
Мұның себебіне үңілсек, тәжірибеден өтіп жүрген болашақ журналистердің бірі медиа салаға кездейсоқ тап болса, енді бірі журналист болуға қызыққанымен, жазуға келгенде дарыны мен талабы жетпей жатады. Ал енді бірі сабақтан кейін қосымша жұмыс істейтіндіктен тәжірибеден өту мәселесін екінші орынға ысырып тастайды. Тіпті кейбірі мақаланы жасанды интеллектке жаздырып, сол күйі өткізетінін қайтерсің?! Әсілінде тілшілік жолдың ыстық-суығын аз да болса сезініп, журналистиканың қандай болатынын бастан өткерген, жауапкершілігі жоғары студенттен ғана болашақта мықты журналист шығады. Біздің ойымыз бүгінгідей сараптамалық, талдамалық материал жазатын, оқырманға тұшымды дүние ұсынатын журналистер қатары сиреп бара жатқан уақытта жастар жақсылыққа ұмтылса екен деген тілек. Әйтпесе ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүруге әлден әуес болу әбиір әпермейді. Көпке топырақ шашуға болмас, дегенмен осындай мәселенің бары рас.
Журналистика мамандығына оқуға түскен студенттердің барлығы бірдей бұл салаға өз қалауымен таңдау жасамайтынын М.Х.Дулати атындағы Тараз университетіне жыл сайын 60-70 студент қабылданып, алайда оның тең жартысына жуығы ғана қолына «журналист» деген диплом алатынынан-ақ аңғаруға болады. Демек, бұл журналистиканы кездейсоқ таңдағандардың жартысы төрт жыл ішінде басқа мамандыққа ауысады деген сөз. Бұған кейбір жастардың жаны сүйетін мамандығына оқуға түсуге талпынып, ҰБТ-дан қажетті баллды жинай алмай қалған соң соңғы мүмкіндік ретінде журналистикаға уақытша бет бұратыны дәлел. Себебі бұл салада шығармашылық емтихан мен әңгімелесуден сүрінбей өткендерге жол ашық. Алайда дәл осындай жолмен мамандық таңдағандар арасында журналистиканың жүгін көтеруге жан-тәнін салып жүргендер де бар екен. Соның бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Конвергентті журналистика» мамандығы бойынша білім алып жатқан 4-курс студенті Снежана Алжеева.
– Меркі ауданында туып-өстім. Ұлтым – орыс. Расында өзім қатарлас жастардың кейбірі тәжірибеден өтуге, қоғамдық іс-шараларға қатысуға құлықсыз. Себебі олар жұмыс істеп, нәпақа табудың амалын жасауға бейім тұрады. Еңбек етіп, табыс тапқан жақсы ғой, бірақ адам жауапкершіліктен жалтармауы қажет. Шынымды айтсам, журналистикаға қызығушылығым оқуға түскен соң 1 айдан кейін пайда болды. Өйткені оқуға түспес бұрын мен сан түрлі салаларды зерттедім. Өзімнің қалаған мамандығыма түсу үшін ҰБТ-дан сәл ғана балл жетпегендіктен шығармашылық емтихан тапсырып, журналистикаға түсіп көрейін деп шештім. Тіпті келесі семестрде қалаған мамандығыма ауысып кетемін деп те ойладым. Бірақ журналистика мамандығына түскен соң камера алдында сөйлеуді, көпшіліктің алдында презентация қорғауды және ең бастысы мақала жазуды үйрендім. Мақала жазып, ол оқу орнының газетінде жарық көргенде қатты қуанып «Бұл менің бағытым» деп нақты сенімді болдым. Сол сәт менің бағытымды анықтап берді десек те болады.
Болашақта қоғамға пайдасы тиетін, елдің үмітін оятатын материалдар жазғым келеді. Идея да, мазмұн да адамның өз санасында пісіп-жетілуі тиіс, – деді ол.
Айтуынша, Снежананы осы жылы облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Есет Досалы тәжірибеден өткізген екен. Сол себепті әріптесіміздің де пікірін тыңдауды жөн көрдік.
– Снежананың ынтасы мен көп еңбектенетіні ұнады. Жазуға құмар, ерінбейді. Бұл – ізденістің белгісі деп бағалауға болады. Өзі орыс этносының өкілі болса да тілі жатық. Жастар, ұлттық дәстүр төңірегінде біраз мәселені көтергісі келді. Әсіресе айтқан ақылыма құлақ асып, үдеден шығуға тырысқаны, мақаласы оқылымды болуы үшін барын салатыны ұнады. Сондықтан да оның беталысы жаман емес деп айта аламын. Алайда әлеуметтік желінің көмегін көбірек пайдалана ма деген ой да болды. Дегенмен осы қалпынан танбай еңбектеніп, ізденіп, өзін-өзі дамыта берсе, болашақта одан жақсы журналист шығады деп ойлаймын, – деді Есет Жаңабайұлы.
Студенттің барлығы адасып келсе де адалдық танытып жүрген Снежана емес. Біз сондықтан болашақ журналистерді дайындаумен айналысатын М.Х.Дулати атындағы Тараз университетіне барып, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зәуре Сағыбаймен тілдестік.
– Журналистика факультеті 2000 жылы ашылған. Сол уақыттан бері білім ордасында болашақ қаламгерлерді дайындау ісі үздіксіз жалғасып келеді. Факультеттің негізін қалап, ашылуына тікелей мұрындық болған – белгілі ғалым, қазақ руханиятының жанашыры, марқұм Мекемтас Мырзахметұлы. Журналистика факультеті сол кісінің идеясының жемісі. Ширек ғасыр ішінде факультет өңірлік журналистиканың нағыз мектебіне айналды. Облыстық, аудандық басылымдар мен телеарналарға кадр дайындау ісі жолға қойылып, саладағы маман тапшылығы мәселесі шешімін тапты. Бүгінде түлектер мен ұстаздар арасындағы сабақтастық үзілмей, жүйелі дәстүр қалыптасты. Жалпы жыл сайын бұл мамандықты отызға жуық студент бітіріп шықса, соның 80 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Биыл да журналистика факультетін 29 түлек аяқтап отыр. Бір айта кетерлігі, кейінгі жылдары облыстағы басылымдардан жұмыс орны ұсынылғанымен, өзіне сенімді студенттердің еңбекақыны азсынып, барғысы келмейтіні байқалуда. Десе де барлық курсты қосқанда студенттеріміздің 30 пайызы қаладағы басылымдар мен телеарна, сайттарда жарты жүктемемен, ал жиырма бес жыл ішінде осы факультеттен түлеп ұшқандардың 70 пайызы облыстық, аудандық газеттер мен телеарналарда жемісті еңбек етіп жүр, – деген Зәуре Дидайқызы оқу орнында өз бетінше ізденіп, мақала жазуда белсенділік танытып жүрген студенттер көп екенін айтады.
Мысалы, Әсем Асылбек, Алмат Әбиров, Аружан Сұлтанова, сондай-ақ 2-курс студенті Назира Нұрман секілді өзге де бірқатар студент шығармашылық қабілеті бар, жауапкершілігі жоғары жастардың қатарында екен.
– Қазіргі заманның журналисі ең алдымен сауатты болуы тиіс. Уақытпен жарысып жұмыс істейтін бұл мамандық иесіне шапшаңдық, шынайылық және ақпаратты дұрыс жеткізе білу қабілеті ауадай қажет. Бұл – уақыт талабы. Біз студенттердің санасына осыны мықтап сіңіреміз. Журналистика факультетінің студенттері алғашқы оқу тәжірибесінен 1-курстан бастап өтеді. Бұл кезеңде біз әдетте, студенттерді аудандық газеттерге жіберуге тырысамыз. Себебі аудандық басылымдар жас журналисттердің талабын ұштап, шыңдайтын таптырмас ұстахана рөлін атқарады. Онда редакцияның тыныс-тіршілігінен бастап, нақты тақырыпта мақала жазуға дейінгі барлық жұмысқа араласады. Аудандық газеттен тәжірибеден өткен студент ертеңгі күні еш қиналмайды. Ол өз саласын терең түсініп, шығармашылыққа бейімделіп шығады. Сонымен қатар тележурналистикаға қызығушылық танытатын студенттер де бар. Олар өздерінің қалауы бойынша жергілікті телеарналарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Дегенмен, бұл бағытқа бейімі, дикторлық қабілеті бар, камера алдында еркін сөйлей алатын, қазіргі журналистика талаптарына сай келетін студенттер ғана жіберіледі. 2-курс студенттері оқу ордасының өз ішіндегі медиа орталықта тәжірибеден өтеді. Бұл орталықта «Университет тынысы» газеті мен «Жастар» телестудиясы жұмыс істейді. Жас қаламгерлер алғашқы мақаласын осы басылымға ұсынып, алғашқы бейнематериалын дәл осы студияда дайындайды. Ал 3-4-курс студенттері облыстағы мерзімді басылымдарда, телеарналарда және түрлі ақпараттық порталдарда тәжірибеден өтеді. Студенттеріміздің сапалы білім алып, білікті маман болып қалыптасуы жолында тәжірибелі оқытушылар аянбай еңбек етуде. Атап айтқанда, аға оқытушы Бақытжан Мақашев, Зәуреш Құргелдиева, Темірбай Мұқаш секілді басқа да ұстаздар журналистика факультетінің мақтанышына айналған мамандар. Болашақ тілшілер осы азаматтардан тәлім алып, кәсіби шеберліктің қыр-сырына қанығып келеді, – деді Зәуре Сағыбай.
Болашағын журналистикамен байланыстырған студент тек тәжірибеден өткен кезде ғана емес, қоғамдағы өзекті тақырыптарды көтеріп, оны редакцияларға ұсынып отырғаны жөн. Қолы қалт еткенде редакцияға келіп, тапсырма алып кетсе де болады. Біз өз кезегімізде болашақта ізімізді басатын жастарға білгенімізді үйретуден қашпаймыз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ