Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Режиссер – телеарнаның шамшырағы

Режиссер – телеарнаның шамшырағы
Автор
Режиссердің еңбегі көрерменнің көзінен тасада қалып жататыны белгілі. Мереке қарсаңында мәлім де беймәлім мамандықтың қыр-сырын оқырманға таныстыру мақсатында «Мамандығымызды өзгертеміз» айдары аясында облыстық «Jambyl» телеарнасына арнайы ат басын бұрып, бір күнімізді режиссура ісіне арнаған едік.

Облыстық телеарнаның бас режиссері Ұлдана Смайловаға жолыққанымызда ол сөзге келмей қасына ілестіріп алып, бүкіл телеарна ішін аралатты. Кімнің қандай қызмет атқаратынын қолмен қойғандай тәптіштеп айтып берді. Режиссерлер отыратын бөлмеге бас сұққанымызда ол жерден қаптаған мониторлар мен басқару пультін көрдік. Пульттің үстінде жүздеген тетік пен батырма орналасқан екен. Режиссерлер бірнеше камерадан өзіне керегін таңдап, графикасын енгізу, дыбысын реттеу, жарнама не бейнесюжеттерді эфирге шығару секілді жұмыстармен айналысып жатты. Тізілген мониторлардың әрқайсысы әртүрлі кадрларды көрсетіп тұр. Бірақ барлық экранның мақсаты біреу ғана. Ол – қате жібермеу. Көрерменге ұсынылғалы тұрған бағдарламаны режиссер осы жерде бақылайды.

Бағдарлама барысында, яғни хабар жүріп жатқанда әлдекім шалт бұрылып, өрескел сөз айтып, тіпті журналистің немесе шақырылған қонақтың киімінің жағасы қисық тұрып қалса да режиссер кінәлі болып шығады. Сол себепті титрдағы жазулардан бастап, қатысушылардың әр сөзіне құлақ түріп, үстіндегі киіміне дейін мән беріп, отырысын байқап, байыптап, оқыс қимылының өзін қалт жібермей қадағалауды қолға алуы бұл қызметтің ең үлкен міндеті.

Осындай үлкен жауапкершілік жүктелгеннен кейін режиссер түйсігі алдамайтын байқампаз, ештеңені қалт жібермейтін қырағы, жазудан қате түсірмейтін сауатты һәм ойға жүйрік болғаны абзал. Өйткені ол телеарнадағы бүкіл хабардың етек-жеңі жинақы, бүтін болып шығуына жауапты адам. Оның үстіне ол пәрмен бермей, тікелей эфир басталмайды да. Ал эфирде кеткен қателік ешқашан кешірілмейді. Ең өкініштісі бүкіл болмысыңмен бірнеше сағат бойы міз бақпай бақылаған бағдарлама барысында болмашы ғана қателік кетсе, тағы да режиссер кінәлі болып шығады.

– Дыбыс режиссері дауыстың шыққанын бақылайды. Монтажердің міндеті – хабардың дұрыс қиылып, салынғанын, видеолардың сәтті үйлесуін қадағалау. Ал режиссер осының бәріне жауап береді. Сондықтан біз бәрін басқарып жүрген айқайшымыз. Режиссер бұйрық бергенде ғана студияға жарық беріліп, оператор камерасын қолға алады. Журналист жұмысына кіріседі. Бір тікелей эфирдің өзінде кем дегенде 10 адамға пәрмен беріп, жұмысын үйлестіру – осы мамандық иесіне жүктелген міндет. Егер режиссер қателессе, бүкіл эфир бүлінеді. Осыдан-ақ, режиссердің телеарнадағы орнының қандай салмақты екенін білуге болады. Таң атып, «Қайырлы таң» бағдарламасымен бірге телеарнаға кіріп, бүкіл есік жабылғанша бақылап жүруге міндетті қызметкер режиссер болғандықтан хабар жақсы өтсе, атың алтын әріппен аталады. Алайда камера сәл қисық тұрып қалса немесе әлдекімнің киімі дұрыс болмай қалса «Режиссеры кім еді?» деген желеумен жауапқа тартыласың. Кейде қателік жіберген журналистке айқайлап жібересің. Ол халықпен бетпе-бет шығып отырған соң көңіл күйі түсіп кетеді де хабарды ойдағыдай жүргізе алмай қалады. Сен оған қалай айқай салсаң, дәл солай басшылықтан ұрыс естисің. Жуырда бір хабарға 17 домбырашы келіпті. Абдырап қалдық. Алайда уақыт тапшы еді. Жылдам отырғызып үлгердік. Әп-сәтте әр қатысушы өз орнын тауып отыра қалғанына, үйлесімді шыға келгеніне шын қуанып, хабар басталарда құстай ұшып монтаж бөлмесіне жүгіре жөнелдім. Алайда сүрініп кетіп, құлап түстім. Ол сәтте хабар барысында бәрі үйлесіп кеткеніне қуанғаным сондай, жақсы көңіл күймен атып тұрып, ары қарай жұмысымды істеп кете бардым. Ет қызумен ештеңе байқалмады. Алайда хабарды түсіріп болған соң, аяғым ісе бастады. Сөйтсем қайырылған аяқты қатты ауыртып алыппын. Оны жұмыс біткенде ғана сезіне бастадым. Ауыруға уақыт та жоқ, сылтып басып жүріп жұмысымды жалғастырдым. Екі апта дегенде ауырғаны әрең басылды. Жұмыс барысында ауыруға, шаршап-шалдығуға, өзіңе қарауға уақыт жоқ. Оны тіпті ұмытып кетесің. Бар ойың жұмыста болады. Эфирдің арғы жағында көзі қарақты, патша көңілді көрермен отыр. Режиссердің бір қателігі бүкіл телеарнаның абыройы болғандықтан, өзіңе жүктелген міндетті мүлтіксіз атқаруға тиіссің,– дейді Ұлдана Жүмитқызы.

Монтаж бөлмесіне аяқ бастық. Мұнда телеарнада 20 жылдан бері қызмет атқарып жүрген журналист Аягөз Құлманбеттің жетекшілігімен хабар монтаждалып жатыр екен. Режиссердің орнына отырып, хабардың монтаждалуын бақылауға кірістім. Диктордың оқыған мәтіні видео-картинаға сәйкес болуы, оған қандай текст жазылуы, оны нендей видеолармен қосымша әрлеу керектігін қадағаладым.

«Біткен іске сыншы көп» болғандықтан, болмашы бір қателігің ертең бетіңе басылмас үшін бүгін монтаждалып жатқан хабардың әр секунд, минутына дейін қалт жібермейсің. Осылайша режиссер жұмысының қандай қызық, алайда ауыр екендігін ұқтым. Бұл саланың маманына демалуға мұрша жоқтығын түсіндім. Себебі режиссер қалт жіберген бір минут – білдей бір телеарнаның тағдырын шешіп жіберуі мүмкін.

– Телеарнаның бүкіл қызметкері жабылып жасаған дүниені режиссер бір өзі атқарады. Ол адам болмысын ашып, видеоның сапасын жақсартып, журналистің көңілін аулап, бәрін үйлестіруші ретіндегі ең қажет адам. Телеарнаның ең басты кейіпкері де сол. «Кез келген жақсы шыққан хабарды көргенде режиссері кім екен?» деп сұрап, мерейін тасытқың келеді. Ал керісінше әлдебір қателігі басым бағдарламаны көрсең тағы да режиссерін сұрайсың. Ол хабардың нашар шығуына да режиссерді кінәлайсың. Телеарнаның барлық игілігі мен ізгілігін арқалап жүрген режиссерлардың көтерген жүгі қашан да жеңіл болған емес. Сондықтан бұл ең жауапкершілігі мол, қиындығы мен қызығы қатар өрілген ерекше маман болғандықтан барлық құрметке лайық. Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатыны сияқты, бәріміз жұмыла жүріп бір телеарнаның жүгін арқалап жүрміз, – дейді Аягөз Тілеуханқызы.

Эфирге жол тартқан әр жаңалық пен хабарда аймақ тынысы мен сан саланың қыруар жұмысы қамтылып жүр. Мәдениет пен әдебиет, білім, ел ертеңі болған жастардың шығармашылығы, ауыл тіршілігі, мемлекеттік бағадарламалардың орындалуы, шалғайдағы шаруаның тынысы, бәрі-бәрі телеарна эфирінде. Ал оның тізгіні режиссерде. Ендеше, әр хабардың шамшырағына айналған маман иесіне шырағыңыз сөнбесін дегіміз келеді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар