
Турнир барысында бұқара мен биліктің арасында алтын көпір болып жүрген БАҚ өкілдері аяқдоптан да алыс емес екендігін көрсетті. Жамбыл ауданы жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Тоқсабаның тікелей бастамасымен ұйымдастырылған жарысқа 4 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
– Өзекті мәселелерді көтеріп, оң шешімін табуына ұйытқы болып, жағымды жаңалықтардың жаршысы болып жүрген журналистер қауымына айтар алғысымыз шексіз. «Жантақ жеп, алтын арқалаған» ақпарат саласының өкілдері қай кезде де ақиқат пен шындық жолында тер төгуге әзір. Бүгінгі турнирдің ұйымдастырылуы өздеріңізге деген құрметіміздің бір көрінісі. Ал іс-шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын дәріптеп, бірлік пен достықты нығайту. Сол себепті барлықтарыңызға сәттілік тілей отырып, шын мықты жеңіске жетсін дегім келеді, – деді Жамбыл аудандық әкімдігі жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Бақытжан Киікбаев.
Жарыс жолына «Aulieata-media», «Jambyl», «Сопкор» және «ШТК» командалары шығып, өзара бақ сынасты. Турнир айналмалы жүйе бойынша өтіп, ұпай саны бойынша жеңімпаздар анықталды.
БАҚ өкілдері әдемі ойын өрнегін көрсетіп, көрермендерге керемет көңіл күй сыйлады. Тартысқа толы ойынның куәсі болған жанкүйерлер де қатысушыларға қолдауларын аянып қалмады.
Турнирдің қорытындысы бойынша бірінші орынды «Jambyl» командасы жеңіп алды. Ал «Aulieata-media» командасы жүлделі екінші орынға жайғасты. Үшінші орынды республикалық телеарналардың журналистерінен, операторларынан жасақталған «Сопкор» командасы иеленді. Сонымен қатар бірқатар ойыншы арнайы номинациялармен марапатталды. Атап өтер болсақ, Нұрадин Рақай «Ең үздік қақпашы», Нұржан Туғанбай «Ең үздік ойыншы» номинациясына лайық деп танылды.
Жеңімпаздар мен үздік ойыншыларға арнайы кубок пен алғыс хат және қаржылай сыйлықтар табысталды.
Командалар турнирді ұйымдастырушыларға және жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдіріп, демеушілік жасаған азаматтарға үлкен алғыстарын білдірді.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ