінде табысқа жеткен азаматтармен тікелей жүздесіп, олардың еңбек жолынан тағылым алады. Бұл – жас адамның ойына түрткі, жүрегіне от беретін тың тәсіл, – дейді Саят Керімбекұлы.

Сондай-ақ алаң жұмысы аясында өндіріс орындарына экскурсиялар ұйымдастырылып, балалар нақты еңбек процесін көзімен көріп, сұрақтарын қойып, таңдауына сенімділікпен қарайды. Практикалық шеберлік сабақтарда олар белгілі бір кәсіпке қатысты машықтарды өз қолымен байқап көреді. Оқу орындарының таныстырылымы арқылы болашақ білім ордасын алдын ала бағамдауға мүмкіндік туады. Бұл жүйе оқушылардың тек бір күндік әсерге емес, ұзақ мерзімді ой-түйінге келуіне ықпал етеді.

Жоба аясында ата-аналармен де бірлескен жұмыс жүргізіледі. Себебі кәсіби бағдар беруде отбасының рөлі орасан. Жасөспірімге жол көрсетіп, қолдау білдіретін ата-ананың көзқарасы баланың сенімді таңдау жасауына негіз болады. Ата-аналар үшін кеңес беру, бағыт сілтеу, қазіргі заман мамандықтары туралы ашық пікірлесу – жобаның басты тетіктерінің бірі.

«STARTPROFI-ZHAMBYL» кәсіби бағдар беру алаңының ашылу салтанаты да жоғары деңгейде өтті. Іс-шараға еңбек нарығы мен кәсіпкерлік саласының беделді мамандары қатысты. Атап айтқанда, облыстық кәсіпкерлер палатасының бас маманы Мая Оспановна, «Би-Дәулет» ЖШС директоры Туғанай Жалмұратқызы және «Рысбаев и Ко» ЖШС директорының орынбасары Қайрат Темірғалиұлы өз тәжірибелерімен бөлісіп, бүгінгі жастарға нақты бағыттар беріп, еңбек нарығының қажеттілігі мен болашағы туралы ой қозғады. Бұл кездесу – жастарға тек мотивация емес, болашаққа сенім ұялатқан ерекше басқосу болды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар