Қайтарылған активтер есебінен тағы бір нысан пайдалануға берілді
- author AR-AY
- 2 шілде, 2025
- 22

Елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы негізгі мақсаттардың бірі. Бұл істі аяғына дейін жеткізуде кейінгі кезде қайтарылған активтердің де ықпалы июде. Мәселен Жамбыл ауданының орталығынан шалғайда жатқан шағын елді мекеннің бірі – Жаңаөткел ауылы. Осы елді мекен тұрғындары қайтарылған активтер есебінен сапалы ауызсуға қол жеткізіп отыр. Бұған дейін ол елді мекен тұрғындары жерасты суын пайдаланып келген еді.
Жуырда Жаңаөткел ауылында қайтарылған активтер қаражаты есебінен құрылысы жүргізілген ауызсу жүйесі салтанатты түрде іске қосылды.
Нысанның ашылу салтанатында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров пен аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы тұрғындардың қуанышын бөлісіп, құттықтау сөз сөйледі.
– Ел Президентінің бастамасымен қайтарылған активтер есебінен өңірде әлеуметтік инфрақұрылым жаңғыртылып, тұрғындар игілігіне қызмет ететін бірқатар нысан салынуда. Солардың бірі – бүгінгі ауызсу жүйесі. Көптен күткен бұл жобаның іске асуы – халықтың өмір сапасын арттыру жолындағы нақты қадам, – деді құттықтау сөзінде Нұрғалым Әбдіров.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы Жаңаөткел ауылынан бөлек, ауданға қарасты Жұма, Өрнек ауылдарын да ауызсумен қамту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, жыл соңына дейін өңір толық ауызсумен қамтылатынын атап өтті.
Аядай ауыл мемлекет назарынан тыс қалмағанын айтқан ауыл ақсақалы Кендебай Оңғарбаев осы істің басы-қасында жүргендерге тұрғындар атынан алғыс білдірді.
– Бұл күнді қаншама жыл күттік. Жерасты құдығымыз қыс мезгілінде қатып қалып, талай әбігерге түсірсе, ал сол судың сапасы қандай екені айтпасақта түсінікті. Сондықтан бұл біз үшін тек қуаныш қана емес, тарихи сәт. Ауыл азаматтарын осы қуанышты күнмен құттықтаймын, – деді қария өз сөзінде.
Айта кету керек, ауызсу жүйесінің құрылысына мемлекеттен 379 миллион 236 мың теңге қаржы қаралған. Құрылысты «Пырақ - Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып, бүгінде 75 үйдің ауласына ауызсу құбыры тартылып отыр.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
Жамбыл ауданы